Көкшетау қаласындағы «Cinema Alem» кинотеатрында бітімгершілік миссиясы барысында
Тәжік-Ауған шекарасында болған қақтығысқа қатысқан қазақстандық батальон туралы «Қазбат» көркем фильмі көкшелік көрермендердің назарына ұсынылып, оң бағасын алды.
Көрермендермен бірге фильмді тамашалаған Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, Тәжікстан аумағында көз жұмған қазақстандық жауынгердің анасы Жанат Бекебаева және өзге азаматтар сөз алып, жастарға партиоттық тәрбие беретін осынау фильмді түсіру маңызына тоқталды. Осы ретте, Алтынай Әміренова тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан қазақстандық батальонның бейбітшілік орнатудағы миссиясы туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол фильмді түсіруге сол соғыс қимылына қатысқан ардагерлер ұйытқы болғанын атап өтті.
Айталық, фильмде Қазақстан Республикасы тәжік-ауған шекарасында 1995 жылдың көктемінде болған оқиғалар баяндалады.
Сол жылдың 7 сәуірінде Пшихарв шатқалында Қазақстанның ішкі әскерлерінің жетінші ротасына саны көп содырлар қарулы шабуыл жасады. Ұрыста 17 қазақстандық жауынгер қаза тауып, 33 адам жарақат алды. Ауғанстан жағынан шабуыл жасаған дұшмандар Тәжікстан шекарасынан өтіп кетпек болды. Алайда, олар ТМД әскерлері тарапынан қарсылыққа тап болды және бес сағатқа созылған шайқастан кейін шегінуге мәжбүр болды.
Фильм идеясының авторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, режиссері – Асқар Ұзабаев, фильмнің қоюшы-операторы Максим Задарновский. Фильмде танымал актерлер Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков, Халық Рахат, Саясат Мырзахмет, Шәрифбек Зәкіров және Индира Шынболатқызы түскен.
Көркем фильм 21 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында прокатқа шықты. Ал, телевизиялық нұсқасын келер жылдың 7-ші сәуірінде «Qazaqstan» телеарнасынан көрсету жоспарланған.
Аслан Оспанов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.