Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Үздік педагог – 2019» байқауының жеңімпаздары! - АРҚА АЖАРЫ

«Үздік педагог – 2019» байқауының жеңімпаздары!

Таяуда, «Үздік педагог- 2019» республикалық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.

Аталмыш білім додасында Ақмола өңірінің мерейін асырған облысымыздың үш ұстазы жүзден жүйрік шығып, «Үздік педагог-2019»марапатына ие болды.

Олардың қатарында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жоғарғы санатты оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының мүшесі Бақытгүл Батанасова, М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Самал Ахметжанова және Атбасар қаласындағы «Еркежан» балабақшасының тәрбиешісі Нина Сахнова бар.
«Үздік педагог -2019» байқауы – мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан білім саласындағы маңызды шара болып саналады. Аудандық, қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық байқауда жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болған ұстаздар байқау шарты бойынша республикалық кезеңге жолдама алады.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де жақсы ұстаздар жеткілікті. Бірақ, биыл солардың ішінен өзін көрсете білген – Бақытгүл Ерғалиқызы. Ол –шығармашылық әлеуеті жоғары, креативті педагог, үнемі ізденісте болып, өзін-өзі дамытып жетілдіретін, жаңалықтарды зерделеп сұрыптай білетін, оқытудың инновациялық технологияларын іскерлікпен қолдана білетін ұстаз. Бақытгүл Ерғалиқызы гуманитарлық, педагогикалық колледж-
дерде оқу-тәрбие процесіне кең таралған оқу-әдістемелік құралдардың авторы. 2014 жылы «Келешек-2030» баспасынан «Педагогика пәнін оқытуды ұйымдастырудың жолдары» атты оқу құралы жарық көрсе, 2019 жылы «Педагогикалық іс-әрекетті жобалау» оқу құралы «Кәсіпқор» Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауыменен басылымға ұсынылып, республикамыздың барлық педагогикалық колледждеріне таратылды. Ұлағатты ұстаз нәтижеге бағытталған білім моделі мен басқарудың жаңа парадигмасы аясында жекелеген ұғымдар мен нормаларды және тиімді педагогикалық технологияларды меңгеру үшін өзінің кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған мақсатын еңсеріп келеді.
Студенттерді мамандыққа бағыттай отырып, білім беруде олардың білімін, біліктілігін, функционалды құзыреттілігін қалыптастырып, дамыту мақсатында Бақытгүл Ерғалиқызы өзінің әр сабағына жан-жақты ізденімпаздықпен, шығармашылықпен дайындалып, оқытудың заманауи технологияларын тиімді қолдануы да үлкен септігін тигізеді.
«Менің шәкірттерім – педагогикалық идеяларымның түрткісі» кредосын негізге алған оқытушы – өз ісінің кәсіби шебері ретінде студенттерін ғылыми-ізденіс, шығармашылық жұмыстарға бағыт-бағдар беріп, бейімдей білетін, тиімді білім беру ортасын ұйымдастыра алатын шебер педагог. Оған дәлел – жетекшілік еткен студенттерінің қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атануы және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысуы.
Колледждегі «Инклюзивті білім беру» және «Сындарлы оқыту» элективті курстарының жетекшісі ретінде болашақ кәсіби мамандарды оқытудың инновациялық әдістерін меңгертуде, жастардың бойында ізгілік қасиеттерін шыңдауда жемісті еңбек етуде. Б.Батанасова – педагогикалық еңбек тәжірибесінде түрлі фестиваль, байқауларда жүлделі орындар биігінен көрініп жүрген тәлімгер ұстаз. Әр студенттің бойына адамгершілік, ізгілік, имандылық, елжандылық қасиеттерін өзінің іс-тәжірибесі арқылы сіңіре білген білікті маман.
Бақытгүл Ерғалиқызы колледжішілік, қалалық қоғамдық іс-шараларға белсене араласады. 2014-2018 жылдары педагогика, психология және жеке пәндерді оқыту кафедрасын басқарып, лидерлік қабілетін көрсетіп, педагогтың кәсібіне қажетті толерантты, коммуникативті қырларын дәлелдей білді. Әріптестері Бақытгүл Ерғалиқызының таңдаған кәсібінің білікті маманы және педагогика ғылымының жалпы ықпалын терең түсінуге қол жеткізе алатын тұлға екендігін мойындайды. Шығармашылық жұмыс пен кәсіби біліктілігінің нәтижесінде бірнеше мәрте марапаттаулар мен алғыс хаттарға ие болды. Бақытгүл Ерғалиқызы заманауи білім беру үдерісіне, рефлексияға қабілетті, зерттеушілік, дидактикалық әдістемелік және кәсіби қасиеттері жоғары, деңгейімен сипатталатын рухани бай, білімнің акмеологиясына жетуге ұмтылған шығармашыл тұлға.
Мұғалім – қадірлі мамандық. Өйткені, ол еліміздің болашақ тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім береді. Ұстаз алдында отырған шәкіртіне үйретуден, тәлім-тәрбие беруден ешқашан жалықпауы, қажымауы тиіс. Сонда ғана ісінің нәтижесін, жемісін көреді. Міне, осындай шәкірт тәрбиелеуде биік белестерден көрініп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі Самал Кенжеболатқызының педагогика саласында еңбек еткеніне 18 жыл болыпты. Ол өткен оқу жылында Көкшетау қалалық «Үздік педагог-2019» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Облыстық байқауда қала намысын қорғаған ұстаз өзінің біліктілігімен кіл жүйріктің ішінен оза шауып, облыстық байқаудың да бас жүлдесін иеленді. Енді, міне, республикалық «Үздік педагог-2019» конкурсының жеңімпазы атанып отыр.
2000 жылы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжін бітірсе, 2004 жылы Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетін сырттай тәмамдап, 2016 жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесіне ие болды.
Өмірлік ұстанымы жас ұрпаққа ағылшын тілінің қыр-сырын ұғындыру, себебі, үш тілді оқыту – заман талабы. Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, тіл байлығын дамыту үшін ағылшын тілі сабақтарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың элементтерін, интерактивті оқыту, әртүрлі әдіс-тәсілдері, проблемалық оқыту технологиясын қолданады. Осының нәтижесінде оқушылары әрдайым сыныптан тыс
іс-шараларға белсенді қатысады, пән олимпиадалары, ғылыми жобалар, интеллектуалды ойындардан әрдайым жүлделі орындарға ие болып жүр. «Жемісті еңбек –
бәрін де жеңбек» демекші, Көкшетау қаласының мектептері арасында өткен ғылыми жоба сайысының «Тіл білімі» секциясында 8-сынып оқушысы Адель Егінтаева I дәрежелі диплом, қалалық «Білім турнирі» олимпиадасында ағылшын тілі пәні бойынша Алдияр Әнуаров, Әмірхан Марат І дәрежелі дипломмен марапатталса, «BRITISH BULDOG», «Кенгуру», «ENGLISH CONCOURS» халықаралық интеллектуалды байқауларында 26 оқушысы жүлделі орындарға ие болды. Ағылшын тіліне қиял-ғажайып ертегілерді сахналауда қалалық театралдық ұжымдар байқауында I дәрежелі диплом, «Теремок» облыстық балалар өнер фестивалінің театр ұжымдары арасында жүлделі III орынға ие болды. Ізденімпаз ұстаз Ақмола облысының ағылшын тілі мұғалімдері арасында «Ең үздік ағылшын тілі бейне сабағы» атты облыстық байқауына қатысып, І орын иеленсе, 2017 жылдың қараша айында «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығының «Үздік ашық сабақ» номинациясы бойынша республикалық оқытушылар сайысында ІІІ орын, 2018 жылы Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Педагогикалық идеялардың панарамасы» атты республикалық бейне сабақ сайысында аймақтық кезеңінде І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Әріптестерімен тәжірибе бөлісу – басты шарты. Авторлық бірнеше әдістемелік құралдар жазып шығарды. Атап айтсақ, «Ағылшын тілінің грамматикасы» атты анықтамалық құралы, бастауыш сынып оқушыларына арналған «English book for kids» атты оқу құралы және «Practice book for children», «Learn English» атты кітапша, Fairly Fairy Tales ‒ көркем суретті қиял-ғажайып ертегілерін сахналауға арналған әдістемелік нұсқаулық, «Ағылшын тілі пәнінен жиынтық бағалауға және тоқсандық жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар (1, 2, 3-сыныптар), «1 сыныптың ағылшын тілі «CLIL» сабағындағы оқушылардың ағылшын әліпбиін зерттеу шығармашылық жұмыстары» атты кітаптары шығарылды. Көптеген ашық сабақтарын «kapilkaurokov.ru», «инфоурок» сайттарына жарияланса, «Turnip» және «Aldar Kosse and the Greedy Farmer» атты бейне сабақтары, бейне ертегілері «You Tube» желісіне жүктелді.
Атбасар қаласындағы орта мектепті күміс медальмен аяқтаған Нина Сахнова өзінің еңбек жолын еңбекке баулу мұғалімі болып бастаған. Алайда, балдырған бала десе жүрегі елжіреп тұратын мейірімді мұғалім балалармен тығыз қарым-қатынаста болуды жөн көріп, 2012 жылы жаңадан ашылған «Еркежан» балабақшасына жұмысқа орналасып, тәрбиеші болып еңбек етуге кіріседі. Қазіргі таңда Нина Анатольевна жиырма жылға жуық осы салада нәтижелі еңбегімен ел алғысына бөленіп келеді. Ол осы жылдар аралығында он шақты әдістемелер жазды, өзі де тәжірибе жинақтап, бүгінде бала көңілін көзінен-ақ аңғара білетін балажан, мейірімді, балалардың сүйікті екінші анасындай болған сүйікті тәрбиешісіне айналды
Соңғы екі жылда Нина Сахнова өзінің тәрбиеленушілерін тез оқуға үйрету үшін арнайы кубиктерді қолдана отырып, атақты Н.Зайцевтің әдістемесі бойынша жұмыс істеп келеді. 2018 жылы оның «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауында «Үздік бейне сабақ» болып танылды. Балалардың салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыра отырып, тәрбиеші дене шынықтыру сабақтарын ойын стретчингін пайдалана отырып өткізеді. Нина Анатольевна жаңашыл ұстаз. Оның жетістіктері қажырлы еңбектің нәтижесі. «Менің мамандығым – бұл тек диплом мен еңбек кітапшасындағы жазу ғана емес. Бұл менің міндетім, менің өмірім, тек өз отбасым үшін ғана емес, өз елім үшін де пайдалы болу тәсілі. Бұл үнемі кәсіби және рухани тұрғыдан дамып, өсуге зор мүмкіндік. Және бұл жолда әрдайым менің тәрбиеленушілерім, менің балапан балдырғандарым көмектеседі. Ал, мен оларға Қазақстан Республикасының лайықты және табысты азаматы болуға көмектесемін», – дейді Нина Анатольевнаның өзі.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі», – деп айтқан Ыбырай Алтынсарин. Бұл сөздер әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы орайда, еліміздің абыройын асқақтар айтулы азаматтарды даярлайтын, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беретін үздік мұғалімдеріміздің қатары арта берсін. Ылайым солай болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар