Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтының Құтқарушы күніне арналған салтанатты жиналысы болып өтті.
Бұл шараға аталмыш институттың басшылары мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органының ардагерлері мен меймандары қатысты. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбековтың мерекелік құттықтау хаты оқылды. Көкшетау техникалық институты бастығының міндетін атқарушысы Ерлан Бекенов өз құттықтау сөзінде адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқарушының негізгі ұстанымы жөнінде айтып өтті.
–Тәуелсіздік жылдары құтқарушылар мен өрт сөндірушілер біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларда адамдардың өмірі мен мүлкін құтқарып келеді. Олар азаматтарға әрқашан қолұшын созып, өз міндетін абыроймен атқаруға дайын. Табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы тұратын білікті мамандардың көбі біздің оқу орнының түлектері. Елбасының Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, министрлік тарапынан ведомстволық жоғары оқу орындарының рөлі арттырылуда. Биылғы жылы облыстық маңызы бар қалалардағы өрт сөндіру қызметінің 16 кәсіптік дайындық мектебі 4 өңірлік оқу орталығы болып қайта құрылды. Қазір олар Көкшетау техникалық институтының құрамына берілген. Жас ұрпаққа кәсіби білім мен патриоттық тәрбие беріп жүрген оқытушы, профессорлық құрамды және құтқарушылардың мерейлі дәстүрін сақтауға үлкен үлес қосқан ардақты ардагерлерімізді ерекше атап өткім келеді,–деді Ерлан Бекенов. Шарада Ішкі істер министрінің бұйрығымен өз қызметтік міндетін абыроймен атқарған, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, азаматтық қорғау саласын дамытуға үлесін қосқан Бейсенбай Исинге полковник шені берілді, ал, полковник Қуанышбек Кәрменов пен капитан Қайрат Оспановқа осы саланы дамытуға қосқан үлестері үшін тиісті марапатқа ие болды. Сондай-ақ, салтанатта Қазақстанның азаматтық қорғау органдарының мамандарын әзірлейтін оқытушылар мен курсанттарға ведомство басшылығы мен институт бастығы атынан көптеген наградалар табыс етілді. Құтқарушы күніне арналған конкурстардың қорытындысы бойынша үздік оқу орны, үздік оқу тобы, үздік курс марапатталды. Сондай-ақ, қызметкерлердің балалары арасындағы сурет және қабырға газеті конкурсының жеңімпаздарына сый-сыяпат көрсетілді.
Жиналғандар институт курсанттары мен Мәдениет сарайындағы шығармашылық ұжымдардың күшімен дайындалған концертті тамашалады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.