Жастар сыйлығы – дарындылар мен іскерлерге берілді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы «Шалқар Гранд Холл» мейрамханасында «Жас Ақмола» дәстүрлі облыстық жастар жүлдесін

табыс етті және «AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идеялар мен жобалар конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.

Шараның алдында жастар жылының аяқталуына және Еріктілер жылының ашылуына орай өткізілген республикалық шарадан көрсетілім назарға ұсынылып, одан кейін облысымыздың белсенді жас-тарына сөз берілді. Осы орайда, Ақмола облысы бойынша «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Мәнсия Есекеева сөз алып, ұйымның Жастар жылында жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.
Биыл облысымызда «Жас кәсіпкер» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздеріне 950 жас оқытылса, солардың бірі жерлесіміз Мирас Марал. Белсенді жас мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмек-қолдау жайында сөз етіп, Мемлекет басшысының атына шынайы ризашылығын жеткізді. Ол жоба аясында жеңіп алған грантқа «Прогресс» ағылшын тілі мектебін ашқанын айтты. Бүгінгі таңда аталған мектепте шет тілін 90 студент меңгеріп жатқан көрінеді.
Облысымыздағы волонтерлік қызмет және Еріктілер жылының басталуы, өңірімізде «Серпін» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде «Ақмола жаңа толқын» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жайнагүл Қаппасова мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің магис-
транты, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы Әділет Құрманбек айтып берді. «Қауіпсіз жекеменшік үй» жобасының авторы, «AQMOLA POWER» инновациялық жобалар байқауының жүлдегері Елдос Хамитов, салтанатты шарада сөз алған басқа да жастар биылғы жыл өте жемісті болды деген ой қорытты.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев салтанатты марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде облысымызда жас-тарды қолдау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын, бұл ең алдымен қолжетімді және сапалы білім беру, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етуге байланысты шаралар екенін айтты. «Бастау Бизнес», «Дипломмен – ауылға!» жобалары, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 1500-ден астам жас қамтылып, жыл басынан бері 6 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылған.
–Кешегі жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері бизнеспен айналысқысы келеді, бірақ, бастапқы капиталды қайдан алуға болатынын біле бермейді. Кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру үшін «Жас кәсіпкер» жобасы шықты. Біз үшін тағы бір маңызды міндет – білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Студент жастарға қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранттары мен шәкіртақылары беріледі. Биыл 412 студент грант иегері атанды. Облысымызда 2,5 мыңнан астам орынға лайықталған 6 студенттік жатақхана салынады, – дей келе, Ермек Маржықпаев сөз соңында үстіміздегі жылы түрлі салаларда үздік жетістіктерге жеткен бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан, жас режиссер, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков, Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің білім алушысы, есімі еліміздің үздік студенттерінің қатарына енген Лаура Мәжитова секілді бір топ жерлестеріміздің есімін зор мақтанышпен атап өтті.
Сонымен қатар, жастарды келер жылы облыс орталығында өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына атсалысуға, еліміздің қоғамдық өмірінде барынша белсенді болуға шақырды. Одан кейін «AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идея мен жобалар конкурсының жеңімпаздарын марапаттап, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, облысымыздың дамуына барынша үлес қосып жүрген ең белсенді деген жастарға «Жас Ақмола» дәстүрлі облыстық жастар жүлдесін табыс етті. Бұл күні «Жас Ақмола» жастар жүлдесіне ие болғандардың қатарында көп балалы Бижановтар отбасы да бар. Олар «Үздік жас отбасы» аталымында жеңімпаз деп танылды.
Сонымен қатар, бірқатар жастар Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолынан Алғыс хаттарын алды, салтанатты шара концерттік бағдарлама мен би кешіне ұласты.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар