Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Қазақтың кейбір ру тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды… Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін» деген болатын.
Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы түркі қағанаттарының жалғасы болған Керей, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Меркіт, Оңғыт (Уақ), Татар, Моңғол (Мұғул), Жалайыр, Арғын т.б. тайпалары бір бәйтеректің алтын бұтақтары болған,.
Керей мемлекеті және оның қуатты ханы Тұғұрұл хақында да тарихи деректер өте көп. Қытай, парсы деректері және Әлкей Марғұлан секілді тарихшылар керейлерді «Санбилер тұсынан әлемге әйгілі қазақ тайпасының бірі» деп жазған. Көне деректерде керей атауы «керейт» түрінде кездеседі. Мұндай деректер «Моңғолдың құпия шежіресінде», XIV ғасырдағы парсы тарихшысы Рашидденнің «Жамих-ат тауарих» кітабында, Әбілғазы Әл-Хорезмидің «Түрік шежіресінде» де бар.
Шығыс түрік қағанаты құлағаннан кейін оның орнынан бой көтерген алып мемлекеттің бірі – «Керейт мемлекеті» болды. Басқа елдер мен ұлыстар олармен үнемі санасып отырған.
Керей хандығына енген негізгі тайпалардың санын Рашид-ад-Дин «200 мыңдай халқы бар еді» деп көрсетеді. Ал Арстов болса: «10 ғасырдағы керейлердің жан саны 900 мың адамға жеткен» деп жазған. Керей хандығы ХІІ ғасырдағы Маркуз Бұйрық ханның тұсында гүлденіп-көркейген әйгілі мемлекетке айналды. Орта ғасырлық жазбалар Керейлер елін «Алтын кеседен ас ішіп, алтын ер-тұрман сайлаған бұл халық еді» деп көрсетеді. Тайпалар мыңдықтар мен жүздіктерге бөлінген. Олардың бас қаласы Қарақорым болды. Маркұз Бұйрық ханның ұлы Құржакұз Бұйрық хан қаза болғаннан кейінгі тақ таласында немересі Тұғұрұл хан (Уаң хан) тарих сахнасына көтерілді.
Тұғұрұл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен. Есукейдің серт байласқан досы. Шыңғыс ханның әрі ұстазы әрі өкіл әкесі. Бүгінгі біз көтеріп отырған Жошыға ата жолындағы адам.
Моңғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинауы осы Тұғұрұл ханның арқасы екеніне еш шүбә келтірмейді. Тіпті моңғол ұлтының арасында күні бүгінге дейін өздерін мақтанышпен Тұғұрұл ханның әулеті санайтындар да көп. Осы жолдардың авторы ежелгі Түркі жұртын кезіп, Тұғұрұл ханның қыс қыстау, жаз жайлауын көргенде Ұланбатыр өңіріндегі жерлік ауылдағы моңғолдардың ол орындарды қасиеттеп «Тұғұрұл ханның – Уаң ханның жұрты» деп күні бүгінге дейін ақтық байлап әспеттейтінін де өз көзімен көрген.
Тарихи деректер бойынша Алтын елінің императоры Тұғұрұлға «Хандардың ханы» деген мағынамен «Уаң хан» деген атақ беріп, кейін келе ол ханның есімі ретінде аталып кеткендігі айтылады. Тегі итальян, жиһангер Марко Поло: «Әлемге аты әйгілі, әсіресе, еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі. Кейде «Оң хан» деп атайтындар да бар.
Заман өте келе Тұғұрұл хан да Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Шегініс жасап батыстағы найман хандығына бас сауғалап бара жатқанда шекара күзетіндегі қарауылдар қолынан оқыс жағдайда қаза табады. Кім екенін танымай оқиятта өлтірілген адамның атақты керей Тұғұрұл хан екенін кеш таныған найманның Таянханы қатты қайғырып, оның бас сүйегін күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтқан екен. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтауда:
Уа, Тұғұрұл, Тұғұрұл,
Айбатты алып хан едің,
Даңқың кеткен әлемге,
Атағы зор жан едің,
Құтлық әже өсірген,
Бұйрықтан туған дана едің…, –
деген жыр жолдары бар.
Тұғұрұлдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Оның үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғысханның кіші ұлы Төлегетай үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар – Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арықбұқа төртеуі туған. Демек, қазақтың «ер тағайына тартып туады» (тағайы – нағашысы) немесе «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген сөздері осындайға қаратылып айтылған ғой. Атақты Тұғұрұл ханның жиендері бүкіл әлемді алақанына салған әйгілі тұлғаларға айналды.
Тұғұрұл хан өлгенмен оның халқы торғайдай тозып кеткен жоқ. Олар Шыңғыс ханның түркі-моңғол әскерлері құрамындағы негізгі күшке айналды. Әлемді ат тұяғымен бағындырып, қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. Шын мәнінде қазақ мемлекеттігінің төркінін ұлт ретінде атала бастаған бергі тарихтан емес, арғы дәуірдегі қыпшақтар, қаңлылар, меркіттер, керейттер мен наймандардың мемлекеттерінен қарастырсақ, Тұғұрұл хан мемлекетіміздің ірге тасын қалаушы ежелгі тұлғаларамыздың бірі саналады.
Монғолдардың билігін қабылдаған керейттер жойылып кетпей, керісінше, Шыңғыс ханның және оның ұрпақтарының Орта Азия, Қытайға, т.б. жерлерге жасаған жорықтарына қатысып, қырғыз, өзбек, әсіресе, қазақ халқының негізін қалауда басты рөл атқарады.
Рашид-ад-диннің хабарлауынша: «керейт Кеюк (күйік, кейкі) батыр Шыңғыс ханға жүздеген жауынгермен қызмет етуге келді. Керейттер шыққан Кұйду Әмір Шыңғыс ханға көшіп келіп, керейттермен тун-кайттерден мың жауынгер жасақтады. Оның ұлы Құртаке (Құртке) осы мың жасақты басқарса, інісі Абишка (Әбіш) Шыңғыс ханның басты және сенімді кеңесшісінің бірі болды. Сібір аймағында Тайбұға басқарған керейттердің ұлкен ұлысы болғандығы тарих жазбаларында бар. Бұл туралы Сібір жылнамаларында мынадай деректер бар. Есіл өзенінің Магмет заңындағы (мұсылман діні) Он атты патша өмір сүрді. Тайбұға – оның ұлы. Шыңғыс оны жақсы қарсы алып, өзін бағынғандардың бірінші князі деп атап, оған жеке жер үлесін берді. Шыңғыс патша Тайбұға князға үлкен құрметпен қарады және Тайбұға Шыңғыс патшадан өзі тұрғысы келетін жер сұрады. Шыңғыс патша «қайда тұрғың келсе, сонда тұр, – деп жібереді. Тайбұға князь бүкіл өзінің керейт руымен Тұра өзеніне кетіп, сол жерде Шымға қаласын көтерді, Түмен (Тюмень) қаласы осы жерде».
Түмен қаласы хақында А.Андреев: «…Шыңғыс, Ван ханның ұлы Тайбұғаны жібер, қай жерде тұрғысы келеді, сол жерде тұрақтасын. Ол Тұра өзенінің бойына келіп, қала тұрғызды, оны Чимгий деп атады, қазір ол жерде Түмен деп аталатын христиан қаласы орналасқан», – деп атап көрсетеді (Андреев А., Строгановы. Энциклопедическое издание. М. 2000. 592-с.). Бұл қазіргі Тұрғақ өзенінің жағасына орналасқан Түмен қаласының аумағы. Қазақтар бұл өзенді ерте кезде Тұрғақ десе қазіргі орысша атауы Тура.
Шыңғыс ханның Тайбұғаға Батыс Сібірден жер бөліп бергендігін ескерсек, оның Орта Азияны жаулауға өзімен бірге келген керейттерге осы аймақтан жер үлесін беруін тарихшылар жоққа шығармайды.
Бұл оқиғалар хақында Н.А.Аристов: «…Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді» (Аристов Н.А., Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897. 182-с.) дейді.
Сібір хандығы және оның мұрагерлері хақында Г.Ф.Миллер «Сібір тарихы» (Миллер Г.Ф., История Сибири. Т. 1. Москва. Восточная литература, 1999.) еңбегінде егжей-тегжейлі баяндаған.
Алмағайып замандар салдары және орыстардың отаршылдық кезеңі қазақтар мен олардың қоныстанған өңіріне де сан түрлі өзгерістер ала келді.
«Сібірдің Ресейге қосылуына себеп болған XVII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына орай Орта жүз қазақтарының солтүстік-шығыс және солтүстік жерлер территориялары біраз өзгеріп, Тур, Тобыл, Ом жерлерінде көшіп жүрген қазақтың керей тайпасы, оңтүстік Сібірге және Солтүстік Қазақстан жерлеріне ығысуға мәжбүр болды» (Муканов М.С., Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата. Наука, 1974. 88-с.).
Тұғұрұл (Оң) ханның ұрпақтары Алтын Орда дәуіріне дейін өз үстемдіктерін жойған жоқ. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде Жошы-Шибан нәсілімен тайталасып, әуелде Шибан әулеті жеңіске жетсе де, Тайбұға тұқымы қайта билік құрды. Тайталасқан билік таластары ортасында тарих сахнасына Сейдақ хан келді. 1582 жылы Сібір ханы Сейдақ Тайбұға ұрпағы ретінде Қазақ ханы Тәуекелмен Одақтық келісімге қол қойып, оның ағасының ұлы Ораз Мұхамедті аманатқа алған еді.
Сейдақ хан Ермакты жеңіп Сібір хандығын қайтарып алды. 1588 жылға дейін хан болып отырды. Тұғұрұл (Оң) ханның ұрпағы Сейдақ хан Тобыл қамалында, аяр опасыздық нәтижесінде, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедпен бірге тұтқынға түсіп, Мәскеуге жөнелтілді.
Әлі де тереңдей зерттеуді қажет ететін дерек көздері бойынша Тұғырыл ханның немересі (кей деректе ұлы) Тайбұғаның хандық құрған мерзімі 1220-1290 жылдар болса, өмір сүрген уақыты 1201-1290 жылдарға тура келеді. Хандық мұрагерлері мен ханзадалар есімдерінен — Мамық хан, Хожа Марданұлы (орыс дерегінде Ходжа Марович), Алшағыр Қағанұлы, Сауысқан, Шегір Алшағырұлы, Дәулетше Омарұлы, Әбілқайыр, Абалақ (Абақ) хан, Ангиш (Аңғал) хан, Мұса би, Мұхамед Тайбұға Әбдірұлы, т.б. көптеген кісі аттары кездеседі.
Тұғұрұл хан мемлекетінің бір бұтағы болған Тайбұға негізін қалаған Сібір хандығына келесі (2020 жыл) жылы 800 жыл толады. Хандары мен халқы Қазақ халқының негізін қалаған ру-тайпалар құралған Сібір хандығы Азияның саяси сахнасында биік мінберге көтерілмесе де, мемлекетті құраушы тайпаның ұрпақтары қазақ мемлекеттігінің тұғырлы туының астында ордалы ел болып отыр.
Тұғұрұл хан және оның ұрпағы болған Тайбұға мен Сейдақ ханның да ошағы күні бүгінге дейін сөнген жоқ Ұлардай шулаған ұрпақтары қазіргі қазақ жерінде тұрып жатыр. Жер шарына тарыдай шашылып кеткендері де аз емес. Хандар қара шаңырағының түтінін түтеткен ұл-қыздарының бір бөлімінің Қызылжар, Ақмола облысы, Көкшетау, Бурабай, Біржан Сал ауданында, Степногорск қаласында, Ақсу ауылында, Щучинск қалаларында тұрып жатқанын да мақтанышпен айтуға болады. Әрі олар қоныстанған аймақтардағы Тайбұға, Сейдак хан жұрттарының зерттеуді қажет ететіндігін де ел есіне салғымыз келеді.
«Тұғұрұл хан» мен ол құрған мемлекет және оның мұрагерлері хақында қазақ қаламгерлерінен – Ш.Құдайберді, М.Көпейұлы, Ә.Марғұлан, М.Тынышбаев, С.Мұқанов, М.Мағауин, Ш.Құмарұлы, З.Сәнікұлы, М.Қозыбаев, З.Қинаят, А.Күзембаев, Ж.Ошан, т.б. қаламгер еңбектерінде көптеген деректер қамтылған.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының,
Еуразия Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі.