Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бұл еңбегін ақиқатында өз басым Абайды жаңаша түсінудің жаңа әліппесі деп қабылдадым. Өйткені бұған дейін Абайдың кей нақылдары мен қара сөздерін, түрлі ғақияларын айтып жүргенімізбен олардың барлығының да біздің елдігіміз бен мемлекеттілігіміз үшін зор маңызы бар екендігіне ой жүгірте қойған жоқ едік. Бәлкім содан да болар «Абай қазақтың тек жаман мінезін ғана теріп айтып кеткен екен ғой» деген жаңсақ пікірлердің шаң беріп қалғаны да жоқ емес, болды.
Бұл еңбегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Абайды біздің ғасырымыздың, яғни, «Жаңа қоғамның жанашыры» ретінде парасатты да пайымды өз ойымен анық та айқын білдіріп отыр. Расында да Абай бізге бұрынғыдан да енді жақындай түсті, енді ұғынықты бола бастады. Президентіміздің Абайдың ойларын бүгінгі заманның ағымымен және бүгінгі күннің, жалпы барша адамзат баласын толғандырып отырған өзекті мәселелерімен байланыстыра талдауы ендігілердің Абай хакімнің еңбектерін өз еріктерімен қолға алып, оқуларына себепкер болары да анық.
Абай расында да ұлттық болмыстың үлгісі! Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы өте пайымды зерделеп берді. «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» – деп Президентіміз данышпанның осы тұжырымдарының қазіргі уақытта да және қашан болсын өзекті болып қала беретіндігін алға тартты.
Қазіргідей жаһандану заманында біз өзімізді ұлт есебінде қалай сақтап қала аламыз деген ой әрқайсымызды мазалап жүргені де анық. Осы ой ұшына ілігер жауаптың да Абайда барлығын Қасым-Жомарт Тоқаев дөп басып танытып отыр. «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет»,– деген Тоқаев тұжырымын бүгінгі және келер ұрпақтың санасына берік орнығуға тиісті аталы сөз деп білемін.
Тағы да Президенттің «Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық»,–дей келіп, ендігі арада «шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», – дегені баршамызды терең ойға жетелейді. Әзірге «Қазақстан» дегенімізде тек «Байқоңырды» ғана атайтын сол шетелдіктер ендігі арада «мен қазақпын» дегенде Абайды бірден ауызға алатын дәрежеге жетсек, бұл ұлт мерейі болар еді! Ол үшін әуелі Абайды барша қазақ біздің өзіміз тануға тиістіміз! Алда осыған жету үшін бірлесіп атқаратын қыруар істер күтіп тұр. Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бұл еңбегінің тағы бір құндылығы, Абай ойларын «Мемлекет ісінің мүдделесі» ретінде қарастыруы деуге болады. Расында, біз өз мемлекетімізді әлі де құрып, сонымен бірге, сол мемлекеттігімізді әлі де нығайтуға тиісті елміз. Өйткені, әр заманның өз талабы бар. Көз шырымын алып, бір қалғуды білмей, өз тіршілігі мен өз мемлекеттігінің мүддесі үшін жанталасып жатқан қазіргі әлем қазақ елінің алдына да сәт сайын жаңа және қатаң талаптар қойып отырғаны да анық.
«Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды,–деген Президентіміздің ойы хакім Абайдың ұстанымдарының өркениетті мемлекет қағидаларымен үндесетіндігін иландыра айтады.
Қазіргі жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік ісінде Абай даналығын басшылыққа алып отырғандығын аңғарамыз. Әсіресе, Тоқаевтың 2019 жылғы 12 маусымда Президент қызметіне кірісерде «Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету» дегені және де былтырғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», – деп атап көрсеткен қағидалары ұлы Абайдың сол әділетті қоғам құру идеясымен өзектесіп жатқандығы деп айтар едім. Осы ой тағы бір ойға жетелейді. Жалпы, біз ендігі арада мемлекеттік істегі өз қызметімізді де, жеке басымызды да Абайға қарап түзеуге тиістіміз. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу ісінің де басты нысаны Абай болуы керек!
Тағы бір өзекті мәселе заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі Президент мақаласында әбден орынды айтылды деуге болады. Біз ендігі арада өз Ата Заңымызға сай құқықтық және демократиялық мемлекетті толық орнықтырамыз десек, қазақтың ағайыншылығынан бұрын Заң қағидалары басым тұруға тиісті. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар адалдық пен әділдіктің, соның ішінде Заңның үстемдік құруын қалайды. Осы үшеуі, адалдық, әділдік, Заң үстемдігі болмағаннан кейін жастарымыздың жігері құм болып, түңіліп кетеді, шет ел асып жатады. Кейбіреулері күн көрістері үшін азғындық жолға да түседі. «Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады», – деген Абайдың он төртінші қара сөзінде айтылған осы бір ғақлияның да маңыздылығын ескергеніміз абзал.
«Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет»,–деген Президент тұжырымы сол Абай айтқан «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ…» сияқты бес дұшпанның қазақ қоғамына әлі де қауіпті екендігін аңдатады. Жасыратыны жоқ, әлі де болса қазақ қоғамы сол Абай айтқан бес дұшпанның арбауынан толық арыла да қойған жоқ.
Және де Тоқаевтың «Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал.
Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық», – деген ойымен біздің әрқайсымыз санасуға тиістіміз. Осы күндері хакім Абайдың «Татулықтан асқан жолдас жоқ» деген қағидасын санамызға берік орнықтырсақ адамшылықтың басы осы болар еді.
«Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бір пайымды сөзі жалпы адамзат баласының адами құндылықтарының тәрбиесіне қарай ойысары анық.
Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі