Несіпбек Айтұлы
Еске алып басқан күнді қара тұман,
Ескерткіш тас тұрғыздық ел атынан.
Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда,
Сәкендей ақ сұңқардың қанатынан.
Айдауда бара жатып аяулы ана,
Көз жұмған құшағында Аян бала.
Көргендер іштен тынып күрсініпті,
Көмегі амалсыздың – аяу ғана.
Қатыгез қай заманда жендет деген,
Сәбиін өз қолынан жерлетпеген…
Жанары жасқа толып Гүлбаһрамның,
Өлгенше көкірегінен зар кетпеген.
Сәкендер қызыл қанды кешіп өлді,
Аламыз кімнен оның өшін енді?
Сұмдықтың халық көрген бір куәсі –
Аянға орнатылған осы белгі…