Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарихымыздың өткені – болашағымыздың өткелі - АРҚА АЖАРЫ

Тарихымыздың өткені – болашағымыздың өткелі

Өткенге зерделі ой жіберіп, ұлттық құндылықтарымызды танып-білуде бүгінгі және болашақтағы істерімізге ерекше серпін берген

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру тұрғысында Ақмола облысында да қолға алынып, өз жемісін беріп жатқан іргелі жұмыстар аз емес. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Байқал Байәділге берген сұхбатында кеңінен қамтылып айтылады. Біз бүгін аға басылымда жарық көрген осы әңгімені «Арқа ажары» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

– Ермек Боранбайұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері облыста қыруар шаруаның атқарылып жатқандығын көріп жүрміз. Осы ауқымы мол жұмысты таратып айтсаңыз.
– Ең алдымен бағдарламалық мақалада ұлтымыздың өткені мен бүгіні қамтылып отырғандығын айта кетуге тиістіміз. Бұл – өте құнды құжат. Ұлт болып ұйысудың алтын қазығы, баянды болашақтың адас-
тырмас бағыты. Барлық қазақстандықтарды ізгі мақсат, асқаралы мұрат төңірегінде топтастырып, келер күндердің көкжиегіне жетелейтін септігі бар екендігін сезініп отырғандығымыз шындық. Осы бағдарламалық мақала жарияланғаннан бері Ақмола облысында әртүрлі форматтағы 7 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Үлкенді-кішілі іс-шаралардың ішкі маңызы, мазмұндық қуаты замандастарымыздың рухани жаңғыруына бағытталды. Сондықтан мұндай іс-шаралардан нәр, тағылым алатындар саны көп болуға тиісті.
Жоғарыда атап өткен іс-шараларға 2 миллионнан астам Ақмола облысының тұрғындары қатысты. Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында ұзын-ырғасы 500 мың адамды қамтыған 4000-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Осыншама қыруар жұмысты атқару үшін қаржының да керек екені белгілі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін екі жарым жылдың ішінде 15,1 миллиард теңге жұмсалды. Осы бағдарлама аясында өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жатыр. Замандастарымыз туған жерінің қадір-қасиетін ұғынуда.
– Туған жер демекші, бағдарлама аясындағы «Туған жер» жобасы шеңберінде қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– 2019 жылы 69 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру межеленуде. Жыл басынан бері 28 әлеуметтік бастама іске асырылды. Таратып айтатын болсақ, оның ішінде көптеген әлеуметтік нысанның құрылысы қолға алынды. Ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта тартылған қаражат көлемі 398,4 миллиард теңгені құрайды. Жыл соңына дейін екі тұрғын үй құрылысын және 15 спорт алаңын, 8 мәдениет ошағын салу көзделуде. Оған қоса 23 әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Үстіміздегі жылы облыс кәсіпкерлері әлеуметтік жағынан аз қамтылған 31 отбасына 93 миллион теңгеге тұрғын үйлер сатып әперді. Бұл – өнегесі өте көп, игілікті шаруа. Жанашыр жандар аз емес, олар төңіректегі қайсыбір олқылықтарға бейжай қарай алмайды. Осының өзі көңілді демдейтін көрініс деп айтуымыз керек. Қазіргі күні тұрақты түрде қайырымдылық жасап, қолғабыс көрсететін 69 ұйым мен 845 меценаттың басын біріктіріп отырған қайырымдылық базасы бар. Олар «Туған жер» жобасына атсалысып, өздерінің кіндік қаны тамған қасиетті топырақты мекендеп отырған жерлестерінің жағдайына шын ынтасымен көмектесуде. Қайырымдылық істері көпшіліктің назарынан қағыс қалмау үшін игілікті іс-шараларды ұдайы насихаттап отырамыз. Жас ұрпаққа жақсы мысал, әдемі өнеге болуы үшін.
Осы орайда сабақтасып жатқан игілікті істердің аз еместігін айта кетуге тиістіміз. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша қыруар жұмыс қолға алынуда. Бұл орайда үш аудан орталығы таңдап алынды. Аталған елді мекендердегі халықтың саны 21 114 адамды құрайды. Мысал үшін айта кететін болсақ, Астрахан ауылында – 6738, Аршалы кентінде – 6710, Зеренді ауылында 7666 адам тұрады. Астрахан мен Аршалы Екатеринбург – Алматы бағытындағы күре жолдың бойында қоныс тепсе, Зеренді ауылы туристік кластерді дамытуға серпін беретін көркем өңірге қазық қаққан. Міне, осы елді мекендерді дамыту бағытында жалпы құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба қарастырылып отыр.
Бөлінген қаржының 2,8 миллиарды республикалық бюджеттен болса, жергілікті бюджеттен 315 миллион теңге қарастырылған.
Оған қоса көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында – 10, әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында – 5, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы арнасында 4 жоба қарастырылып отыр. Осы жобалардың нәтижесінде 104 адам жұмыспен қамтылады. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалып, жұмыс басталып кетті. Ал 1,6 миллиард теңге қаржы құйылатын 11 жоба бойынша конкурс жарияланды. Маусым айында 233,3 миллион теңге игерілді. Оқырманға түсінікті болуы үшін бұл кезеңдегі жоспардың 253,3 миллион теңге екендігін, яғни, көзделген меже 92,1 пайыз атқарылғандығын айта кетуге болады. Шілде айында Зеренді ауылының көшелерін жөндеуге 106,7 миллион теңге қаражат жұмсалса, Аршалы ауылында да осы бағытта 77 миллион теңге игерілді. Аршалыдағы №2 мектепке 53,2 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл айтып отырғанымыз – «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша атқарылған жұмыстың бір парасы.
– Өнегенің өрісі тым әріде жатқандығын аңғарған абзал. Мәселен, Ақмола облысында киелі жерлер аз емес. Осы орайдағы арнайы жобаның шеңберінде атқарылып жатқан жұмыс ауқымын сабақтасақ, әңгіменің әлібі қалай өрілер еді?
– Киелі жерлер туралы толымды деректер жинақталды. Нәтижесінде Астрахан ауданындағы «Тоғыз әулие» нысанына жалпыұлттық маңыз берілді. Біржан сал ауданындағы Аңғал батыр жерленген жер, Сандықтау ауданындағы Шамай батырдың мәңгілік тыныс тапқан жері, сондай-ақ Жарқайың ауданындағы Қабыл батыр мазары аймақтық маңызы бар қасиетті жерлер тізімінде. Көрікті Көкшетау мен Қорғалжынға, ежелгі сыры қалың Ерейменге дейінгі кең көсілген дала соқпақты сырға тұнып тұр емес пе? Көне тарихтың көмбесін ақтарған адам небір ғажайып деректердің ортасында қалар еді. Олардың мәні де, маңызы да ерекше. Замандас-
тары айрықша құрмет тұтқан тұлғалар туралы тағылымды естеліктер де аз емес. Ендігі арада өз даламыздың мәртебесін биіктететін сол қасиетті тұлғалар туралы деректі уақыттың шымылдығынан аршып алып, кейінгі ұрпаққа жарқырата ұсынуымыз керек.
Өткенге қызығушылық, өз тарихын білмекке деген ынтықтық аз емес екен. Қазірдің өзінде бұл өңірлерге 15 мың туристің табаны тиді. Өткенді зерделеудің, тарихымызды таразылаудың арқасында Ақмола облысындағы 11 нысан ұлттық тізімге, 36 нысан аймақтық тізімге енгізілді. Осының өзінен-ақ біздің өлкеде қаншалықты рухани байлықтың бөгіп жатқанын аңғаруға болады. Барлық киелі жерге QR-коды орнатылып, жол бойы жөнге келтірілді. Барлық ауданда киелі жерлерді нұсқайтын, тұңғыш келген туристік топқа жөн сілтейтін ақпараттық тақталар орнатылған.
Біздің замандастарымыздың ішінде киелі жерлердің шын мәніндегі қасиетін ұғып, өз қамқорлығына алып отырғандар да бар. Бұл ниет сөзсіз қуантады. Мәселен, Зеренді ауданында кәсіпкер Борис Козлов Уәли ханның мазарын жөндеп, жұтындырып қойды. Мазарға баратын жол салынып, шақпа тастар төселді. Күн көзінен қуат алатын батарейдің арқасында жарық орнатылды. Қазір келушілер емін-еркін көтеріліп, жайлы орындықтарда демалып, киелі жердің қадір-қасиетімен танысуға мол мүмкіндік алып отыр. Козловтың ісі кісі қызығарлық. – Тағы да өткенге оралсақ. Ел аузындағы сақталып қалған аңыз-әңгімелерді жинау бір басқа, сондай-ақ әр төбесі мен белесі тарихи дәйек-дерекке тұнып жатқан өлкені зерделей зерттеу қазба жұмыстары арқылы жүзеге асады емес пе? Бұл орайда қандай іс тындырылуда?
– Дұрыс айтасыз, біздің дала нақты дерекке тұнып тұр. Тек соны жинап, ғылыми електен өткізіп, тәртіпке келтіруіміз керек. Әр жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылуда. Үстіміздегі жылы «Қазыналы қазба – ұлт құндылығы» жобасы шеңберінде Бурабай баурайындағы Жаңаталап елді мекенінің жанындағы тарихи орында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 1,5 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Сондай-ақ Зеренді ауданындағы Васильков ауылының маңында да дәл осындай жұмыстар қолға алынған. Қазба жұмыстары барысында сақ заманындағы екі жауынгердің мүрдесі мен қару-жарақтары табылды.
Облыста 2018 жылы алғашқылардың бірі болып «Әдеби өлкетану» жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 10,3 миллион теңге қаражат бөлінді. Құрамында филология ғылымдарының докторы, Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш, жазушы-журналист Жұмаш Кенебай, белгілі жазушы, әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаева бар топ облысымызда болып, материалдар жинады. Жобаның басталуы, мәні мен мұраты жайлы «Мәдениет», «Бірінші ұлттық сайт» порталдарында «Қаламгерлерді қанаттандырар жаңа жоба» тақырыбында ақпарат жарияланды.
Үстіміздегі жылы сал-серілер жайындағы қызғылықты деректерге толы жинақтар шығару жалғасты. Біржан салдың өмірі мен өнеріне арналған жинақ мың данамен жарық көрді. Оған 4,7 миллион теңге қаражат бөлінді.
– Ел рухын көтеретін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жас ұрпақты тәрбиелеу, әсіресе мектеп оқушыларын қамту өте маңызды. Бұл орайда облыста қолға алынған шаруалар бар ма?
– Әрине, мәні мен мазмұны айрықша бағдарлама бойынша білім беру саласы да қамтылған. Игі іске 560 жалпы білім беретін мектеп, 33 колледж, 57 қосымша білім беру ұйымдары, 4 оқу-әдістемелік орталық, 3 жоғары оқу орны атсалысуда. Облыстық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырып, жобаларды жүзеге асыруға 2019 жылы 54,089 миллион теңге қарастырылып отыр. Оның аудандық және қалалық деңгейдегі бөлігіне 39,6 миллион теңге бағытталады.
Үстіміздегі жылы 76 облыстық, 1444 аудандық және қалалық деңгейдегі іс-шаралар өткізу жоспарланған. Барлық жұмысты үйлестіріп жүргізу үшін «Рухани жаңғыру» кабинеттері ұйымдастырылып, жұмыс істей бастады. Сөз арасында мұндай кабинеттердің жоғары оқу орындарында, 21 білім ошағында, 17 колледжде жұмыс істейтіндігін айта кетсек артық болмас. Осы күнге дейін аталған кабинеттерде 60-тан астам мазмұны әртүрлі іс-шара өткізілді. Жас толқынның бойына ата-баба тарихының тағылымын сіңіріп, олардың таным көкжиегін кеңейту үшін ауқымды жұмыс үзбей жүргізілуде. Жас ұрпақ өткенін танып өссе ғана биікке шыға алады.
Біз қазір өткеннің өнегелі үрдісін бүгінгі талғаммен сабақтастырып, таным деңгейін байытуға бағыт алып отырмыз. «Бәсекеге қабілеттілік» бағытында 2018-2019 оқу жылында облыстың 560 білім ошағында тегін ІТ-сыныптары ашылды. Бұл сыныптарда оқыту үрдісінің жаңа заман талабында қаншалықты қажет екендігі әмбеге аян. 2018 жылдың маусым айында облыс орталығында «Кванториум» балалар технопаркі ұйымдастырылып, өз жұмысына 1 мыңнан астам баланы қамтып отыр. 2018 жылдың қыркүйек айында облыс орталығында мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беретін 900 орындық ІТ мектеп-лицейі ашылды. 2019 жылы Щучинск қаласында 800 орындық дәл осындай мектеп ашу жос-
парланып отыр. Мұның бәрі болашаққа қызмет ететін іс деп ұғамыз. Көкшетау қаласындағы жоғары колледж базасында ІТ-орталық ұйымдастырылды. Бұл орталық шығармашылық жастардың инновациялық орталығы десек те болады. Білім алушылар мен колледж түлектері қазірдің өзінде цифрлық технология бағытында біршама жетістікке жетіп үлгерді. Орталық жаңа заманғы жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Осындай атап айтуға тұрарлық игі шаруалардың қатарында облыс орталығындағы «Роботрек» клубының жұмысы да бар. Бұл клубқа 5-тен 18 жасқа дейінгі 180 бала барады. Оқу үрдісі кезінде ең озық технологияларды игеруде. Біз болашақ жастардың қолында дейміз. Олай болса, жас ұрпақты жаңа заманның қажеттіліктерімен қамтамасыз ету парыз. Облыс оқушылары әр жыл сайын «World Robot Olimpiad-2018», «Kazakhstan Robotics», «Challenge Roboland Kazakhstan-2018» республикалық, халықаралық байқауларына қатысып, жүлде алып жүр. Біз жас ұрпақтың кемел білім алуымен бірге, келісті тәрбиесіне де назар аударамыз.
– Айтпақшы, тәрбие демекші, туған жердің тағылымын сүзгіден өткізіп, жас ұрпақтың бойына сіңіру мәселесі туралы таратып айта кетсеңіз жақсы болар еді.
– Әр жас өз тамырының байланған жерінің бағасын білуі керек. Осы орайда өлкетану жұмыстарына барынша мән берілуде. Облыстың Жақсы, Зеренді, Астрахан аудандарында балалардың археологиялық үйірмелері нәтижелі жұмыс істеуде. 300-ге жуық үйірме мен клубқа 2 мыңнан астам мектеп оқушысы тартылған. Олар тыңғылықты зерттеу жұмыстарымен айналысып, туған өлкелерінің тарихын зерттеуде. 250-ден астам ғылыми жоба жазып, облыстық, республикалық байқауларға қатысты. Бұл жұмысты әлі де жалғастыра беретін боламыз.
Осындай ізденістің нәтижесінде Бурабай ауданы туралы хрестоматия да жарық көрді. Жинаққа мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары топтастырылған. Жазғы демалыс кезінде «Звездный» балаларды сауықтыру орталығының базасында әртүрлі байқаулар өткізіледі. Дәл осы жерде «Жас өлкетанушылар» академиясының көшпелі сессиясы өткізіліп, оған жас тарихшылар, өлкетанушылар, экологтар қатыстырылды. Осының барлығы – жас ұрпақтың өткеннен сабақ алып, адал да арлы болып өсуіне септігін тигізетін дүниелер.
– Адалдық дегенімізде өткеннің ғана емес, бүгіннің де тәуір мысалдары бар. Мәселен, соңғы кезде ұйымдастырылып жатқан сатушысы жоқ дүкендер туралы айта кетсеңіз.
– Мұндай адалдық дүкендері облыстың 33 колледжінде ұйымдастырылған. Студенттер мен жас педагогтар адалдық тәрбиесіне айрықша мән беріп отыр. Жастардың бойындағы ізгі де ізетті сезімдердің қалыптасуына облыста жұмыс істейтін 80-нен астам отбасылық клубтың ықпалын да айта кетуге болар. Әсіресе, Атбасар және Бурабай аудандарындағы әкелер клубының белсенді жұмысы атап айтуға тұрарлық.
Жас ұрпақ тәрбиелеуде өнер мен мәдениеттің де ықпалы зор екендігі белгілі. Бұл орайда біздің өңірдегі театрлар мен мәдениет мекемелерінің бүгінгі күн талабына сай жұмыс істеп жатқандығын айта кетуіміз керек. Облыстық орыс драма театры Татарстанда өткен халықаралық театрлар фестивалінде жүлделі орынға ие болды. Қабардин-Балқар Республикасының астанасы Нальчик қаласында өткен екінші халықаралық конкурста «Көкшетау» халық би ансамблі жақсы қырынан танылды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық балалар мен жасөспірімдердің «Бала Шабыт» жобасына қатысқан «Он алты қыз» би ансамблі жоғары бағаға ие болды.
Мұндай мысалдар көп-ақ. Облыс әкімдігі мәдениет ошақтарын үнемі қамқорлығына алып, жанашырлық жасап келеді. Өйткені өңірдің өңін кіргізетін өнер екендігі даусыз. Болашаққа бағдар алып отырған осындай іргелі істеріміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Байқал БАЙӘДІЛ.
Көкшетау.
(22 тамыз 2019 жыл, «Egemen Qazaqstan»).

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар