Құтқарушы – құрметті мамандық. Адам өмірі қыл үстінде тұрған кезде көмек қолын созатын құтқарушыларға қойылатын кәсіби талаптардың бірі – қызметкердің дене бітімі шымыр, шыныққан болуы керек. Қайратты, төзімді де бытал құтқарушы кез-келген төтенше жағдайда ұтымды әрекет жасайтыны белгілі. Бірақ, өмір мен өлім қатар келіп жатқан қас-қағым сәтте абыржып қалмай, дұрыс шешімге келіп, тікелей келген ажалдан өзгені де, өзін де құтқарып қалу үшін бұл да аз болуы мүмкін. Сондықтан, әрбір құтқарушы теориялық білім, психикалық дайындық, физикалық жаттығулардан өтіп, белгілі бір деңгейде тәжірибе жинақтауы тиіс. Осы орайда, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері бұл талаптың үдесінен шығуда. Жыл он екі ай қауырт жұмыс істеп жүрген біздің құтқарушылар әртүрлі табиғи және техногендік апаттар мен төтенше жағдайларға қарсы тұруда.