Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елімен бірге жасайды - АРҚА АЖАРЫ

Елімен бірге жасайды

Көкшетауда ақтаңгер ақын, әнші-композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұса Асайыновтың туғанына 90 жыл толуы зор салтанатпен атап өтілді.

«Көкшетау» мәдениет сарайында осы айтулы оқиғаға орайластырылған мерейтойлық концертке атақты жерлесіміздің ұлы Еркеш, қызы Фатима және туған-туыстары мен өнерін құрметтейтін қалың жұртшылық өкілдері қатысты.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары өнер саласында аты дүркіреп шығып тұрған әншілердің әншісі, айтыс ақыны, Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновты көзі көргендер әлі де арамызда баршылық. Ол кезде осы бір өнер тарланы бастаған көркемөнерпаздар ұжымы әрбір ауылдың құтты қонағы болатын. Көкшетаудан елу шақырым қашықтықтағы біздің Ортақ ауылына да өз қыз-жігіттерімен Мұса Асайыновтың талай жолы түсіп, ауылдың ескі клубы, кейін жаңа мәдениет ошағы сахнасынан біз де, сол кездегі өрімдей балалар да концертін тамашалайтынбыз. Сол бір дауысы айналаны кернеп алып кететін сұңғыла талант иесінің ән десе томағасын сыпырған қыран бүркіттей жасарып, жайнап шыға келетін жарқын тұлғасы көз алдымызда мәңгілік қалып қойыпты.
Мұны айтып жатқан себебіміз, үлкен алқалы шығармашылық кеш үстінде ойша осы көріністер де көз алдымызға келе берді. Бұл мерейтойлық концерттің бағдарламасы Алматыда түзіліпті. Осының бәрін бір қолдан атқарып шыққан өнертанушы, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Төлеутай бүгінгі қазақтың белгілі әншілерінің басын қоса отырып, кезінде Мұса ағамыздың өзі тауып, екінші өмір сыйлап кеткен әнші бабаларымыздың әндерін сахнадан халыққа қайта жеткізуді алдына мақсат етіп қойған екен. Сол мақсаты орындалып, расында бұл бір елдің есінен кетпес ғажайып өнер кеші болды.
Шығармашылық кештің концерттік бағдарламасын Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен Көкшеге ат басын тіреген әншілердің жасы жағынан үлкені, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі жезқазғандық Ғалым Мұхамедин бастап әкетті. Жалпы, жан-жақты эрудициясымен, арасында жарасты әзіл-қалжыңымен осы кешті өте биік деңгейде жүргізген Ерлан Төлеутайдың айтуынша, «Гәккудің» 90 түрі болған. Үкілі Ыбырай бабамыз оны әр иірімде шырқап, халыққа жеткізген сайын түрлендіріп отырады екен. Бүгінге күнге дейін бізге жеті түрі жетіп отыр.
Екінші болып сахнаға шыққан көкшетаулық сексен жастағы қарт тарлан Иран сал Тасқара музыкасын өзі жазған «Мұсаның әні» мен «Үкілі Ыбырайдың соңғы сөзін» нақышына келтіріп шырқағанда, залда отырған көрермен тіпті әншімен бірге арқасы қозып, дүрілдеп кетті. Ерланның айтуынша, бүгінінің серісі Иран сал ағамыз да ән, өнер дегенде әлі тұғырдан таяр емес. Өмірі өнермен өрілген нағыз әнші міне, осылай болса керек-ті.
Бұдан кейін Алматыдан келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлту Қабаева да тыңдарман қауымды жайдары, ашық дауысымен баурап алып, кезекті Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Қазақконцерт» солисі Тельман Құжымановқа берді. Оның да шырқаған Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінің» көңіл қылын дөп басатын тағы бір түрі жүректі тербеп кете барды.
Жалпы, талмас талант Мұса Асайыновтың туған елі – Көкшесінде жүріп, қазақ өнеріне сіңіріп кеткен өлшеусіз еңбегі оның өзінің туған атасы Үкілі Ыбырайдан бастап, басқа да белгілі әншілердің халық арасында ұмыт болып келген көптеген туындыларын ерінбей-жалықпай, тірнектеп жинап, ұлттық қазынамызға қосып кетуінде жатыр. Жоғарыда аңғартқанымыздай, бұл шығармашылық кеште сол әндердің Мұсаның көзі тірісінде өз орындауынан кейін араға көптеген жылдар салып, қайта бір жаңғыруының өзі осы бір халық өнерпазына көрсетілген құрметтің үлкені болса керек. Жастайынан өнер жолын қуған Мұсаның ұстазы кешегі Үкілі Ыбырай, Ақан серілердің көзін көрген Молдахмет Тырбиев болатын. Ол кісі Арқадағы осы саңлақтардың мұрасын әріден бергі заманға жеткізіп қана қоймай, өзі де ән шығарған. Молдахмет әншінің сондай бір әні – «Қайран жастық». Ол да Мұсаның орындауында кезінде айтылып жүргенімен, бертін ескерусіз қалған. Сол ән де осы кеште елордалық Сырым Мұхамеджановтың орындауында қайта бір жүректерді елжіретіп, көпшілік көзайымына айналды. Сондай-ақ, Мұса замандасының талантын қатты қадірлеген, Көкшетау бауырында бірге жүріп, бірге тұрған Еркеш ақын, кәдімгі Еркеш Ибраһимнің «Дала қандай тамаша» өлеңіне Ерлан Төлеутайдың өзі ән жазған екен. Сырым әнші сол әнді де қоса орындап, тыңдаушысына қапысыз жеткізіп берді.
Бұл ретте, «Ән-жырдың Меккесі Көкшетаудан шыққан төрт дүлдүлімізді Мұсадай ақтаңгеріміздің тойында бір-бірінен бөлмей, бәрінің де әндерін тыңдарман көкірегіне бір қондырып алғанымыз дұрыс шығар» деп толғанған Ерлан бауырымыздың жөн білуін де қолдай түсесің. Төрт дүлдүліміз дегені – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай және Балуан Шолақ. Бұған дейін біз осы сахнадан әлі көріп білмеген кілең бір сайдың тасындай мықтылар сол бабаларымыздың құлақтан кіріп, бойды алар небір кең тынысты ғажап әндерін домбырамен құйқылжытып, көкіректерге құйып бергенде Мұса аруағына және бір сыйынасың. Өйткені, осы бір баршаның делебесін қоздырып, ұмытылмас қуаныш сыйлаған құнды кеш Мұса Асайыновтың мерейтойы арқасында мүмкін болып отыр ғой.
Осы салтанатқа бір шеті Алматы, бір шеті Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларынан ат басын тіреген әншілердің арасында бір осалы жоқ. Бәрі де түрлі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары. Ылдидан шауып, төске озған нағыз дарындар. Өнер өлкесінде бірін-бірі толықтырған ағайынды Тельман, Ерлан және Жоламан Құжымановтардың өзі неге тұрады! Осы кеште Тельман Кәкімбек Салықов ағамыздың сөзіне жазылған Мұсаның өзінің «Тіршілік» әнін де шырқаса, екінші бауыры Үкілі Ыбырайдың «Желдірмесін», ал, ағалары Жоламан тағы да осы ән атасының «Жалғыз тау» және «Құлтума» әндерін шабыттана орындауларымен көпшілік есінде қалды.
Мұсаның әні демекші, бір шүкіршілігі, ақын, әнші-композитордың орындауындағы кей әндердің таспаға жазылып, өз бейнесімен бүгінгі күнге аман-есен жеткен тұстары да бар екен. Кеш орталана бере, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» әнін солай бір тыңдау мүмкіндігі туғанда, зал майда қоңыр сырлы дауысқа сілтідей тынды. Кешегі күні көпшілікті тәнті еткен асқақ дарын деген осы екен-ау, шіркін. Оның үстіне сахнаға асылдың тұяғы, өзіндей ақынжанды Еркеші де шығып, бірер ән кәдесін жасағанда, «Мұсадан аумайды» деп тебіренді жерлестері.
Ерлан Төлеутайдың айтуынша, ұйымдастырушыларда осы кеште еліміздің таңдаулы бір опера әншісіне «Қыз Жібек» операсының сәнін келтірген Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнінің нұсқасын айтқызу ойы да болыпты. Алайда, опера және балет театры гастрольдік сапарға шығып кетіп, «енді қайтеміз?» дегенде таңдау жастарға түскен екен. Сол жастар жағы да осы жолы аталмыш әнді тамаша орындап, баба мұрасына адал екендіктерін көрсетті.
Сөз соңына қарай осы кешке әжептәуір жерден ат арытып келіп, оның ажарына ажар қосқан Ержан Базарбеков, Құрмаш Ыбышев сияқты әншілерімізбен бірге, Көкшетаудың өз белгілі өнер өкілдері де белсене ат салысқанын айта кетуіміз керек. Солардың алды Қажыбай Жахин Мұсаның қазақ музыкасының білгірі Ахмет Жұбановтың мерейтойына барғандағы шоқтығы биік толғауының бүгінгі күнгі бірден-бір орындаушысы. Талантты әнші оны да асқақтатып, Үкілі Ыбырайдың атақты «Балқадишасын» да сезім қылымен шебер орындап, залды сілтідей тынғызды.
Ал, өнердегі сүйікті қыздары Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышевамен қауышу көкшеліктер үшін әрқашан да өз алдына бір қуаныш. Ерлан Төлеутай да сахнадағы елу жылдық өмірінің бағасын жақсы берген әнші қызымыз бір кезде үйіне де тұрғызып, өзі тәрбиелеп, қанат қақтырған ұстазының тойына тағы да Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғаны» мен «Көкшесін» тамылжыта шырқап, асқақ биіктен көрінді.
Бұл сайын даланы бір кездері дауылпаз әнге бөлеп, осы күні біз біле бермейтін өзге де дүлдүлдер өткен. Солардың бірі – Нүрке ақын. Нүркенің өзі аттас әнін, сонымен бірге халық арасында кең тараған тағы да Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Желдірме» әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның профессоры, бәріміз әрдайым жылы қабылдайтын Рамазан Стамғазиевтың орындауында тыңдаған жұртшылық осы кештен алған бұл әсерін де сірә, көпке дейін ұмытпайтын болулары керек. Бұл екі аралықта Ерлан Төлеутайдың өзі сахнада жоғары орындаушылық шеберлігімен көрініп, «Қалдырған» әнінің екінші бір түрімен, «Толқын», «Қызыл асық» әндерімен кеуделерге өнердің сөнбес нұрын құйған үш сағаттық шығармашылық кеш те осылай байқатпай өз мәресіне жетті. Әсіресе, бұл әсерлі концерттік бағдарламада Мұса ақынның жастайы-
нан бар көңілін жаулап алған, өнердегі алтын арқау бағдары болған Үкілі Ыбырай атасының сан алуан ән иірімдеріне тыңдаушының құлақ құрышы бір қанды десек артық емес.
Көкшетаулық өнер сүйер қауымға Мұса Асайынов мерейтойы аясында үлкен бір шаттық сезімін сыйлаған кеш қатысушыларына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан гүл дестесі ұсынылды. Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов құттықтау сөз алып, өнер қайраткерлеріне алғысын жеткізді. Мұса ағамыздың Алматыдан келіп отырған қызы Фатима Мұсақызының әкесінің туған еліне, бүгінгі тамаша өнер кешін сыйлаған әншілерге білдірген жылы лебізінде де үлкен ризашылық сезімі жатқаны анық еді.
Иә, халқына ұлттық өнердің өзіндік бір жауһарын сыйлаған Мұса ақынның өшпес ғұмыр көші толғаулы тоқсанды да артқа тастап, ғасырлық биігіне беттеді. Елі-жұрты аман болса, ол кезде де ата-баба мұрасының сарқылмас бір қайнар көзі болып табылатын Мұса Асайыновтың халқына сіңірген таудай еңбегі елеусіз қалмайтындығына, осылай көпке паш етілетініне бүгінгі мерейлі тойы дәлел.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар