«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылдың 13 ауысымы «Атаның сөзі-ақылдың көзі» жас тарихшылар мен географтардың Республикалық кездесуінің ашылу салтанаты өтті. Иә, аталар сөзі — кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы екені белгілі. Десек те, бүгінгі салтанатты ашылу рәсімінде қойылған сахналық қойылым мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыздың көріністерімен ерекшеленді. Көрерменнің жан-дүниесін тебірентіп, рухани байлыққа кенелткен айтулы іс-шара қатысушыларымыздың бойына Отанға, Туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, тамыры терең тарихымызға қайта үңілдіргендей.
Ауысымның ашылу салтанатында Орталығымыздың Бас директорының міндетін атқарушы Қуат Қайырұлы Нұрмұханов сөз сөйлеп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балаларды ауысымның ашылуымен құттықтап, оларға дарынды да тапқыр, білімді де білгір болуларына, тарихымызды жалғайтын «Мәңгілік елдің» мызғымас ұландары болуға тілек білдірді.
Баспасөз хатшысы — Ерденова Айнур Жетпісбайқызы.