Жарқыра, жайна, шырша шамы!

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Абылай хан алаңында бой көтерген Жаңа жылдық шырша шамын жағу салтанатына қатысып, жиналған жұртшылыққа жүрекжарды тілегін жеткізді. Аталмыш іс-шараға жүздеген қала тұрғыны қатысып, алда келе жатқан мерекелік көңіл-күймен Аяз Ата және Ақшақар, басқа да ертегі кейіпкерлері мен көкшелік өнерпаздардың өнерлерін тамашалады.

– Ғасыр дөңгелегі алға жылжып, тағы бір жылды артқа қалдырғалы тұрмыз. Жыл соңында әрбір адам өткен жылын саралап, келер күнге үміт артуы заңды құбылыс. Биылғы жыл Ақмола облысы үшін табысты жыл болды. Өңіріміздің экономикасы өркендей түсіп, алға жетелер ілкімді істер жүзеге асты, – дей келіп, өңір басшысы жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Ақмола облысының бас шыршасының шамын жақты. Жасанған, жайнай түскен жасыл шырша жан-жағындағыларға қуаныш пен шаттықтың жарқын шуақ нұрын төкті.
Айта кетуіміз керек, Жаңа жыл қарсаңында бой көтерген «Мұз қалашығы» қала көркіне ерекше шырай беріп, балалардың демалатын сүйікті орнына айналғанын анық аңғаруға болады. «Мұз қалашығы» балалардың шат-шадыман шаттық күлкісі мен алаулаған қуаныштың шуағына шомылып тұр. Жалт-жұлт етіп, мұздан ойып жасалған мүсіндер көздің жауын алады. Асыр салған балалардың бірі коньки, енді бірі сырғанақ тебуде. Шанасын сүйреткен балдырған, баласын жетелеген ата-ана, лабиринт ішінде бірін-бірі қуаласып жүгіріп ойнаған ұл мен қыз, бәрі-бәрі қыстың аязды күнін жан жылуымен шуақтандырып тұрғандай.
Шыршаның шамын жағу шарасында жиналған жұртшылық үшін ыстық шай ішіп, тәтті тоқаштар сатып алуға мүмкіндік берген сауда дүңгіршіктері қызмет көрсетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар