Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел тарихының ұмытылмас сәттерінің куәгері - АРҚА АЖАРЫ

Ел тарихының ұмытылмас сәттерінің куәгері

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «Ата Заңым айқын, болашағым жарқын» деген тақырыппен тағылымды шара өтті.

Кездесуге арнайы шақырылған Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, еңбек ардагері Болат Жанәділов сонау 1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жүрген кезінде тәуелсіз ел болған Қазақстанның негізгі құжаттарын қабылдауға қалай атсалысқаны жөнінде әңгімелеп берді.
– Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымында 364 адам депутат болып сайландық. 1990 жылы Егемендік туралы декларацияны қабылдадық. Бұл құжатта еліміздің болашағы қандай болуы керек, мемлекеттің дамуы, азаматтардың құқықтары қалай қорғалатыны нақты көрсетілген. Одан кейін 1991 жылы «Тәуелсіздік туралы» конституциялық заң қабылданды. Әлбетте, тәуелсіздік жарияланған күні бөркімізді аспанға атып қуандық. Өз жерімізде, өз елімізде халыққа қызмет ету жолдарының бәрін анықтадық. Мемлекет болғаннан кейін баршаға ортақ Ата Заң болуы керек. Біздің бұған дейінгі заңымыз 1978 жылы Кеңес Одағы кезінде қабылданған заң болатын. Әрине, онда қазақ халқының мүддесі толық көрсетілмеген еді. Жаңа заң қабылдар алдында көп еңбектендік, өзге мемлекеттердің конституцияларын қарадық. Солардың ішінде бізге жақын болғаны Францияның Ата Заңы еді. Соның әр бабын, тармағын оқып, жіті талдап, өз ұсынысымызды жасадық. Конституцияны қабылдауда заңгерлердің сіңірген еңбегі зор болды, – дейді Болат Жанәділов.
Алғашқы Конституция Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында 1993 жылғы 28 қаңтардағы XII шақырылымында қабылданған. Ата Заңда Президенттің рөлі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері нақты жазылған. Өз сөзінде Болат Жанәділов қазақ тілінің қалай мемлекеттік тіл болып бекітілгені жайлы да айтып берді. Ата Заңның әр бабы сан мәрте талқыланып барып қана қабылданған. 1993 жылы қабылданған Конституцияға түрлі саяси жағдайларға байланысты 1995 жылы өзгертулер енгізілген.
–Конституцияда көрсетілгендей, мемлекеттің негізгі күші – халық. Депутаттар халыққа шынайы қызмет етіп, халықтың мүддесін қорғаса екен, мемлекеттің әрі қарай дамуына күштерін салса екен деймін. Ел тағдыры сынға түскен өте жауапты кезеңде депутат болып, халқыма пайдамды тигізгеніме өзімді бақытты санаймын, – деді кездесу кезінде Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Болат Жанәділов.
Мерекелік шара кезінде Конституция тарихы жайлы бейнеролик көрсетіліп, облыс орталығындағы №17 орта мектеп-гимназиясының оқушылары Нұрсезім Сайран мен Әнел Сәрсенбаева ақын Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерін жатқа айтты. Қатысушылар құрметті мейманға қызықтырған сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар