27 қазан – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні

Жаңа әлеуметтік көмек жұмысқа ынталандыруды да көздейді

Әлеуметтік салаға біздің елімізде мемлекеттік деңгейде әрдайым жете көңіл бөлініп, бұл салаға берілетін қаржы көлемі де жыл санап өсе түсуде. Ал, биылғы жылы енгізілген атаулы әлеуметтік көмек қолдауға мұқтаж көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларына жасалған үлкен қолдау болғандығы анық. Біздің облысымызда да бұл салада жақсы жұмыстар атқарылып келеді. Әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжановаға жолығып, елімізде 2020 жылдың қаңтарынан бастап енгізілетін тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің және көп балалы отбасыларға төлемдер тағайындаудың жаңа тетіктері туралы әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Дина Қамидоллақызы, жуырда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атау-
лы әлеуметтік көмек берудің жаңа тетіктерінің енгізілуі туралы хабарлама жасады. Осыған орай, АӘК алудың жаңа форматына тоқталсаңыз.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Соңғы бес жылда Қазақстанда АӘК алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан», деген болатын. Осыған орай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, көп балалы отбасылардың балаларына отбасының кірісіне қарамастан, мемлекеттік жәрдемақы берілетін болды. Яғни, отбасы үшін АӘК бөлек есептеледі. Өйткені, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі балалар төлеміне кепілдік берілетінін хабарлаған болатын. Ондағы мәселе – мемлекеттік көмектің жаңа тетіктерін тағайындау арқылы адамдарды жұмыссыздыққа емес, еңбекке ынталандыратындай етіп қайта қарау. Әрине, бұл қажеттілік әлдеқашан туындаған. Сонымен, АӘК табысы төмен отбасыларға, оның ішінде көп балалы отбасыларға төленеді. Демек, ең аз күнкөріс деңгейінің 70 пайызын тағайындаудың шекті өлшемі сақталады. Сонда 2020 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейі 31183 теңге көлемінде белгіленеді. АӘК мөлшері, бұрынғыдай, отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы арасындағы айырманы құрайды.
– Нақтырақ айтқанда, көп балалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы мөлшері қандай болады және біздің облыста қанша көп балалы отбасы бар?
– Орынды сұрақ. Алдымен айтар болсам, біздің облыста 3067 көп балалы отбасы бар, оларда 13 мың бала тәрбиеленуде. Бұл көпшілік үшін жақсы қолдау және әділ жасалған шешім дер едім. Мәселен, орташа есеппен алғанда, әр балаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері шамамен 10-11 мың теңгені құрайды. Көмек критерийлері де жоғарылады.
Көп балалы отбасыларға төлемдер тағайындау тәртібі өзгертілді. Осының арқасында АӘК-тің орташа мөлшері үш есеге ұлғайып, орта есеппен отбасына 63 мың теңгеден келіп отыр. Көмек алушылар саны да 9 есеге өсті, қазір 8,5 мың отбасы немесе 42 мың адам төлемдер алуда, олардың 36 пайызы көп балалы отбасылар.
Ақмола облысында төлемдер үшін қарастырылған қаржы 4,1 миллиард теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге көбейіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, ол 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған, 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көп балалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Яғни, 4 баласы бар отбасы үшін – 42500 теңге, бес балалы отбасы үшін – 53125, алты балалы отбасыға – 63750 теңге, 7 баласы бар отбасыға – 73370 теңге. Бұл ретте жан басына шаққандағы табысы, осы жәрдемақымен қоса, 21 мың теңгеден төмен отбасылар бұрынғыша атаулы әлеуметтік көмек ала алады.
– Әлеуметтік көмек көрсету барысында ағымдағы жылы қанша адамға қаржылай көмек көрсетілді және тұрғын үй көмегін алғандар туралы айтып өтсеңіз?
– 2019 жылдың 1 қазанына әлеуметтік төлемдер саласында 62 620 азаматқа жалпы сомасы 3 211 348,0 мың теңге төленді. Атаулы әлеуметтік көмек 8 241 отбасына тағайындалды, бұл –
40 205 адам. 7 994 отбасына, яғни, 37 734 азаматқа 2 555 528,1 мың теңге төленді. Ал, мүгедек балаларға материалдық қызмет көрсету мақсатымен 325 балаға көмек тағайындалды. Нақты 318 мүгедек балаға 11 007,8 мың теңге төленді.
1115 отбасына тұрғын үй көмегі тағайындалды, бұл 1 945 адам. 1 106 отбасына немесе 1 925 азаматқа 34 538,6 мың теңге төленді. Оған қоса, жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарындағы 23 462 адамға 610 273,5 мың теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді.
Бүгінгі таңда мүгедектердің орталықтандырылған қорының мәліметі бойынша облыста барлық топтағы 29 219 мүгедек тұрады. Оның iшiнде бірінші және екінші топта – 14 004 адам, үшінші топта – 12 360 адам, ал, мүгедек балалар 2855 баланы құрап отыр.
– АӘК-ті алуда еліміздің кейбір өңірлерінде адамдар мемлекеттен ақша алу мақсатында табыстарын жасырған көптеген фактілер жария етілді. Ал, біздің облыста осындай жалған құжат жасаған жағдайлар кездесті ме?
– Өкінішке орай, АӘК-ті алуда табыстарын жасырған көптеген фактілер біздің облыста да тіркелді. Бұл үлкен проблема. Сондықтан, қазіргі таңда 916 отбасына АӘК-ті төлеу тоқтатылды. Сөйтіп, 135 отбасы 32 миллион теңге көлеміндегі қаржыны бюджетке қайтарып берді. Осыған сәйкес, әлеуметтік келісім-шартты бұзу жағдайлары жиі кездесті. Әсіресе, отбасын асырудың орнына ұсынылған жұмыстан бас тартқандар да болды. Өйткені, оларға жұмыс істегеннен гөрі балаларға көмек алу тиімдірек болған. Бұл енді отбасын асыруға деген жауапсыздықтың ең бір сорақы тұсы десе болады. Ал, ендігі жерде егжей-тегжейлі тексеріліп, бәрі басқаша жүргізіледі.
– Енді жаңа форматтағы мемлекеттік көмек кімдерге, қалай тағайындалады және оның негізгі бағыттарына тоқталсаңыз.
– Әлбетте, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжауынша, 4 немесе одан да көп баласы бар 340,3 мың отбасы көп балалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақы алуға тиіс. Бұдан шығатын қорытынды, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап, еліміздегі көп балалы отбасылар саны өсетіні кәміл. Міне, сондықтан АӘК алушылар саны да арта түсетіні сөзсіз. Мемлекет ең алдымен балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Бүгінгі таңда Министрлік үш негізгі бағытты қамтитын шаралар кешенін әзірледі. Біріншіден, көп балалы отбасылар жеке санатқа орналас-тырылады. Оларға табыс деңгейі ескерілмеген кепілдендірілген жеңілдіктер беріледі. Бұл көп балалы аналардың қаржылық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, олардың беделін әділ мойындау болып табылады. Екінші бағытта табысы төмен азаматтарға, соның ішінде көп балалы отбасыларға бұрынғыдай АӘК өлшемдері төленеді және оларды жұмысқа орналасуға ынталандырылады. Үшіншіден, барлық АӘК алушылардың балаларына, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады.
– Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінің ішінде «Жұмысқа ынталандыру» термині бар, бұл нені білдіреді?
– Бұл алдымен жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы. Мәселен, елімізде «Еңбек» бағдарламасының әлеуетін барынша арттыру жоспарлануда. Сондықтан, табысы аз отбасыларға мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындары беріледі және жеңілдетілген шағын несиелер мен бизнесті бастау үшін қайтарымсыз гранттар ұсынылады. Нақтырақ айтсақ, біздің көптеген АӘК алушыларымыз қазірдің өзінде гранттар алып, ауылда шағын кір жуатын орындар, ателье, шеберханалар ашып, жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, мал мен мал сүтін сауу машиналарын сатып алды. Мұның бәрі тұрақты жұмыс табу қиын болған кезде де қолжетімді шағын бизнестің нақты мысалдары дер едім. АӘК тағайындаудың негізгі шарттарының бірі – жұмыс істеу және отбасына деген жауапкершілікті күшейту. Яғни, оны тағайындаудың жаңа форматына сәйкес, егер еңбекке қабілетті отбасы мүшелері ұсынылған жұмысқа бармаса және жұмысқа орналасудан бас тартса, АӘК төлеу тек оған ғана емес, сонымен бірге бүкіл отбасына тоқтатылады. Демек, өкінішке орай, балаларға да ақы төленбейтіндей қаупі бар екенін ескерген жөн.
– Қазіргі таңда тұрмысы төмен отбасылардың балалары мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Ал, жаңа форматтағы мемлекеттік өзгерістер бойынша өзіңіз жоғарыда айтқандай, балаларға берілетін әлеуметтік пакеттің ішінде не барына нақты тоқталып кетсеңіз?
– Дұрыс айтасыз. Бұдан былай бастапқыда балалар тағамы мен гигиеналық заттарына бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінетін болады. Баланың жасына байланысты оларға жарма, жеміс пюресі, шырындар, гематоген, сүт өнімдері берілетін болады. Сондай-ақ, оның ішінде мектепке дейінгі жастағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін балалар тағамдары, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері ұсынылады.
Ал, мектеп жасындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен мектеп құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу көзделіп отыр. Оған қоса, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу аясында барлық балалар ақысыз медициналық көмек алуға құқылы. Нақтырақ айтсақ, 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі.
Міне, осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көп балалы отбасылардың проблемасын шешуге мүмкіндік мол деп ойлаймын. Еліміздің ертеңі – балаларымыздың денсаулығы мықты болса, солғұрлым білімді ұландарымен болашағымыз да жарқын болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар