Қоғамдық қабылдау өткізіп, саятшылардың халықаралық турниріне қатысты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, «Nur Otan» партиясының аудандық

филиалында жеке сұрақтарымен келген азаматтарға көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Сонымен қатар, аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Тәуелсіздіктің 28 жылдығына және атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған саятшылардың «Қансонар – 2019» халықаралық турнирінің ашылуына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Қоғамдық қабылдауда болған тұрғындар ауыл мектептері мен жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, материалдық және құқықтық көмек көрсету төңірегінде туындаған мәселелерді көтерді. Соның бірі – Щучинскідегі жоғары колледж директоры Шоқан Оразалин білім ордасының жанынан спорт зал салу жөнінде көмек сұрады. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарына 400 миллион теңге көлемінде қаржы қажет көрінеді.
– Щучинск жоғары колледжінде 1 мыңнан астам студент оқиды. Бүгінгі күні қалада студенттеріміздің барып, спортпен шұғылданатын нысандары аз. Бұл жаңа спорт зал осы мәселені оңтайлы шешуге көмектесер еді, – дейді Шоқан Оразалин.
Ал, Бурабай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, зейнеткер Николай Дергачев Щучинск қаласындағы Набережная, Абылай хан көшелерінің бойындағы тұрғын үй аулаларын абаттандыру мәселесін көтерді. Бұдан бөлек, қоғамдық қабылдауда Оқжетпес ауылының мәдениет үйінің шатырын жөндеу, аудан орталығындағы көшелерді жөндеу сияқты сауалдар қойылды.
Облыс басшысы қабылдауға келген тұрғындардың әрбірінің сауалын тыңдай келе, барлық өтiнiштердi бақылауға алып, жауапты тұлғаларға тиiстi тапсырмалар беретінін жеткізді.
Сонымен қатар, облыс әкімі қоғамдық қабылдауда аудан тұрғындары көтерген мәселе бойынша Оқжетпес ауылының мәдениет үйі және Щучинск қаласының күрделі жөндеу жұмыстары қажет ететін көшелер мен тұрғын үй аулаларын аралап көрді. Мәселен, Шучинск қаласында мемлекеттік жекеменшік серіктестігі шеңберінде 1,9 миллиард теңгеге 7 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұдан бөлек, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын қолға алу жоспарда бар. Бұның құны 500 миллион теңге шамасында болып отыр.
Сапар барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Бурабай курортында саятшылардың «Қансонар – 2019» халықаралық турнирінің ашылуы рәсіміне қатысып, өңірде ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері елімізде ұлттық спорт түрлері мен ойындары жандана бастады. Ақмола облысында да ұлттық спорт түрлері кеңінен қанат жайып келеді. Жерлес спорт саңылақтары түрлі халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Бұл өңірдегі ұлттық спорт түрлеріне көңіл бөлініп отырғанын білдіреді. Бүгінгі саятшылардың «Қансонар – 2019» халықаралық турнирі – соның жарқын көрінісі. Баршаңызды алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, ал, жарысқа қатысушыларға тек жеңіс тілеймін, – деді облыс басшысы Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде.
Дәстүрлі турнирге Қазақстанның 12 облысынан, сондай-ақ, Венгрия, Моңғолия, Қырғызстан және Ресей елдерінен құс тілін білетін, ақсүйек өнерді жанына серік еткен 45 саятшы қатысып, бақ сынады. Турнир бағдарламасы бойынша «Бүркітпен аң аулау», «Сұңқармен аң аулау» және «Қаршығамен аң аулау» сияқты үш кезеңнен тұрды. Алдымен жас балалар сұңқар мен қаршығаны қолға қондырса, үлкендер бүркітпен аң аулап, өзара бақ сынасты. Атадан мұра болып қалған бұл ұлттық спорт додасында бақ сынасқан саятшылардың арасында осыған дейінгі жарыстарда талай мәрте жеңіске жеткен, ұлттық өнерді ұлықтауға өзінің үлесін қосып келе жатқан Біржан сал ауданынан келген Қанат Шүленбаев пен Абылай Ізбасов және көкшетаулық Руслан Тимурзин сияқты тәжірибелі құсбегілер жастарға осы бір ісімен үлгі-өнеге көрсете білді.
Биылғы жылы бүркітшілер арасындағы жеңімпаздарға бас жүлдеге «Нива» автокөлігі тігіліп отыр. Ал, екінші орынға 500 мың теңге және үшінші орынға 300 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар, сұңқар және қаршыға салудан бірінші орын алғандар 200 мың теңгеден, екінші орын алғандар 150 мың теңгеден, үшінші орын алғандар 100 мың теңгеден алады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар