Құлабие тауы мен Қарасу өзені аралығындағы орман-тоғайлы шұрайлы алқапқа қоныстанған Олжай ата ұрпақтары сонау алмағайып заманда «Қарашілік» кеңшарын құрады. Алты ауылдың басын біріктірген бұл шаруашылық Зеренді ауданында ғана емес, Көкше өңіріне де мәлім еді. Ал, кеудесінде Ленин ордені жарқыраған қалхоз төрағасы, елге танымал, аузы дуалы іскер азамат Молдабек Мақышевтің атақ-даңқы жер жарғандай болатын. Ауылдың мерейін өсірген орта мектепті жергілікті іскер азаматтар салған-ды. Бұл білім ордасында Щучье ауданының Кіндікқарағай, Обалы, Түлкілі, Қасқатау бауырындағы Қарабұлақ, Жамбыл, Крупское, Зеренді ауданының Қараөткел, Қызылқайнар, Үлгілі, Қарсақ, Қошқарбай, Кеңөткел, Өндіріс ауылдарының ұл-қыздары оқыды.
Ленин орденінің иегері, мектеп директоры, ұлағатты ұстаз Қайбар Тоққожин жетекшілік еткен бұл білім шаңырағында өз ісінің нарқасқа білгірлері – тәжірибелі ұстаздар еңбек етті. Шәкірттерінің жүрегін жаулап алған сол аяулы ұстаздарым Назымбек Әбділманов, Көкі Әбутәліпов, Есентемір Қазиакпаров, Шәмшия Қазиакпарова, Айдарбек Сейдахметов, Б.Хасенов, Г.Ысмайылованың есімдерін мақтанышпен айтар едім.
Осы жолы сол қатардағы физика-математика пәнінің мұғалімі Нәскен Әлібеков ақсақалдың ғибратты ғұмырынан сыр ақтарғанды жөн көріп отырмын. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Нәскен ағай осыдан тоқсан бес жыл бұрын, 1924 жылы 20 наурызда Зеренді ауданындағы Қарашілік ауылында туған. Жастайынан қазақ даласындағы қилы кезеңдерді бастан кешіріп, сұрқия заманның куәгері болған абзал азамат қиындыққа мойымастан, шыңдалып өсті. Ұстаз болуды мақсат еткен зерек те өршіл ерен білім саласындағы алғашқы еңбек қадамын Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылғы 18 тамызда туған ауылында бастады. Қарашілік сегіз жылдық мектебінің бастауыш сынып оқушыларына арифметика пәнінен дәріс берсе, кейін 1971-1983 жылдары 6-9 сыныптарда алгебра, геометрия, физика пәндерінің мұғалімі болып абыройлы қызмет атқарды.
Алға қойған мақсатына жетіп, кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін 1978 жылы Молотов атындағы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1954 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
Ұстаз бақыты тәлімді шәкірт десек, Нәскен ағай осы жағынан да жолы болған жан. Қарашілік орта мектебінде қызмет істеген қырық бір жылдың ішінде дәріс алған шәкірттерінің өзі де самайларын қырау шалған ел ағалары атанып отыр. Мәселен, қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінің түлегі Б. Асанов, Шағалалы колледжінің директоры Б. Әубәкіров, жоғарғы санаттағы дәрігерлер А.Молдабекова, Г.Әбділманова мен инженерлер Ө.Әбділманов, М.Нұрмағанбетованы қалайша мақтан етпеске!
Қазақ әдебиеті мен журналистикасына елеулі үлес қосқан, сөйтіп, оқырманның көзайымына айналған Мағира Қожахметова, Қорғанбек Аманжол, Қапез Қожахметов, Рамазан Тілеуов бүгіндері өздерінің туған елі – Қарашіліктің абыройын асқақтатып жүр. Жазушы Мағираның рухани жаңғыру, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой-толғамдары уақыт үнімен ұштасып жатса, ақын Қорғанбектің сыршыл өлеңдері мен публицистикалық мақалалары қоғамды толғандырып отырған өзекті тақырыптарды толғайды.
Ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы, салық жүйесінде абыройлы қызмет атқарған шәкірттері С.Ғабдуллин, Б.Сейдахметов, Қ.Әбділманова, Ә.Құрманбаев, М.Рахметов, Қ.Ботаева, Д.Казиакпарова, Қ.Молдабеков – ел мақтаныштары.
Ұлағатты ұстазымыз Нәскен Әлібеков ақсақал білім саласының хас шебері болса, отбасында ардақты әке, асыл жар атанды. Қайныкен анамыз екеуі үш ұл, төрт қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Перзенттері ата-ана тәрбиесін өздерінің адамгершілік қасиеттерімен ақтай білді. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының түлегі Майдан Нәскенұлы Зеренді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында инженер, кейін «Тернов» кеңшарында директор болып қызмет атқарды. Бір өкініштісі, асыл азамат өмірден ерте өтіп кетті. Мамандығы сауда қызметкері болса да, Сайран бауырым саналы ғұмырын құқық қорғау саласымен байланыстырды. Көкшетау облысы бойынша мемлекеттік тергеу комитетін басқарып, полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Ұлдың кенжесі Нұрлан – техника қауіпсіздігі саласының маманы, кезінде аудандық мәслихатының депутаты болды. Сүйкімді мінездерімен Әлібековтер әулетінің мәртебесін өсіре білген қыздары Рая, Ботагөз, Раушан, Қымбат – медицина, білім, сауда, қаржы саласында мінсіз қызмет атқарып, абыройға бөлене білді. Ұрпақ санасына білім нәрін себелеп, оларды ізгілікке тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі үшін Нәскен аға «Еңбек ардагері» медалімен, «Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды. Ал, соғыс кезіндегі ерлікпен пара-пар еңбегі «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы» медалімен бағаланды. Өз пайымдауымша, ұлағатты ұстазымның білім саласындағы ұлан-ғайыр еңбегі мен маңдай терінің өтеуі шәкірттерінің шынайы құрметі деп білемін. Сол себепті де, осы бір асыл жанның жарқын бейнесіне тағзым ете отырып, отбасылық дәстүрді сеніммен жалғастырып жүрген ұрпақтарына амандық тілеймін. Әлібековтер әулетінің іргесі шайқалмай, атақ-даңқы асқақтай берсін.
Әндеш ҚҰРМАНБАЕВ,
салық қызметінің ардагері.
Көкшетау қаласы.