Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үнемшілдікті қашан үйренеміз? - АРҚА АЖАРЫ

Үнемшілдікті қашан үйренеміз?

Кеңестік кеңқолтық жоспарлы экономикадан нарыққа көшкенімізге де отыз жылға тарта уақыт өтіпті. Қатып қалған өзгермейтін бағаға еті өліп кеткен жұрттың 1992 жылдың қаңтарында дүкендердегі бір-ақ сәтте шарықтап кеткен бағаны көріп «нарық деген осы екен ғой» деп шошынғаны есімізде. «Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді» демекші, сол тұста «шоковый терапия» деп аталған нарыққа да елдің көп ұзамай еттері үйреніп, нарық талабына аздап бейімделе бастады.

Содан бері өткен отыз жылға жуық уақыттың ішінде жаңа бір ұрпақ өсіп шықты. Есігімізді имене аттаған нарық қазір төрімізді түгел жайлап алды. Қазір жекешеленбеген сала жоқтың қасы. Миллионер, тіпті миллиардерлер шықты. Қой бағудан басқа ештеңені білмейді дейтін қазақ сауданы да үйренді, кәсіпкер болып, өнім де шығарып жатыр, әйтеуір не керек, нарыққа қажеттінің бәрін меңгеруде. Бірақ…
Иә, сырт қарағанда бәрі дұрыс сияқты, қазақ нарыққа бейімделді деп айтуға да болатындай, дегенмен, мәселенің мәніне тереңірек үңілер болсақ, отыз жыл бұрынғы жоспарлы экономика санаға сіңірген жайбасарлық пен ысырапшылдық әлі де бар, бар емес-ау тіпті, өршіп кеткендей. Нарық талабына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кеңес заманынан, одан әріректегі феодалдық қоғамнан қалған сарқыншақ іспетті ысырапшылдық деген қасиеттен арыла алмай отырғанымыз өкінішке орай, шындық.
Таяуда әлеуметтік желіден қазақ тілінде жазылған бір мақаланы оқыдым. Шетелде оқып жүрген жігіт демалысқа еліне келеді. Әкесі баласынан ағылшындардың өмірі туралы сұрайды. «Олардың қазақтардан қандай айырмашылығы бар?», – дейді.
–Айырмашылығы көп қой, ең басты айырмашылығы үнемшілдігі, – дейді студент баласы.
– Үнемшіл болғанда қалай? –дейді әкесі.
–Былай ғой, мен орта дәулетті бір отбасының үйінде тұрамын. Лондонда екі бөлмелі пәтері бар. Бір бөлмесін маған жалға берген. Олар тамақты өздеріне шақтап қана жасайды, егер тауыса алмаса, тоңазтқышқа салып, келесі күні ысытып жейді. Біздегі сияқты аста-төк тамақ жасап, қалғанын қоқысқа тастамайды. Судың өзін есеппен пайдаланады, сарылдатып кранды ағызып қоймайды. Жылуды да үнемді пайдаланып, үйде жылылау киініп жүреді. Біздегі сияқты батареялары қол тигізбейтін ыстық болмайды. Машинасы да шағын, жанармайды аз жейді. Әрине, сіздікі сияқты үлкен джип сатып алуға ақшалары жетеді, бірақ оны ысырап деп санайды. Егер бір жаққа қыдырып кете қалса, өздері тұрған бөлмелерін де жалға беріп кетеді, яғни, бос қоймайды. Олардың тойларына ары кетсе 15-20 адам ғана келеді, біздегідей 200-300 адам шақырып той жасау деген жоқ, – дейді.
Жүздеген жылдар бойы нарықтық қоғамда өмір сүріп келе жатқан ағылшындардың үнемшіл болуы түсінікті де. Дегенмен, осыдан бірер ғасыр бұрын ғана тағылық қоғамда өмір кешкен Индонезия, Сингапур, Жаңа Зеландия сияқты елдердің халқы да нарық талабына әбден бейімделіп алғандығын сол елдерге барып келгендерден естіп жүрміз. Ал енді отыз жылға жуық нарықтық қоғамда өмір сүріп келе жатқан қазақтың жайы қандай?
Кредит алып той жасайтын әлемдегі жалғыз халық – қазақ шығар. Өлген кісіні де той сияқтандырып аттандырып салатын, дұғасына жүздеген адам шақырып, мейрамханада дүрілдетіп ас беретін, одан қалды басына қымбат кірпіштен кесене тұрғызатын, баласы бірінші сыныпқа барса да, мектеп бітірсе де, жоғары оқу орнына түссе де – әйтеуір сыныққа сылтау болса болғаны дүркіретіп той жасайтын – осы қазақ.
Қазір әр қазақ отбасында екі-үштен кредит бар. Қарызы көбейіп, қиналған халықты енді Үкімет кредитін кешіріп, кеңшілік жасап жатыр. Бірақ, бұл бүгінде тұрмысы тұралап қалған халықтың әлеуметтік мәселесін толыққанды шеше ала ма? Бүгін бір кредитін кешсе, ертең орнына басқа кредит алмай ма?..
Үнемшілдікті үйрене алмай, ысырапшылдықтың салдарынан кредит пен қарызға байланған қазақтың тұрмысы қалай түзелсін. Таяуда дүкенге кіре қалдым. Бір қазақ әйел қос сөмкесін толтырып азақ-түлік алды. Неше түрлі атын да, затын да білмейтін қағаз қорапқа салынған кәкір-шүкірлер. Оның бәрін не істейтінін кім білсін. Ал есеп айырысар кезде сатушы қалың дәптерін алып сомасын жазып қойды. Қазір қалтасынан ақша төлемегесін тегін алып жатқандай көзіне көрінгенді түгел сөмкесіне тоғытқан әйел ай соңында жалақысының қомақты бөлігін дүкенге беретіні анық.
Жә, дүкенді қойшы, тіпті дәмханада қарызға жаздырып алып тамақ ішетіндер көп. Яғни, бұл адамдардың қалтасында қолма-қол есеп айырысатын ақша жоқ деген сөз. Қит етсе қарыз алып үйренген олар жалақысының бәрін қарызды жабуға беріп, үнемі қалтасын жел улеп жүреді. Содан соң амалсыз тағы қарызға батады. Осылай жалғаса береді…
«Тоя жесең түйе де қалмайды, тарта жесең тай қалады» дегенді айтқан қазақ, дегенмен қазіргі әрбір тиынды үнемді жұмсауды қажет ететін нарық талабына бейімделе алмай келеді.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар