Аудан орталығының Әділхан Шабатов атындағы орталық алаңында тұңғыш рет «Ұлы дала мәдениетіндегі құстар символизмі» атты халықаралық байқау-фестивалі болып өтті.
Өнегесі өрісті фестивальді Елбасы қоры мен Қорғалжын экологиялық обсерваториясы мекемесі ұйымдастырып отыр. Бағдарламасы да кеңінен қамтылған. Жастарға аса қажетті тақырыптар төңірегінде тренингтер, шеберлік кластары, акциялар, спорт жарыстары ұйымдастырылды. Мәселен, «Мектепке жол» акциясы. Елбасы қорының атынан 1500-ден астам әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ көп балалы отбасылардың жеткіншектеріне мектепке қажетті құрал-жабдықтар табыс етілді.
Ежелгі дала төсін елжіреткен тұңғыш шараға бір жарым мыңға жуық 10 мен 25 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер жиналды. Жүз сан құс мекендейтін Қорғалжынның күміс көлдері шаттықтан толқып жатқандай. Дала сырын, Отанымыздың қайталанбас дара сырын жас көкірекке қотарып құйып берген халықаралық байқау-фестиваль Кенжебек Күмісбеков атындағы Қорғалжын аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаз ұжымының «Құс мекені – Қорғалжын» тақырыбындағы театрландырылған көрінісімен ашылды. Құс базарында өткен қызыққа бір қуанарлығы, жергілікті өнерпаздар үзбей қатысты. Топ жарғандар да аз емес. Мәселен, хореография жанры бойынша өнер көрсеткен «Angels» үлгілі заманауи би ансамблі бірінші орынды иеленсе, «Фламинго» халықтық би ансамблі екінші орынды еншіледі.
Жеңімпаздардың гала концерті жастардың ойын-сауық кешіне ұласты. Кеш қонақтары Дос, Тоғжан Мұратова және «Қарапайым» тобының өнерінен әдемі әсер алған аудан тұрғындары рухани азыққа бір кенеліп қалды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.