Атаулы әлеуметтік көмек көрсету – басты назарда

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдікте атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне қатысты жиналыс өткізіп, бірқатар ведомство басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдікте атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне қатысты жиналыс өткізіп, бірқатар ведомство басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Биылғы жылдан бастап мұғалімдердің, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлерінің еңбекақылары 25, 30 пайызға өскені белгілі. Сонымен қатар, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де біршама өсті. Отырыста осы мәселелерді тілге тиек еткен облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін реттеуді тапсырып, бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиістігін баса айтқанын атап өтті.
Облыста атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов баяндады. Оның айтуынша, 2020 жылы әлеуметтік аз қамтылған 5 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек беруге 1,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 195 миллион теңге кепілдендірілген әлеуметтік пакетке жұмсалады.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 4,5 мыңнан астам балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер жөнелтіледі. Анықтама ретінде айта кетсек, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мектеп жасына дейінгі балалары үшін әлеуметтік кепілдендірілген пакет гигиеналық құралдардан және азық-түліктен тұрады. Қазіргі уақытта оларды облысымыздың қалалары мен аудандарына жеткізіп отыратын алты жеткізуші фирма белгіленіп отыр. Бұл әлеуметтік пакеттер мұқтаж отбасыларына алдағы ақпан айында үлестіріледі.
Бүгінгі күні облыс аумағында 7514 көп балалы отбасы тұрады. Оның ішінде төрт баласы барлар – 5882, бес баласы барлар – 1274, алты баласы барлар – 242, жеті және одан да көп баласы бар отбасылар 116-ны құрап отыр. Қаңтардың бесінен бастап олардың барлығына мемлекеттік жәрдемақы төлеу басталғаны жиында айтылды. Жыл басынан бері облыста атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға алты өтініш түскен. Өтініш қабылдау әлі де жалғасуда.
Осы ретте облыс әкімі Ермек Маржықпаев атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібін кейбір тұрғындардың түсінбей жатқанын, осыған байланысты әлеуметтік желілерде біршама сұрақтар туындағанын айта келе, тиісті мекеме басшыларына атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібін тұрғындармен кездесіп те, баспасөз беттері арқылы да барынша насихаттауды тапсырды. Сонымен қатар, бұл жәрдемақының тұрғындарды бейқамдыққа емес, еңбекке ынталандыруын назарда ұстау маңызды екенін еске салды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар