Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қамқорлығын көп көрдім - АРҚА АЖАРЫ

Қамқорлығын көп көрдім

Өткен ғасырдың 1962-1972 жылдары аралығында Көкшетау қаласындағы №3 қазақ орта мектебінің жанындағы пансионда тұрып білім алдық. Өңірдің әр аймағынан келген бірінің әкесі, бірінің анасы жоқ ұл-қыздар, малшы, шопанның балалары толық мемлекет қамқорлығында болдық. Бір отбасының өрендеріндей тату-тәтті күн кешіп, терең білім алуға ұмтылдық. Солардың арасында оқуға зерек, шашы тікірейген, өзіміз «кірпі» деп атап кеткен Амантай Бекенов Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылынан еді.

Күнде кешкілік жатар алдында Батыр Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі екендігін мақтан етіп, көзімізді ілгенше атасының ерліктері жайлы айтудан жалықпайтын. Арасында Көкшетау облыстық радиосында Жанатай дейтін ағасының қызмет ететіндігін жеткізетін. Сенбі-жексенбі күндері ағасының үйіне барып, фонарикке батареялар алып келіп, біздерге үлестіріп беретін. Бауыры ұсынған ақшаға тәттілер сатып алып, бөлмедегі балалармен бөлісуді де ұмытпайтын.
Амантай арқылы сырттай танып, сәлем-сауқатынан жиі дәм тататын пансион тәрбиеленушілері журналист Жанатай Бекеновті жомарттығы арқылы жақсы көріп қалдық. Онымен жүздесіп, қолын алып сәлемдесу арманға айналғаны шындық. Әуе толқынындағы әуезді дауысы, жүйелі сөз саптасы бойымызды балқытып, малшы-шопандар жайлы берген радио-репортаждары ауылға деген сағынышты арттыра түсетін. Әсіресе, 6-7 сыныптан бастап мектеп қабырға газетіне тырнақалды мақала жазып жүретін сыныптасым Ерғали Ескендіров екеуміздің қиялымызға көбірек қанат бітіруші еді.
«Сабақты ине сәтімен» демекші, 1970 жылы күн көсем Владимир Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай, Көкшетау қаласы мектептері оқушылары арасында шығарма жазудан байқау өтті. Осы бәсекеде менің еңбегім ерекше бағаланды. Сыныптас досымның асқар таудай ағасы, бізге сырттай қамқоршы болып жүретін радиожурналист Жанатай Бекенов пансионға мені өзі іздеп келді. 30-дан енді ғана асқан, қалың қара шашын артына қайырған Жанатай аға:
– Сен жайлы Амантай жиі айтады. Екеуінің бокс үйірмесіне бірге барып жүретіндеріңді білемін. Аздап өлең, мақала жазады екенсің. Қадамыңа гүл бітсін. Ленин туралы шығармаң қазылар алқасының көңілінен шықты. Мектеп директоры Нұртай Баймағамбетовтің кабинетінде сен туралы жақсы әңгіме қозғалды. Шығарманың мәтінін репортерге оқып бер деп, мен бұрын-соңды көрмеген микрофонды ұсынды. Небәрі екі беттік шығарманы маңдайымнан терім сорғалап, дауысым дірілдеп әрең оқып шықтым. Бірер күннен кейін №3 қазақ орта мектебінің 8 «а» сыныбының тәртібі төмендеу, сабағы нашар, тентек оқушысы облыстық радио арқылы дүйім жұртқа танымал болып шыға келді. Менің журналист Жанатай Бекеновпен жақын танысып, тілдесуім сол бір сәттен басталып, ұзақ жылдарға жалғасты.
Қасиетті Торғай өңірінде бірнеше жыл бокс бапкері, облыстық радио мен газетте тілші болып еңбек етіп, 80 жылдардың басында Көкшетауға оралдым. Алғашында облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде еңбек етіп, кейін радиоға ауыстым. Ол бір естен кетпес тамаша күндер еді-ау. Абзал ағаларым Мұрат Жексенбин, Сәкен Әубәкіров, Кемел Жетпісов, замандасым Үкітай Ахмадеев құшақ жая қарсы алды. Жанатай ағаның қуанышында шек болмады. Інім Амантайдың сыныптас досы деп құрақ ұшты. Радио- журналистиканың мен білмейтін қыр-сырларына үйретті.
Сол кезде Жанатай Бекенов журналистік жұмыстан қолы қалт еткен бос уақытында немере ағасы, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин жайлы зерттеу мақалалар жазып жүретін. Ерінбей, жалықпай орталық алаңдағы почта үйіне барып, қалааралық телефон жүйесі арқылы Мәскеу, Ленинград қалаларындағы архив қызметкерлерімен сөйлесіп, Мәлік Ғабдуллин жайлы мәлімет жіберуді сұрайтын. Осы орайда сүйікті жары, Көкшенің көрікті қыздарының бірі, айыртаулық апайым Мәриям Кенжеахметқызы екеуі бірлесе жұмыс істеді. Сол еңбектің нәтижесінде Көкшетау қаласындағы бүгінгі Мәлік Ғабдуллин музейінің іргетасы қаланды.
Жанатай ағаның кейінгі толқын іні-қарындастарына көрсеткен қамқорлығы аз емес. Мектепті бізден үш жыл кейін бітірген Қуанышбек Әжіғұлов Алматы дене тәрбиесі және спорт институтын 1983 жылы тәмамдап, ауылға оралды. Бокстан КСРО спорт шебері, Польшада өткен халықаралық ірі турнирдің «Алтын белбеу» иегері Қуанышбектің Көкшетауға келуін сол кезде облыстық спорт басқармасының тізгінін ұстап отырған өзге ұлт өкілдері онша ұната қоймады. Әртүрлі сылтаулар айтып, бапкерлік қызмет ұсынбады. Осы тұста аймаққа танымал радио журналист Жанатай Бекенов Қуанышбек Әжіғұловты қолынан жетектеп, облыстық мектеп-интернат директоры елжанды азамат, марқұм Жылқыайдар Бекболатұлы Нұркеевке алып барды. Ешбір сөзге келместен Жылқыайдар Бекболатұлы жас маманды дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі және бокс бапкері етіп жұмысқа қабылдады. Ал, Қуанышбек Әлияға үйленіп, отау құрғанда, отбасылық жатақханадан бір бөлме алып беріп, тағы да қамқорлық танытты. Қуанышбек Асылбекұлы да өз кезегінде ағалар аманатын бұлжытпай орындап, санаулы жылдарда осынау қара шаңырақтан елге танымал талай талантты спортшылар мен боксшыларды тәрбиелеп шығарды.
Жанатай Бекенов қазақ журналистикасына Кеңестер Одағының Батыры, академик, жазушы, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің жұртшылық жете біле бермейтін қырлары мен сырларын ашып берген қаламгер ретінде де есте қалатыны анық.

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар