Қалталы ағайын ұлтының болашағын қаншаға бағалайды екен?!

Көкшетау қаласында мектепке дейінгі мекемелердің кезегінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі 3384 бала тұр. Бала бақшаларда орынның болмауы ел ішіндегі өте өткір мәселенің бірі.

Сонау сексенінші жылдардың орта шенінде облыс орталығында мектепке дейінгі 37 білім мекемесі жұмыс істепті. Жасыратыны жоқ, ол дәуірде Орта Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім жүйесі Қазақстанда қалыптасты. Мектепке дейінгі мекемелермен жеті жасқа дейінгі балалардың шамамен 70 проценті қамтылды. 1991 жылы республикада 8743 бала бақша болса, олардың жартысынан астамы, яғни, 4868-і оңтайландыру кезінде жекешелендірілген. Бір бөлігі бос қалған, қираған. 2000 жылға дейін бала бақшалар саны 1144-ке дейін азайыпты.
Өтпелі кезеңнің өкпек желі Көкшетаудағы осы тектес мекемелерді де айналып өткен жоқ. Сол жылдары жұмыс істеп тұрған 32 балалар бақшасының оңтайландыру кезінде 9-ы ғана қалды. Олар «Ертөстік», «Қарлығаш», «Чайка», «Әсел», «Гагарин», «Звоночек» тәрізді мектепке дейінгі мекемелер. Қысқа жіп күрмеуге келмей, экономикалық дағдарыс жан алқымынан алған шақта болашақты ойлауға да шаманың жетпей қалғандығы ақиқат. Соның салдарынан еңселі, барынша сапалы салынған бірнеше балалар бақшалары пышақ үстінде бөліске түсті. Бәрі заңды. Ұстап тұруға бюджеттің дәл сол кезде басына тартса аяғын жаба алмайтын жетпейтін азын-аулақ қаражаты жетпеген соң аукционға шығарып сатты. Су тегінге. Жұмыртқадай жұтынған қаншама қайран бала бақша бастапқы міндетін өзгертіп, ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетті. Сол кезден қалған, бір кезде бала тәрбиесіне батпан-батпан ұлағатты үлесін қосқан, жадырай жарқыраған ғимараттар мұрты бұзылмай әлі күнге дейін тұр. Мәселен, №23 «Снежинка» бала бақшасы гуманитарлық-техникалық лицейге, «Росинка» бала бақшасы қазақ-түрік лицейіне, «Звездочка» бала бақшасы балалар көркемсурет мектебіне, «Сказка» бала бақшасы тірек-қимыл аппаратының бұзылушылықтары бар мүгедек балаларға арналған интернатқа, «Родничок» бала бақшасы ішкі істер департаментінің емханасына айналып кетті.
Сол дәуірдегі істің көзін білетін, айдалада жатқан батпан құйрықтың су тегін олжаға айналатындығын қалталы азаматтар да бірден аңғарған. Қолы жеткендер, әйтеуір көзін тапқандар бес бірдей бала бақшаның ғимаратын тұрғын үйлерге айналдырды. Ал, алты мекеме бұзылып, құрылыс материалдары талан-таражға түсті. Өзге алтауы көз орталығы, лимонад цехы, автотұраққа айналды. Оны айтасыз, күні кеше ғана балғындардың бал күлкісіне толып тұратын, періште ұя салған, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы бала бақшаны әлдебір пысықайлар табан аузында жерлеу бюросына айналдырғанын көрген жұрт жағасын ұстаған болатын.
Ел есін жиған соң 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін кейбір мектепке дейінгі мекемелер әупірімдеп зордың күшімен кері қайтарылды. Олардың қатарында «Жұлдыз», «Еркемай», «Қуаныш», «Нұрай», «Әйгерім» тәрізді бала бақшалар бар. Оңай олжа болып кеткен балалар бақшаларының кейін қайтқаны алтау. Тәуелсіздік жылдары облыс орталығында жеті бірдей жаңа бала бақша іске қосылды. Бірақ, соның өзі қаладағы балалардың бәрін қамтамасыз ете алмай отыр. Ендігі арада не істеу керек деген сойылдай сауал туады. Біздің ойымызша, амалдың жоқтығынан жекенің қолына өтіп кеткен, әлі күнге дейін құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай болып жұтынып тұрған бұрынғы бала бақшаларды кейін қайтару керек.
–Жекешелендіріліп кеткен ғимараттардың қожайындарына осыдан үш-төрт жыл бұрын хат жазған болатынбыз,–дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов,–бірақ ешқайсысынан жауап болмады.
Әрине, болмайды. Бір кезде болар-болмас тиынға алған, бұл күнде бағасы әлденеше мәрте өсіп кеткен, қаланың қақ ортасында орналасқан ғимараттарды кім оп-оңай бере қойсын? Бір кезде олардың заң аясында алғандығын жоққа шығара алмаймыз. Солай болғанымен, ұлт болашағын ойлайтын адам бір икемге келуі де мүмкін ғой. Хат жазып қарап отырғаннан ештеңе шықпайтынына көз жеткен соң алдына барып арылу керек еді. Бәлкім дәл қазір облыс орталығында балалар бақшасына кезекте алты жасқа дейін 6656 баланың тұрғандығын айтармыз. Жаңа тәртіп бойынша нәресте өмірге келген соң бірден кезекке тұрады. Бірақ, соның өзінде ұзын-сонар кезек таусылып бітетін емес. Егер бір балалар бақшасына орта есеппен 150-200 бала барды дегеннің өзінде 20-30 бала бақша салу керек. Ол қай уақытта салынады.
–Кішкентайымыз дүниеге келген соң арада көп уақыт өтпей қалалық білім бөліміне барып кезекке тұрғанбыз. Қазір кезектің бәрі компьютерге енгізілген, бұрынғыдай тамыр-таныстықпен алып жатыр деп ешкім де айта алмаса керек. Бірақ, соның өзінде біздің кезегіміз келер емес,–дейді Нұржан Қарауылов,–қазір тұңғышымыз төрт жастан асты, бала бақшадан орын тимеген соң жұбайымның жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмай жүр. Отбасында екі адам бірдей жұмыс істеп, табыс таппаған соң қалалық жерде күнкөріс те қиын екен.
Күнкөріс қана емес, балғындардың өсіп-жетілуіне, қалыптасуына да қиын. Әлмисақтан бала тәрбиесіне айрықша мән берген халқымызда «бала естігенін айтады, көргенін істейді» дейтұғын аталы сөз бар. Демек, мектеп жасына дейінгі балаларды алтын ұя – балалар бақшасында тәрбиелеудің маңызы өте зор. Ел ертеңі – кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, кішкентай достарының жүріс-тұрысынан, істеген ісінен өнеге үйреніп, үлгі алуға тырысады. Бұл арада бала тәрбиесіндегі бала бақшаның бар қызметін бақайшақтап айту артық болар. Ал, керісінше зардабы жетерлік. Ең алдымен бала бақшаның болмауы әсіресе жас отбасыларына үлкен ауыртпалық екендігі шындық. Өткен жылы облыста шаңырақ көтерген жастардың елу процентке жуығы дәм-тұздары жараспай ажырасып тынды. Ұлт үшін үлкен қасірет болып саналатын осы бір жайды түбегейлі зерттеген психологтардың айтуына қарағанда, ең бірінші себеп әлеуметтік-тұрмыстық жағдай екен. Оның ішінде бала бақша да бар. Мәселен, қазіргі жастар бауыр еті балаларын кімнің ата-анасы бағатынына дейін есептеседі екен. Ешкімге күні түспей бере қояйын десе, бала бақшада орын жоқ. Демек, жалғыз тәрбие ғана емес, шаңырақтың шайқалуына да осы бір өткір мәселе себепші болып отырғандығы рас.
Соңғы жылдары облыс орталығында жеті бірдей бала бақша салынды. Кәсіпкерлер де табысты жерді тамыршыдай тап басып жекеменшік шағын орталықтар ашуға ұмтылуда. Күні бүгінге дейін 18 осындай орталық ашылған. Бірақ, олардағы орын тым аз. Барлық сұранысты толайым қанағаттандыра алмайды. Сондықтан да, біз бір кезде жекешелендіріліп кеткен, бар қажеттілігі түгел ескеріліп салынған балалар бақшаларын ел игілігіне қайтару мәселесін қозғап отырмыз. Осы арада бүгінгі ие болып отырған қалталы ағайындарға жалғыз-ақ сауал қойғымыз келеді. Құрметті байеке, ұлтыңыздың болашағын қаншаға бағалайсыз?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар