Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді - АРҚА АЖАРЫ

Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске жаужүрек бірнеше батыр қатысқаны белгілі. Солардың арасында ағайынды

Арлан мен Шамай батырлар болып, ерліктің үлгісін көрсетті. Кейін олар Сандықтау мен Қостанай өңірлерін келімсектерден азат ету жолында мерт болды.

Әсем табиғат аясында орналасқан Сандықтау өңірі аңыз бен тарихи әңгімелерге толы. Бұрын орман, өзен мен көлдерге бай жерде қазақ ауылдары көп болған. Оларды Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін келімсектер шұрайлы жерлерден ығыстыра бастапты. Бұл әділетсіздікке Кенесары әскері қосынының басшысы болған Шамай батыр қарсы шықты. Өздеріне қарсы шыққан адамды бүлікшіл деп есептейтін сол кездегі билік батырды улап өлтірді. Туыстары келімсектер сүйегін қорламасын деп Құмдыкөл ауылы маңындағы қалың ағаш арасына жерлепті. Бүгінгі күні батырдың бейітіне баратын жол жөнделіп, басына белгі тас қойылды. Ағайынды Арлан мен Шамай батырлар ұлт-азаттық көтерілісте ерліктің үлгісін көрсетті. Олар ата мекенді қорғап жүріп, шейіт болды. Өзге әскер екі күнде шауып ала алмаған Әндірліні Арлан мен Шамай батырлар садақ жебесіне тұтанғыш май жағып, өртеп жібереді. «Қарақайлап» екі батырдың жауға шапқанын, найза ұшына бірінші іліккен бірінші атты жеті жасар Қарауыл баласына сыйға тартқанын естіген Кенесары: «Ордаға шақырыңдар», депті. Ол кезде ордаға қару асынып кіру жоқ. Шапанының жеңіне қанжарын тығып Арлан ішке кіргенде Шамай есік алдында тұрыпты деседі.
–Ассалаумағалейкум, – деп кіріп келгенде Кенесарының беті бүлк ете қалып, «Жауға Қарақайлап шабады екенсің, неге Абылайлап шаппайсың?» депті. Сонда қасында отырған Қарауыл Қарағұл би: «Батырың қарауыл болған соң қарақайлайды, бекіністі кім алса да мерей сіздікі, хан ием», деп араша түсіпті.
–Апырай-ай, қанына тартпағанның қары сынсын, деген рас. Сіз де қарауылдығыңызды істедіңіз-ау,– депті Кенесары. Сөйтіп, ағайынды батырлар Кенесары ханның жазалауынан аман қалыпты.Қос батыр Кене ханның бәйбішесі Күнімжанды тұтқыннан босатардағы Ақтөбе бекінісін шапқандағы ерліктері бір төбе…
Осындай өр де батыл аталардан тараған ұрпақтарға келер болсақ, Арлан батырдан Азнабай, Өтеген, Теңгеш, Марқаш, Дүйсек, Тілеу аталар туады. Осы аталардан тараған ұрпақтар өсіп-өніп, ел игілігіне өз еңбектерін қоса білген азаматтар. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдары қос батырдың ұрпақтары ерлік көрсете білді. Азнабай бабамыздың Оспан деген ұлынан туған Әшірбек атамыз, Дүйсек бабамыздың Бекмұрат деген ұлынан туған Абұйыр атамыз фашистермен болған қан майданға қатысып, елге аман-есен оралды. Сондай-ақ, Әшірбек атамыздың немересі, өз замандасым – Балтабай Сейілбекұлы кешегі Ауған соғысына қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Шамай батырдың Серкеш деген ұлынан Досмұқан туады. Досмұқан атамнан Айдархан, Найман, Тұрар деген ұлдар мен Күлпәш, Қизат, Күлшат, Күләш деген қыздар дүниеге келді. Олардан өрбіген ұрпақтар өсіп-өніп, Ақмола, Атбасар және Сандықтау өңірлерінде абыройлы еңбек етіп жүр. Айдархан мен Найман ағаларымыз Ұлы Отан соғысынан елге аман-есен оралып, еңбек майданында да жемісті еңбек етті. Айдархан ағамыз 1909 жылы Сандықтау ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын пошташы болып бастады. Кейінірек трактор-егіс бригадасының бригадирі болып, коммунистік партия қатарына қабылданды. Ақмола қаласындағы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Жаңа Арқа ауданына машина-трактор станциясының директоры қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысы басталған жылы Айдархан ағамыз қан майданға аттанып,Сталинград пен Воронеж қалаларын жаудан қорғады. Ерлігі үшін екі Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. Аға лейтенант атамыз соғысты Чехославакияда аяқтады.
Бейбіт өмірде Айдархан ағамыз Астрахан ауданындағы Новочеркасск машина-трактор станциясының директоры, Қорғалжын ауданындағы «Дружба» кеңшарының, Балкашин ауданындағы Барақкөл шаруашылығының директоры қызметін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарағанды облысында С.Сейфуллин атындағы кеңшарды басқарды. Абыройлы еңбегі үшін Ленин орденімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі мен Министрлер Кеңесінің грамоталарымен марапатталды. Республикалық маңыздағы дербес зейнеткер атанды. Батима апай екеуі он бір бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі күні он баладан туып-өскен 32 немере мен 33 шөбересі әр салада қызмет атқаруда. Немересі Руслан «ҚазТранстелеком» торабын басқарып отыр.
Досмұқан атамыздың екінші ұлы Найман аға Сандықтау ауданында абыройлы еңбек етті. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге 1949 жылы оралды. Жапон милитаристерімен соғысып, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Елге оралғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында механизатор, жүргізуші болып еңбек етті. Найман ағамыздың тоғыз баласы ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Ұлы, аға лейтенант Жомарт Досмұқанов ішкі істер органында қызмет атқарып, қазір еңбегінің зейнетін көруде. Ұл-қыздары мен немерлері де еліміздің экономикасына өз үлестерін қосып жүрген жандар.

ӘкемТұрар Досмұқанұлы Сандықтау ауданының Қарадыр ауылында 1936 жылы дүниеге келді. Мектептен кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық инстититутын бітіріп, білім саласында көп жылдар бойы еңбек етті. Сандықтау, Атбасар аудандарының мектептеріндегі оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие берді. Сол оқушыларымен бірге бізді де ана тілін сүюге баулыды.Бізге атақты ата-бабаларымыз жөнінде айтып отыратын. Естіген әңгімелерді қағаз бетіне түсіруші еді. Өлеңдері аудандық «Атбасар» газетінде жарық көретін. Анамыз Күләйша Әубәкірқызы екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Інім Азамат Астана қаласында, өзім және қарындасым Қымбат Атбасар қаласындағы №11 агротехникалық колледжде еңбек етеміз. Досмұқан атамыздың жиендері де еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді. Күләш апамыздың ұлы Талғат Таутиханов деген жиеніміз Қазақстан Рес-
публикасы Қарулы Күштерінде полковник дәрежесіне дейін қызмет етіп зейнеткерлікке шықты. Мұрат деген жиеніміз ішкі істер саласында қызмет етіп, ма-
йор дәрежесінде зейнеткер атанып отыр. Өзге де бауырлар еліміздің әртүрлі саласында абыроймен еңбек етіп келеді. Осылайша ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жүрген жайымыз бар.

Бауыржан ДОСМҰҚАНОВ,
Шамай батырдың ұрпағы.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар