Мемлекеттік қызметке тың талаптар қойылып отыр

Елбасы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын толыққанды жүзеге асыруды басты назарда ұстау қажеттігін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойды. Халықпен тиімді кері байланыс орнатуда мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары ретінде қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару қажет екендігіне де баса назар аударылды.
Қазіргі уақытта азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын жан-жақты, сапалы қарау департамент қызметінің басым бағыттарының бірі және бұл мәселе жіті бақылауға алынған. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуде бізге байланыс пен коммуникацияның заманауи құралдары көмектеседі. Бүгінгі күні арызданушы мемлекеттік қызмет мәселесі және мемлекеттік органның немесе мемлекеттік қызметшінің жұмысына қатысты өтінішін мобильдік қосымша арқылы жібере алады.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің қызметтік міндеттерін адал, бар күш-жігерін жұмсай отырып орындауы керек және әрбір өтініш иесіне ынтамен көңіл қойып, немқұрайлық пен сөзбұйдалыққа салмай, көмектесуге тиіс деп есептеймін. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік органдардың жұмысына қойылып отырған басты талап.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру үшін оған арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет екендігін айтты. Бүгінгі күні ақмолалық мемлекеттік қызметшілердің төрттен бір бөлігін 29 жасқа дейінгі жас мамандар құрайтындығын атап өткім келеді. Жыл сайын олардың қатары «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектерімен толығуда. Мемлекеттік қызметке талантты, бәсекеге қабілетті, өз өмірін осы іспен байланыстырамын деген жастарды тарту үшін жоғары оқу орындары студенттерінің арасында тиісті түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Қоғам мен мемлекеттің арасын жақындастыру халықпен тұрақты әрі тиімді кері байланысты, азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған шешімдер қабылдауды көздейді. Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттердің жүзеге асырылуы Қазақстанымыздың одан әрі дамуының жаңа кезеңі болары сөзсіз. Сондықтан, әрқайсымыз оған өз үлесімізді қосуға тиістіміз.
Берген БЕСПАЛИНОВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар