Бақтияр Ысқақов басқаратын «Ушаково Агро» серіктестігі аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі.
Өткен ғасырдағы 90 жылдардың соңында шығынға белшесінен батқан бұл шаруашылық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Тек болашаққа деген сенім ауыл шаруашылығы құрылымын аман сақтап қалды. Серіктестік басшысы шаруашылықтың аяғына нық тұруына барлық күш-жігерін салды. Ол өз қарамағындағыларға қатаң талап қоя білуімен бірге, өзінің міндетін орындауға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бақтияр Ысқақовтың аузынан «мүмкін емес» деген сөз шықпайтын. Тек қана «қажет» деген сөзді айтып, еңбеккерлерді жігерлендіріп отырды. Бүгінгі таңда басшы өзін серіктестіктің әрбір еңбеккері мен селоның әрбір тұрғынына жауаптымын деп есептейді. Жыл өткен сайын «Ушаково Агро» серіктестігі өзінің өндірістік көрсеткіштерін жақсартып, қуатын арттырды. Бұл жетістікке 90 жылдардағы көптеген басшылардың ішінен тек Бақтияр Ысқақов қол жеткізді. Оған өзінің ұлы әрі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қаржы директоры Руслан көмектеседі. Ол Елбасымен кездесуге Егіндікөл ауданының аграршылары атынан қатысып, сөз сөйледі.
–Біз менің әкем, «Ушаково Агро» серіктестігінің директорымен бірге құлдыраған шаруашылықты көтердік. Қазір ол алдыңғы қатарлы ең ірі шаруашылықтардың бірі,–деді серіктестіктің қаржы директоры сонау ауыр жылдарды еске алып.
Әкелі-балалы ортақ істі жауапкершілікпен атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Келешекте бұл игілікті істі немерелері мен шөберелері жалғастырса, диқандардың жақсы бір әулетіне айналар еді. Қазір серіктестік 18 мың гектар алқаптың астығын жинау-да. «Не ексең, соны орасың» демекші, диқандар көктемгі егіске мұқият дайындалды. Қыс айларында қар тоқтатылады. Көктемде қазіргі заманғы технологияның арқасында ылғал сақталады. Тұқым дайындауға ерекше назар аударылады. Көктемгі егіс пен орақ науқаны шаруашылықта ең қауырт шақ болып саналады. Үзіліссіз жұмыс істеу үшін барлық жағдай қарастырылған. Машина-трактор паркі ауыл шаруашылығы техникаларымен толық жабдықталған. Соңғы жылдары жаңа техника лизинг жүйесі арқылы сатып алынуда. Егін орағы науқанына сексенге жуық еңбеккер қатысуда. Олардың тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Шаруашылық мал басын сақтап қалды. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал сатып алуды көздеуде. Ол үшін асыл тұқымды мал бағатын өзге шаруашылықтармен тәжірибе алмасылды, материалдық база дайындалуда. Бақтияр Ысқақов адамдардың тұрмыстық жағдайы олардың жұмысына көп әсер ететінін жете түсінеді. Осы орайда, серіктестік мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, әлеуметтік саланың дамуына ерекше назар аударуда. Шаруашылық әлеуметтік нысандарды жөндеп, мәдени шараларды өткізуге атсалысады. Жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға тырысып, селодағы егде адамдар мен балаларды қамқорлыққа алған. Басшының еңбегі еленіп, бірнеше мәрте мемлекеттік наградалармен марапатталды. Соның ішінде «Құрмет» ордені бар.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.