1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осы орайда, республикалық Ардагерлер ұйымы «Қарттарым – асыл қазынам» атты қайырымдылық акциясына шақыратын үндеу жариялап отыр.
Қазіргі кезде мемлекет тарапынан қарттардың тұрмысына, тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, жан-жақты қолдау мен қамқорлық жасалуда. Әрбір азаматтың жасы ұлғайған кезіндегі өмірін лайықты ету мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі болып келеді. Отанымыздың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының артуына аяулы да ардақты қарттарымыздың қосқан үлесі қомақты деп білеміз. Бар саналы ғұмырын еселі еңбекке арнаған қарияларымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа таусылмас қазына, әрі үлгі-өнеге.
Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты. Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Қарттарға қоғам болып қолдау білдірейік. Жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетіп, ардагерлерімізді ардақтауға атсалысайық!
Қадірлі отандастар!
Баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, өз өңірлеріңіздегі ардагерлер ұйымдарымен байланыс жасап, қамқорлыққа зәру қарияларға көмек беруге, қайырымдылық жасауға шақырамыз.
Ардагерлер ұйымының
Орталық кеңесі.