Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ереймен тарихында есімі бар - АРҚА АЖАРЫ

Ереймен тарихында есімі бар

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»,

«Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи мақалалары жарық көргеннен бері ұмытыла бастаған есімдер, белгілі оқиғалар еске алынып, көптеген игілікті істер атқарылу үстінде.

Биылғы жылдың қыркүйек айының 20-21 күндері Ерейментау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде белгілі қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Әкпан Үкібаевтың құрметіне үлкен игі шара өткізілді. Ол аудан күнімен астарласқан есте қаларлық мереке болды.
Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов тойдың тұсаукесерін Ұлы Отан соғысына қатысушылардың аты-жөні жазылған мемориалдық тақтаны ашудан бастады.
Бұдан кейін Үмбетей жырау атындағы Мәдениет үйінде «Дәуірдің дара тұлғасы» атты салтанатты жиын өтіп, онда атақты ел азаматы Әкпан Үкібаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған деректі фильм көрсетілді. Аудан өнерпаздарының бұл мәдени шараға деген дайындығының айрықша болғанын көзіміз көрді. Халқымыздың дәстүрлі өнеріне ынтық жандар өз құрметтерін соққан шапалақтарымен білдіріп отырды.
Түс ауа аталмыш Мәдениет үйінде «Ереймен тарихында есімі бар» айдарымен аймақтық ақындар айтысы өтті. Оған Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Семей мен Көкшетау қалаларынан сөз тарландары қатысып, ел мерейін көтерді. Ерейменнің дүлділдері де бұл кездесуде өздерінің білімдері мен өнерлерін жан-жақты таныта алды. Дегенмен, айтыс-
ты әділ салмақтаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Павлодар қаласынан келген Рауан Қайдаровтың еншісіне тиді.
Ереймен жерінде өткен мерекелік шараның екінші күнінде асыл тұқымды төрт түліктің көрмесі ұйымдастырылып, оған жылқы, сиыр, қой мен ешкінің Ақмола өңірінде кездеспейтін тұқымдары шығарылды. Масайраған күннің шуағына сай тойды қызықтап келушілер өте көп болды. Оған қоса «Өнер өріндегі – Ереймен өңірі» атты жергілікті суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.
Жұртшылықты ең көп қызықтырғаны ат бәйгесі болды. 20 шақырымдық «Аламан бәйгеде» бірінші орынды Қарағандының шабандозы Темірлан Мақашев жеңіп алса, 2-ші орынға Ерейменнің Ақсуат ауылының шабандозы Бектас есімді бала, 3-шіге – Шортанды ауданынан келген атбегі Қайырбек Есілбаевтың «Падишах» атты сәйгүлігі орналасты.
10 шақырымға белгіленген «Тоқ бәйге» жүлделерін Ерейментаудың Өлеңті ауылынан шыққан «Самұрық», екіншіні Ақсуаттың – «Нұрай», 3-ні – «Барби» атты тұлпарлары жеңіп алды.
Қазақ өмірінен жан-жақты хабар беретін салт-дәстүрлер той барысында жарқырай көрінді. Қаз-қатар тігілген ақшаңқай киіз үйлер келген қонақтарды зор ықыласы әрі қонақжайлығымен риза қылды. Лашын мен бүркіт сияқты құстар ұстаған сайыпқыран жігіттердің қасына жиналған жұртшылықтың әсері ерекше болды.
Спорт ойындарының тамашасы балуандардың боз кілемдегі белдесуіне байланысты өтті. Жас ерекшеліктеріне қарамай күш сынасқан жігіттер аз болған жоқ. Олардың бірде-біреуі жүлдеден құр қалмады.
Қалың жанкүйерлердің көңілінен шыққан әдемі шараның бірегейі – «Жаппай көкпар» аталды. Дала батырларының бұл тартысына 100-ге жуық білекті азаматтар қатысып, көрермендерін керемет қуанышқа бөледі.
Ерейменнің дәстүрі, ұйымдастыратын ізгі шаралары біздің астаналық өңірде көп көрінбейтін, аз қамтылатын іс дер едік. Бұл мәдени жұмыстарды ұйымдастыруда Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжановтың, мәдениет бөлімінің жетекшісі Сайлау Жылқыбаевтың, ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдиннің, қоғам жұмысының белсенділері Мәнап Әдірешев, Қоныс Әлімжанов, Сайлау Байбосын мен Қайыркен Біләловтың атқарған істері өлшеусіз дер едім. Салтанатты мерекеде осы елдің ардақты азаматы, елімізге танымал тұлға Әкпан Үкібаевтың құрметіне арнайы ас беріліп, құран бағышталды.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар