Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру мақсатында
Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобының мүшелері Зеренді ауданындағы Викторовка ауылының және Көкшетау қаласының бірқатар әлеуметтік өндірістік нысандарын аралап, тұрғындарымен кездесті. Жұмыс тобының құрамында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров бар.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажары»
Үкімет мүшелері сапарын Викторовка ауылынан бастады. Мектеп директоры Жәмила Қасенованың айтуынша, бүгінде білім ошағында 204 оқушы тәлім-тәрбие алуда. Оның ішінде Бөгенбай би ауылында тұратын 13 оқушы шағын автобуспен тасымалданады. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы 59 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ал, мәдениет үйін аралап, тұрғындармен кездескен вице-премьер Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарын түсіндірді. Вице-премьер келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап еңгізілетін көпбалалы және мұқтаж отбасыларға арналған көмектің жаңа әдісі туралы жан-жақты айтып берді.
Викторовка ауылында 1247 адам тұрады. Мұндағы қазіргі күнгі жұртты толғандырып отырған басты мәселе – орталықтанған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету.
- – Бүгінгі күні ауылдағы басты мәселе – ауыз су. Бұл туралы айтылғанына қанша жыл. Әлі күнге дейін шешілетін емес. Жергілікті шаруашылық суды тұрғындарға тасымалдап жеткізіп береді. Осы мәселенің шешілуіне көмектессеңіздер, – дейді ауыл тұрғыны Любовь Берюкова.
Осы ретте, вице-премьер тұрғындардың сауалын тыңдай келе, бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетінін айтты.
Сапар барысында үкімет мүшелері Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепте болды. Білім мекемесінің іргесі 1968 жылы қаланған. Бүгінгі күні мұнда 200 оқушы білім алуда. Көрші ауылдардан келіп оқитын балалар арнайы автобуспен тасымалданады.Білім ошағында Үкімет мүшелері Зеренді ауылының тұрғындарымен кездесіп, халықтың әлеуметтік жағдайларын сұрап білді және сауалдарына құлақ түрді.
- – Біздің сапарымыздың басты мақсаты – мемлекеттік бағдарламалардың жұмысы мен нәтижесіне көз жеткізу, – деді тұрғындармен жүздесуінде Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары мемлекеттің басты міндеті – халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді сапалы орындау екенін атап өтті. Бұл туралы әлеуметтік қызметкер Виктория Кох айтып берді.
- – Мен сегіз адамның үйіне барып, әлеуметтік қызмет көрсетіп жүрмін. Әр адамға екі сағат уақыт бөлемін. Мұқтаж адамдар тұрмыстық, медициналық және әлеуметтік көмекке зәру – дейді ол.
Оның сөзінше, шілде айынан бастап еңбекақысы өсіп, 75 мың теңгені құраған. Ал, тиімді еңбекпен қамтуды дамыту бағдарламасының қатысушысы Райхан Сәрсенбаев мелекеттен бөлінген грант арқылы отбасылық табысын арттырып пәпақасын тауып отыр.
– Мен 250 мың теңге грант алып, оған қаз сатып алдым. Осының арқасында отбасылық табысым арта түсті , – дейді ауыл тұрғыны.
Сонымен қатар, Үкімет мүшелері Зеренді аудандық емханасында болып, денсаулық сақтау саласына қатысты түйткілді мәселелерді талқылады және оны шешу бағытында үкімет тарапынан қолға алынған шараларды айтып түсіндірді. Медициналық мекеме осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бір ауысымда 250 келушіге арналған емхана аудан тұрғындарына 14 бағыт бойынша медициналық қызмет көрсетеді. Мекемеде 38 дәрігер мен 198 орта медицина маманы жұмыс істейді.
Бұдан әрі Үкімет мүшелерінің сапары Көкшетау қаласында жалғасты. Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында медициналық қызметкерлермен кездесуде сөз алған Бердібек Сапарбаев арнайы баяндама жасап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде денсаулық, әлеуметтік медициналық сақтандыру салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен бөлінетін қаржы туралы айтты.
Кездесуде медицина саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, медициналық қызмет сапасын арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелері талқыланды.
- – Бүгінгі күні республика бойынша шартты түрде халықтың 87 пайызы сақтандырылған болса, оның ішінде 10 миллион адам жеңілдетілген санатқа жатады, 5,4 миллион жалдамалы жұмысшылар, 700 мыңға жуық жеке кәсіпкерлер, тағы басқа топтағы 200 мың адам бар. Елдің азаматтары жүйенің дербес қатысушылары бола алады. Ақмола облысы бойынша 392,4 мың адамға жеңілдік жасалады. 234,8 мың адам жалдамалы жұмысшылар қатарына жатады. 30,9 мың адам жеке кәсіпкерлер. Осылайша, Ақмола облысы халқының 90 пайызы сақтандыру жүйесіне енгізілді, – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров.
Осы ретте, Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізу арқылы денсаулық сақтау саласы жүйесін қаржыландыру көлемі артатынын атап өтті.
- – Бүгінгі жиі айтылып жүрген мәселе — медициналық қызмет сапасы. Бұл туралы БАҚ-тардан естіп, көріп те жүрсіздер. Осы бағытта Үкімет тарапынан денсаулық саласына қыруар қаржы бөлініп келеді. Сондықтан, әр дәрігер қызметіне адал болып, халыққа сапалы қызмет көрсеткені маңызы. Жалпы, келер жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруда мәселе туындамауы керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу арқылы біз барлық мәселені шешуіміз керек, – дейді вице-премьер.
Сонымен қатар, кездесуде халықты уақтылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.