Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шұбар ауылына жаңа бір мектеп керек болып тұр - АРҚА АЖАРЫ

Шұбар ауылына жаңа бір мектеп керек болып тұр

Целиноград ауданына қарасты Шұбар ауылында іс-сапарда болған едік. Сонда ауыл мұғалімдерінің оқушыларға аядай ғана ғимаратта

сабақ беріп отырғанын өз көзімізбен көріп, «шынымен де, мектептің жаны – мұғалім екен ғой» деген сәулелі ой санамызда жарқ ете түскен болатын. Ұстаздар қауымының жоқтан бар жасап, шәкірттерін замана көшінен қалдырмай, сапалы білім беруге талпынып жатқандары мақтауға тұрарлық іс. Сол жолғы сапар барысында мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сәндігүл Хазыммен атүсті танысып, телефон нөмірін жазып алған болатынбыз. Ұлағатты ұстазға төл мерекесі қарсаңында хабарласып, әңгімелесудің сәті түсті.

Бала жанының бағбаны Сәндігүл Хазым аталмыш мектепте алты жылдан бері абыроймен еңбек етіп келеді. Одан бұрын Нұр-Сұлтан қаласында, Ерейментау ауданында жұмыс істепті. Еңбек өтілі он бес жыл. Соңғы екі жыл қатарынан №37 Шұбар негізгі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарыпты.
–Отбасыммен Шұбарға көшіп келіп, жер алып, үй салдық. Бірден осы мектепке жұмысқа орналастым. Жолдасым жеке кәсіпкер. Үш баламыз бар. Үлкеніміз студент. Университетте грантта оқиды. Ал, екінші балам биыл «Жас Ұлан» мектебіне қабылданды. Қызым мектептің сегізінші сыныбына барды, – деді кейіпкеріміз әуелі өзін аз-маз таныстыра отырып.
Бүгінде Шұбардағы жалғыз білім ошағы саналатын №37 негізгі мектеп 145 оқушыға үш ауысымда сабақ беруде. Шыны керек, 1962 жылы салынған мектеп ғимаратының әбден тозығы жеткен. Кабинеттері тым тар. Ғимарат екі пеш арқылы жылытылады. Осы білім ошағына арнайы ат басын бұрған облыс әкімі жағдаймен жіті таныса келе, келер жылы ауылда 300 орындық жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу шаралары қолға алынатынын жеткізген болатын.
–Мектептің жағдайын көріп отырмыз. Соған қарамастан сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңызға алғысымды білдіремін. Жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұстаздарға үлкен мән бергенін жақсы білесіздер. Ауылдық шағын ғана мектепте еңбек ететіндеріңізге қарамастан, елімізде мұғалімдерге жасалып жатқан игілікті істерден қалыс қалмаңыздар. Аттестаттауға қатысып, біліктілік санаттарынан өтіп, еңбекақыларыңызды көбейтуге мүмкіндіктеріңіз бар. Алдағы бір-екі жылда ауылда жаңа мектеп құрылысы басталады, – деген еді Ермек Маржықпаев ұстаздар қауымының алдында сөйлеген сөзінде.
Әлбетте, жаңаның аты жаңа. Ауылда бірер жылда жаңа мектеп салынса, бұл осындағы ұстаздар мен оқушылар үшін үлкен бір серпіліс алып келер еді. Қазірдің өзінде негізгі мектеп мұғалімдері қаладағы әріптестерінен қалысып жатқан жоқ. Әңгіме барысында кейіпкеріміз Сәндігүл Хазым ұжымының түгел аттестаттаудан өткенін, «Педагог-шебер», «Педагог-зерттеуші», «Педагог-сарапшы», «Педагог-модератор» біліктілік санаттарын ойдағыдай қорғап шыққанын айтты. Нәтижесінде, жалақылары да өсіп, еңбектерінің жемісін көріп отыр.
–Аттестаттаудан өту үшін Қазақстан Рес-
публикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен тестілеуге қатыстық. Одан кейін істеген жұмысымыз, жеткен жетістіктеріміз жайлы портфолиомызды ұсындық. Олардың бәрін арнайы комиссия қарап, біліктілік санаттарын тағайындады. Өзім «Педагог-сарапшы» біліктілік санатын алдым, – деген Сәндігүл Хазым аттестаттаудан өту екінің бірінің қолынан келе бермейтінін, содан өз ұжымының түгелдей өткенін мақтанышпен тілге тиек етті. Мектеп директоры Мүбәрак Байшолақовтың білім сапасын арттыру мақсатында атқарып жатқан елеулі істерін де әңгіме барысында ерекше атап өтті. Кейіпкерімізбен қоса, аталмыш мектепте сегіз бастауыш сынып мұғалімі бар. Төртеуі қазақ, төртеуі орыс сыныптарына сабақ береді. Биыл 25 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған екен.
Оқушылары интеллектуалдық жарыс-
тарда жүлделі орындардан көрініп, ұстаз мерейін асқақтатып келеді. Аида Хасенова, Бибімәриям Жұмабек және Орынтұрды Әлинов секілді дарынды шәкірттерінің есімін мақтанышпен еске алған кейіпкеріміз білім беру процесінде, ең алдымен оқушының жеке қасиеттеріне, қызығушылығы мен көзқарасына мән беретінін айтты. Оқушылармен топтастырып та, ерекшеліктеріне қарай жеке де жұмыс жүргізеді. Еселі еңбегі үшін Қоянды округі әкімінің мақтау қағазымен, аудандық білім бөлімінің құрмет грамотасымен, TIO.kz сайтының оқушылардың жетістігі үшін құрмет грамотасымен марапатталған. Бұдан басқа да марапаттары жетерлік.
–Мектебіміз ескі деп қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Қазіргі ақпараттық технологияның бәрін пайдаланамыз. Келешекте жаңа мектеп ашылса, біздің жұмысымызға әрине, одан сайын жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Үш ауысымда оқу оқушыларға қиын екені сөзсіз. Мектебімізде денешынықтыру залы атымен жоқ. Көктем, күз мезгілдерінде бұл сабақты далада өткіземіз. Ал, қыста көбінесе дойбы, тоғызқұмалақ секілді үстел ойындарын ойнатамыз. Соған қарамастан, былтыр мектебіміз аудан бойынша шаңғы жарысынан үшінші орынды жеңіп алды. Спорттан жетістіктеріміз өте көп. Оқушыларымыз тоғызқұмалақ, дойбы додаларында үнемі марапаттарға ие болуда. Қатарымызға жас мамандар қосылып жатса, оған тек қуанамыз. Мерекелік кештерге балаларды дайындайтын музыкант маман керек еді. Келешекте бәрі ойдағыдай болатынына сенемін, – деді ауыл мұғалімі әңгімесін одан әрі жалғап:
–Ең бастысы, оқулықтар жеткілікті. Оқушылар жұмыс дәптерлерімен қамтамасыз етілді. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетілді. Тегін тамақпен қамтамасыз етілді. 2016 жылдан бері жаңартылған оқу бағдарламасымен оқытып келеміз. Мұғалімдер толығымен біліктілікті арттыру курстардан өтті.
Қыста мектеп пешпен жылытылатындықтан қытымыр аяздарда үйге кіріп келгендей әсерде болатынын, ғимараттың ішін ғана емес, ұжымның бір-біріне деген қарым-қатынасы да жылы екенін айтқан кейіпкеріміздің әңгімесінде ешқандай әсірелеу жоқ екенін, ауыл ұстаздарының қажырлы еңбектерін сол жолғы сапарымызда анық байқадық.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шұбар ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар