Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарихтан сыр күмбірлеткен - АРҚА АЖАРЫ

Тарихтан сыр күмбірлеткен

Қоғам белсендісі, ардагер ұстаз Еркін Дәуешұлы – 80 жаста

Кеудесі сылдырлаған сырлы ағамен Астана қаласы ардагерлер кеңесінің кеңсесі жайғасқан мекенде таныстық. Жас келсе де, «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген» ел ағасының жүріс-тұрысы ширақ, сөзі нақ, ойы айқын. Әу баста, «үлкен адам ойы шырмалып мардымды не айтар екен дерсің» деп, ардагерлер кеңесінің қызметкері Амангелді Әшіровке, «жүздессек болды, бір бес-он минут тілдесіп қалайын…» деген ойым, «ә…» дегеннен быт-шыты шықты. Оның үстіне бүгінгі газет-журналдарды оқитын, аға ұрпақтың өткен жолы мен тыңдырған ісіне марқайып назар аударар оқырмандарымыз, әсіресе, жастарымыз аз ғой деп көңілсіз келген едім.

Қара дипломаткасынан төрт-бес кітапты бірінен соң бірің алдыма жайып салды. Түсі қоңыр қызғылт бір альбом, «менің жөнім бөлек, бізді танырсың әлі-ақ» деп шеткеріде ол жатыр шіреніп. Не керек, ойымды ашық айтып қалатын әдетіммен, «ойпырмай, жазушыны да жазу керек пе» деппін. Өзім жазу-сызумен көзім шығып жүрсе де, тілшілік өмірімде жиған-тергенім аз болмаса да авторлық бір кітап шығармағаным есіме түсіп, «қап, бәлем…» деп өзімше бір шешімге тоқтағандай кездесуге келген кісіге аңтарыла қарап қаппын. Тегін жан емес екенсіз, тектілігіңіз тепкілеп көрініп тұр, біраз сыр дестеге кезек берелік деп кеңінен жайылып жайғасуға тура келді.
Менің аты-жөнім Еркін Дәуешұлы деп бір қойды да, іле әңгіме желісін жаңағы кітаптарға ауыстыра жөнелді. Авторы, шығарушы-демеушісі де өзі. Олай-бұлай бұлтаруға, жанама сұрақтар қоюға менде де мұрша болмай жаңағы кітаптарды аударып-төңкеріп кеттім. Жүйелілік пен бірізділік байқалатын, айтар тұшымды ойлары аңғарылып қалған, кейбірі, тіпті, он жеті жыл зерттеумен жарық көрген дүниелердің тарихы әуперімде мені таңқалдырып та, қызықтырып та ертіп әкетті. Олар жайына кейінірек тоқталып, өмір өзенінен еріксіз ағып емес, асау толқындарды бұғақтап өз ырқына көндірген кейіпкердің өзіне бұрылайық.
2019 жылдың 8 қазанында 80 жастың сеңгіріне шыққалы отырған Еркін Дәуешұлы Ақмола облысының табиғаты көркем, стратегиялық даму мүмкіншілігі мол Ақкөл ауданындағы Амангелді ауылының тумасы. Қарапайым отбасынан тәрбие алған, кейін мұғалім, мектеп директоры, Сілеті аудандық партия комитетінің үгіт және нәсихат, Ақкөл аудандық оқу бөлімдерінің меңгерушісі болды. Уақытпен бірге мосқайып бүгінде зейнеткерлікке жеткен оны қоғаммен біте қайнасып одан қол үзбеген нағыз ұлттық қанықтағы патриот деп таниды елі. Еңбек жолын алғаш осы ауданда бастаған оның араласуымен қазақ мектептері мен балабақшалар біртіндеп ашылып, бүгінде мектеп саны 7 таза қазақ, 14 араласқа жетті.
Зейнетке шыққанға дейін осы өңірде жоғарыда айтып өткен талай басшылық қызметті атқарған оның айтары аз емесіне тізілген кітаптары айғақ. Тіпті, өзі де қаламды жанына қалай серік етіп алғанын байқамай да қалған іспетті.
2002 жылдан бері Астана қаласының тұрғыны. Басшы-ағартушы-ұстаздық қызметтегі еңбек өтілі елу жеті жыл Е. Дәуешұлы әлі де белсенді қызмет етуде. Астана қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында штатқа кіргізілген тұңғыш психолог болып, 2016 жылға дейін күйзеліске түскен жандардың жанына жалау бола білді. Одан соң да қарап отыра алмай, «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» дегеніндей, ардагер идеолог қолына қалам алып ұлттық идеология жайлы, тарих қойнауындағы «мені кім жарыққа алып шығар екен» деп сарғайып күтіп жатқан осы өңірдің небір тұлғаларының ерлікке пара-пар қызметі жайлы қалам тартып, бірқатар баспасөз ұжымдарымен тығыз байланыс орнатты. Олардың қатарында республика деңгейіндегі «Астана ақшамы», Ақмола облыстық «Арқа ажары», аудандық «Ақкөл өмірі», «Ардагер айнасы», ел газеті «Егемен Қазақстан» редакциялары бар. Айтуынша, «Егемен Қазақстан» газетінде «Әліппе неден айыпты болды» тақырыбымен көлемді мақала жарияланып, көп кешікпей сол кездегі Білім министрінің «әліппені оқытамыз» деген хабарын естіп, соған менің де бір кішкене болса да септігім тиген болар деп қуанғаны бар. «Астана ақшамы» газетінің құрметті тілшісі. Өзімізге таныс Қазақстан Журналистер одағының куәлігін де құжаттары арасынан көзіміз шалып қалды.
Тарихтан төрінен лайықты орынын ала алмай жүрген – солтүстіктің бірнеше облысын Ресейдің құрамына өткізбеуге жанын салған аңыз тұлға Жұмабек Тәшенов, жерлестері генерал Сағадат Нұрмағамбетов, қазақ әдебиетінің, жалпы көркемсөздің майталман, жақ пен тілге сүйенген шешені, мәдениет пен өнер профессоры Тұрсынбек Кәкішев жайлы топтама жинақ, ал он жеті жылдан бері тынбай ізденіп, жан-жақпен хабарласа жүріп тағы бір жерлес жазушы-шежіреші Жайық Бектұров жайлы 2013 жылы «Жаны жайсаң Жайық аға» атты кітап шығарды.
Мәшһүр Жүсіп жолын қуған шежіреші-зерттеуші, сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартқан Жайық Кәгенұлы Бектұровтың өмір жолы сипатталған бұл кітапты мектеп бағдарламасына енгізу жөнінде ұсыныс білім министрлігіне сұранып-ақ тұр. Осы кітапты басшылыққа ала отырып өз өңірінің ер есімін жас ұрпақ санасында қалдыру мақсатында оның туған айы – қазан айын әр жыл сайын «Жайық Бектұров айы» деп жариялаған ақкөлдіктер ендігі уақытта осы үрдісті дәстүрге айналдырса игі. Кітап кіріспесінде ел азаматы Теміржан Едігенов былай деп пікір білдіріпті.
–Аудан тарихынан мол хабары бар педагог Еркін Дәуешұлының «Жаны жайсаң Жайық аға» атты кітабының жарық көруін тек ауылдастары ғана емес, бүкіл аудан тұрғындары жылы қабылдады. Ж. Бектұров қазақ елінің тәуелсіздігі жолында Алаш көсемдерімен үзеңгілес болып, халық жауы атанып, сталиндік азаптау лагерьлерінде ұзақ жылдар бойы қамауда отырған. Кейін ақталып шыққан соң бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды бөлімшесіне жетекшілік еткен… Жалпы осы жинақ Ақкөл ауданының белгілі бір тарихи кезеңі болуымен қатар ол келесі ұрпақтың өткен кезеңді білуіне қосқан үлесі десек қателеспейміз.
Тар қапастан босанып шыққан оған Алматыға баруға жол жоқ, ол аз болғандай өз елінен 200 шақырым қашықтықта тұрасың деп тағы қиянат жасайды. Тек Қарағандыда ғана тұруға рұқсат етіледі. Сонда ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов, «Жайық сен жазықсыз қуғынға ұшыраған Алаштың ұлы адамдарының көзін көрдің… Сен солардың жүзеге аспаған арман-тілегін Сарыарқада жалғастырып жас ұрпақты солардың рухында тәрбиеле» деп аманаттапты.
Кітаптың мазмұнын толық айтып шығу мүмкін емес, бірақ елге, жерге қатысты көбіміз біле бермейтін небір ақиқатпен, тың деректерімен баурап алады. Авторы, яғни, Е.Дәуешұлы дереккөзін ұзақ іздестіре отырып құраған бұл кітабын да туған ауылының халқына тегін таратып береді. Мақсаты ер есімі ел жадыңда болсын. Қазақ жерінің қай пұшпағында болмасын репрессияға ұшырамаған азаматы кемде кем. Солардың бірі өзінің туған ауылы Амангелдіні 1938-1945 жылдары басқара жүріп, жаланың құрбаны болған Бәуке Құлмағамбетовты да кейіннен ақтап алуға көп күш салып, куәлік қағазын қызы Қапанға тапсырып әулет алғысына бөленді. Және де осы іздестіру жолындағы еңбегін тайға таңба басқандай етіп, «Ауылымды сағындым» /2009 ж./, «Бір ғасыр» /2011 ж./ атты деректі кітап қып шығарып, оны да тегін таратып береді. Ерекше бір атап өтерлігі, қаншама тер төгіп, көз майын тауысып, уақытын кетіріп жазған бұл құнды дүниелерін баспадан өз қаражатына шығарады. Мұндай «өлі риза болмай тірі байымайды» дегенге қалай айтсақ та екінің бірі көзжұмбайлыққа бара бермес. Ал, Еркін Дәуешұлы ешкімнен пұл да, жазғаны үшін марапат та, жазушыларға төленетін қаламақы да дәметпей өндірте жазып, ұмыт қалған аруақтардың рухын тірілтіп үлкен тірлік жасауда.
Ол оқу-ағарту саласында, мемлекеттік тіл саясатының дамуына, жас ұрпақтың патриоттық тәрбие алуына ісімен де, сөзімен де тікелей араласуымен қоса, республикалық және жергілікті баспасөз беттерінде әлеуметтік мәселелерге қатысты проблемалық мақалалар жариялап тұрады. Бұл тұрғысында Еркін Дәуешұлы былай деп ойын жалғады.
–Газеттер арқылы туған елім Амангелді ауылының мәселесін көтеріп отырамын. Өткен жылдың аяғында «Арқа ажары» газетінде «Келешегің не болады, Амангелді» деген көлемді мақала шықты. Шындық басшыларға ұнамайды, сонда да соның бәрі халық үшін керек деп табандылық танытамын. Келешек ұрпақ тату-тәтті, бай-бақуатты болсын. Сол жолда еңбегімді аямаймын. Қанша өмір сүремін, сонша орын алған келеңсіздікпен күресуге дайынмын. Қазір Сағадат Нұрмағамбетовтың ауылы даңқты жерлесіміздің атына сай болуы үшін тұрғындарымен бірлесе біраз шаруа атқарып жатырмыз. Өзімді ширақ реалист сезінетін маған қандай іс болсын алға тартып, ілгері қадам жасауға құлшындыратын менің отбасым – 56 жыл қол ұстасып қатар келе жатқан жан жарым Хамила мен балаларым. Өмірге деген құлшынысым да, осы жасымда титтей де болса қоғамға пайда тигізсем деген ниетім де ынтымақты отбасымның арқасы.
Отбасы жайлы сөз болғанда ол алдымен қосағын ерекше ілтипатпен тілге тиек етеді. «Зайыбым Хамила Құлбекқызы екеуіміз 1963 жылы отбасын құрдық. Қарағанды педагогикалық институтының түлегі, екеуіміз де білім саласының үздігіміз. Еңбек өтілімізді қосқанда барлығы114 жыл.
Алты бала тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де жоғары білімді. Бір баламыз кәсіпкер, төртеуі жоғары лауазымды қызметте, тағы бірі ЖОО-да ұстаз. Бәрінің де жоғары ғылыми-атақ шені бар.
Немере он, шөбере біреу. Біреуі Нью-Йоркте бас консульдың орынбасары, екіншісі Малайзияда қызметте, үшіншісі Мәскеуде халықаралық қатынастар институтында, қалғандары да өз қалауымен білім алып жатыр», – дейді Еркін Дәуешұлы.
Елбасының арнайы жарлығымен белгіленген биылғы маусым айында алтыншы рет өткізілген отбасылық құндылықтарды насихаттайтын Астана қалалық «Мерейлі отбасы» байқауындағы 70 отбасының ішінен жүлделі екінші орынды Дәуешұлының отбасы жеңіп алды. Немересі Ибраһим, шөбересі Алара ерекше көзге түсті. Манағы үстелдің шетінде жеке қойылған қоңыр қызғылт барқытпен тысталған фотоальбомның ішіне жасырған сыры осы екен.
Салауатты өмір салты оның ежелгі досы. Жас ұлғайған адамда, әрине, ыңқыл-сыңқыл болады, тіпті, өмірге қауіптісі де қатар жүреді. Бәрі көбіне адамның өзін-өзі күтуіне, «сақтансаң сақталарсың» дегенді естен шығармауына байланысты. Таңғы алты жарымнан тұрып қарапайым жаттығулар жасап, салқын сулы орамалмен денені ысқылап, іле-шала скандинавалық қос таяқпен орталық демалыс саябағының ішіндегі жаяу жолмен оң мың қадам бір километр өлшемімен 6,5 километр жүріп өтуі әдетке айналған. Одан соң бес күн ата-әжесінде болатын немересін гимназияға шығарып сап барып, таңғы шәйға отырады. Енді бірде «Жастар» сарайындағы бассейінде малтып жүргені. «Тәні саудың – жаны сау». Жылына екі рет зайыбы Хамиламен емдеу-сауықтыру шипажайына барады. Ал, бос уақытының бәріңде ерінбей қолына уыстап ұстаған қаламмен кестеленген ойларын ақ қағаз бетіне түсіруден жаңылмайды.
Ұлағатты педагог Еркін Дәуешұлының 2011 жылы жарыққа шыққан «Бір ғасыр» атты кітабы назар аударарлық дүние екен. Отбасылық асыл мұра десе де болады. Бұл кітапта автор өз әкесі Дәулетбектен
/Дәуеш/ басталған отбасылық өмір арқылы толық бір қоғамның – бір ғасырдағы басынан өткен саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайын көрсетуді мақсат етіпті. Әулеттің басы 1909 жылғы әкесі Дәулетбек пен 2009 жылғы немересі Ибраһимнің арасы жүз жыл. Осылайша пәлсапиялық тұрғыда ой тарамдаған автор ғасыр арасындағы қол жеткен жетістіктермен қоса, өкіншті жәйттерге де тоқталады. Қазақ елінің қарышты қадаммен алға жылжуымен қатар салт-дәстүрді сақтауы, өнер, білім жолындағы табысы, әттеген-ай дегізетін олқылықты да қадап-қадап көрсетіп, «немерем мен айтайын, сен тыңда» дейді. «Өткеніңді білмесең, болашақтан үміт күтпе» деп, қазақ елінің жүрегі Астана қаласында 2009 жылы дүниеге келген немересі Ибраһимге қарата ұлағатты аталық әңгіме қозғайды. «Жеті атасын білмеген жетім» деген. Бұл тұрғыда Ибраһим немересі қазыналы атасының қазынасына ие болды.
Иә, сексеннің төбесіне кім шықпайды. Әңгіме, кім қалай сол жасын көтеруінде. Бұл тұрғыда ардагер Еркін Дәуешұлының жолы дара. Әр күнді бос өткізбейтін ардагер еңбекқорлығын әулеті мақтанышпен өнеге тұтса, елі оны көптің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын арқалы азамат деп құрмет тұтады.
Ағартушылық әрі жазушылық қызметі жайлы
Е. Дәуешұлы былайша ой толғайды. «Өзім журналист емеспін, бірақ, қолыма қалам алып өз ойымды қағаз бетіне түсіріп, оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап келе жатқаныма ширек ғасыр. Өзімнің жарық көрген мақалаларым маған күш-қуат беріп, одан са-
йын жігерлендіре түсті. Менің бір байқағаным, әрбір мақаланың қоғамда өзіндік әсері, қозғаушы күші және адам санасына тигізер ықпалы орасан. Сол себептен мен тіліміздің тағдыры, туған ауылдың тынысы және болашақ ұрпақтың тәрбиесі хақында жиі мақалалар жаздым. Олардың біреуге ұнамағанын, ал біреудің патриоттық сезімін оятқанын жақсы білемін. Түптеп келгенде, бүгінгі тәуелсіз елдің қабырғасын қалауға тамшыдай болса ықпалы болғаны шындық».
Қос ғасыр куәгері «Құрмет» орденінің, сансыз медаль мен марапаттау қағаздарының иегері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ақкөл ауданының құрметті азаматы Еркін Дәуешұлын жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сексеннің сеңгіріне алып жетіпті. Ауыртпалығы мен жақсылығы қатар жүретін өмір өрісінде абыроймен қызмет етіп, ұрпағын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай», ұяда түлетіп, қияға самғатып қатарға қосты. Одан бөлек, қоғамдық өмірде өзіндік ойып алған орны бар, сылдырлаған сыры да мол ел ағасы. Иә, тарихтың тереңінен ғана емес, қоғамның дертінен де хабардар етіп, аталық қамқорлықпен терең ой қозғап қалам тартатын Еркін Дәуешұлына тілеріміз – жазарыңыз да, жасыңыз да ұзақ-ұзақ болсын! Сіздің өмірлік бай тәжірибеңізді бөліскен, тағылым мол тарихтан сыр шертетін, ұлттық тәрбиені арқау еткен қаншама туындыңыз ұрпақтан ұрпаққа қажетті әрі қастерлі құндылық.
Майра ШӨКЕН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар