Ұлтаралық келісім – ел бірлігінің негізі

Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысында бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің

қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында атқарып жатқан жұмыстары кеңінен сөз болды.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары, сондай-ақ осы ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаеваның төрайымдық етуімен өткен жиында Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Абай Бекбаев аудандағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, түрлі этнос өкілдерінің тілін, дәстүрін дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Ресми дерек бойынша бүгінгі таңда ауданда 48 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Оның алпыс пайызы қалада, қалған қырық пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Әсіресе орыс, қазақ, украин, неміс ұлтының өкілдері көп шоғырланған. Сонымен қатар, поляк, ингуш, белорус, әзірбайжан, корей, армян және басқа да этнос өкілдері тұрады.
– Ауданда этно-мәдени бірлестіктердің қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен өзара байланысына баса мән беріледі. Бүгінде ресми тіркелген 4 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар: «Қазақ тілі және мәдениеті», «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» қоғамдық бірлестіктері мен «Лад» республикалық славян қозғалысының Атбасар аудандық филиалы және Дала өлкесі казактарының одағы. Олар ауданның қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласады. Аналар кеңесі және 16 қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді, – деді аудан әкімінің орынбасары Абай Бекбаев. Осы орайда, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева Атбасардағы татар-башқұрт ұйымын Көкшетаудағы татар этно-мәдени бірлестігінің филиалы етіп тіркеу туралы ұсыныс айтты.
Кеңес отырысында Ақмола облыстық «Видергебурт» немістер қоғамы мен «Ақмола облысы поляктары» этно-мәдени бірлестіктерінің жұмысы туралы осы бірлестіктердің жетекшілері Светлана Корнеева мен Александр Суховецкий айтып берді. 1987 жылы құрылған «Видергебурт» бірлестігі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қарттарды қолдау бағытында бірқатар жобаларды іске асыруда. Ұйымның «Зодиак» деп аталатын өз жастар қанаты, театралды студиясы бар. Сонымен қатар, неміс тілін үйретумен белсене айналысуда. Бірлестіктің аудандардағы филиалдарына тұрақты ғимарат бөлу мәселесін көтерген Светлана Корнеева осы проблеманы шешуге аудандық әкімдіктер де қол ұшын берсе деген тілегін жеткізді.
Ал, өз сөзінде Александр Суховецкий Қазақстан мен Польша елдері арасындағы ынтымақтастық жылдан жылға нығайып келе жатқанын, Польша мемлекетінің астанасы Варшава қаласында бас көшелердің біріне «Қазақ» деген атау берілгенін, елде қазақ қауымдастығы жұмыс істейтінін атап өтті.
Кеңес отырысының соңында бірқатар себептерге байланысты Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы құрамының өзгергені және алдағы қарашада жергілікті ассамблеяның кезекті XXII сессиясы өтетіні туралы хабарлама жасалып, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Норик Ашотовичтің кандидатурасы ұсынылды. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, Норик Магламянға сәттілік тіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар