Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үкімет мүшелері алғашқы қоңырау салтанатына қатысты - АРҚА АЖАРЫ

Үкімет мүшелері алғашқы қоңырау салтанатына қатысты

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы ауданы

Жібек жолы ауылындағы И.Құтпанұлы атындағы орта мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, Жібек жолы ауылындағы әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы барысымен танысты.

И.Құтпанұлы атындағы орта мектептің алдында өткен салтанатты шарада Вице-Премьер ұстаздар қауымы мен оқушыларды және олардың ата-аналарын білім күнімен құттықтады.
– Кез-келген мемлекеттің дамуы азаматтарының білімі, мәдениеті және тәрбиесіне байланысты. Сол себепті, мемлекет басшылығы тарапынан әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуде. Елбасының тапсырмасымен педагогтардың статусын көтеруге бағытталған заң жобасы әзірленді. Президент мұғалімдердің еңбекақысын екі есе көтеру туралы міндеттер қойды. Өздеріңіз куә болып отырғандай, елімізде қазіргі заманғы мектептер, балабақшалар, ауруханалар, театрлар және спорт нысандары көптеп салынуда. Мұның барлығы Қазақстанның әлемдік қауымдастықта лайықты орыннан көрінуіне бағытталған, –деді Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.
Мектеп директоры Ақнұр Түркістанбаеваның айтуынша, білім ордасының іргесі 2011 жылы қаланыпты. Мектепте 68 ұстаз 1 мыңнан астам оқушыны білім нәрімен сусындатуда. Биыл білім ордасына облыстық бюджеттен 158 миллион теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңа оқу жылында 137 бала аталмыш мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр.
Сонымен қатар, Вице-Премьер осы ауылдағы көп балалы Құдабаевтардың отбасында болды. Аталмыш отбасы кәмелеттік жасқа толмаған төрт бала тәрбиелеп отыр. Табысы аз болғандықтан, биылғы сәуір айында бұл отбасына айына 101 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мемлекеттен алған ақшалай көмекті отағасы Азамат Құдабаев шағын бизнес – техникалық байқау стансасын ашуға бағыттамақшы. Ал, зайыбы Гүлнұр «Еңбек» бағдарламасы бойынша арнайы курстан өтіп, үйінде нан өнімдерін пісіріп сатады.
– Елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдауға, сұранысқа қажетті мамандықтар және бизнес негізі бойынша оқытуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Ең бастысы, баланы жастайынан еңбекқорлыққа баулу қажет. Мемлекеттік көмекті қолдана отырып, отбасыларыңыздың қажеттігін қамтамасыз етуде өздеріңіздің еңбектеніп жатқандарыңыз қуантады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бұдан бөлек, Вице-Премьер Жібек жолы ауылындағы дәрігерлік амбулатория, «Бөбек» балабақшасы, «Джамиля» серіктестігінің жиһаз фабрикасының, «Beibarys» демалыс аймағының жұмысымен танысты. «Бөбек» балабақшасы «Балапан» бағдарламасы бойынша ашылып отыр. Бұл аталмыш бағдарлама арқылы ашылған аудандағы алғашқы балабақша.
Ал, «Джамиля» серіктестігінде Бердібек Сапарбаев технологиялық процесс пен тауар түрлеріне назар аударып, еңбек ұжымымен кездесті. «Beibarys» демалыс аймағында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және Жібек жолы ауылының инфрақұрылым жобаларын дамыту туралы айтып берді.
Білім күні Ақмола облысында Елордадан келген қонақтар 8 мектепте алғашқы қоңырау шарасына қатысты. Оның ішінде, Вице-Премьерлер Бердібек Сапарбаев пен Жеңіс Касымбек Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы И.Құтпанұлы атындағы орта мектеп пен Целиноград ауданының Қоянды орта мектебінде болды. Бұдан бөлек, ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Ақмол ауылындағы №5 орта мектепте, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қосшыдағы №2 орта мектепте, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қызылжар орта мектебінде, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қызылсуат орта мектебінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров И.Алтынсарин атындағы орта мектепте және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қабанбай батыр ауылындағы №41 орта мектепте өткен алғашқы қоңырау шарасына қатысты.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық басқармаларының басшылары да бұл шарадан тыс қалмады. Басқарма басшылары өңірдегі аудандар мен қалалардағы 18 мектепте болып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды және олардың ата-аналарын білім күнімен құттықтады.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні облыста 614 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда 38 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 99 пайызды құрап отыр. Барлық мемлекеттік балабақшаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыста 558 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оған 124 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Оның 16 мыңнан астамы – бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мыңға артық.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар