Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абайды тану арқылы қазақты танимыз - АРҚА АЖАРЫ

Абайды тану арқылы қазақты танимыз

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен биылғы алғашқы отырысында Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы кеңінен талқыланып, ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын лайықты атап өту, Абай шығармаларын қоғамға кеңінен насихаттау жайлы ойлар айтылды.

Облыс орталығындағы музей, кітапхана қызметкерлері, жастар қауымы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан қоғамдық кеңес отырысын «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев ашып, жүргізіп отырды.
Кеңес төрағасы өз сөзінде «Miras» қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы Абайдың 175 жылдығы және осы мерейтойға орай «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты ой-толғау еңбегі жайлы ой бөлісуге арналып отырғанын атап өтті.
–Біз қазақ халқы Абаймен мақтанып, Абайды дәріптеп келеміз. Абайдың ғақлияларын, қара сөздерін, өлеңдерін, айтқан ойларын әр жерде жатқа айтқанымыз болмаса, Абайды жаңаша тануға бетбұрыс жасай қойған жоқпыз. Мына XXI ғасырда, яғни, тәуелсіз ойымыз барда, тәуелсіз мемлекетіміз барда, ой-санамызға тәуелсіздік беріп жатқанда біз енді Абайды қалай тануымыз керек деген мәселеге келгенде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы соның бәрін мақаласында жан-жақты атап көрсетіп беріп отыр, – дей келе, Жабал Ерғалиев мақалада Абайдың мемлекеттілік көзқарасына, Абайды тану арқылы толық адам болып қалыптасу мәселесіне, Абайдың ұлтымызға деген жанашырлығына үлкен мән берілгенін айтты.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде Абай қазақтың тек жаман қасиеттерін жазып кеткендігі туралы мәселелер айтылып жүргенін тілге тиек еткен төраға осы ретте Абайдың қазақ халқын жақсы көретіні, соған орай өз ұлтының бойындағы жаман мінездерді көрсетіп, содан арылса деген ниет жатқанын атап өтті. Абайды қалай танимыз, қалай білеміз, Абайға қарап қалай бой түзейміз, мемлекетімізді қалай дамытамыз деген мәселе әрбір қазақстандықты ойлантуға тиіс.
–Әрине, Абай бізге өздігінен келе қалған жоқ. Сонау кеңестік идеология кезінде Абайдың шығармаларына да, оны дәріптеген, ол туралы роман-эпопея жазған Мұхтар Әуезовтың өзіне де үлкен шабуылдар жасалған. 1953 жылдың 29 қаңтарында «Правда» газетінде Мұхтар Әуезовтың «Абайдың шәкірт інілері» деген мақаласына қарсы үлкен науқандық материал жазып, соның әсерінен Мұхтар Әуезовтың өзі «Мен жаздым, жаңылдым» деп, айтқан ойынан кері қайтуына тура келген. Сонда Абай үшін түрмеге жабылған Қайым Мұхамедханов түрмеден шыққанында Мұхаңа қатты ренжіп: «Сіздің мұныңыз не?» дегенде, «Ай, Қайым-ай, сендер аман қалсын, сендерге сөз тимесін деп айтқан сөзімнен қайтуға тура келді ғой» деп екеуінің өкінген кездері болған. Сондықтан да, біз бүгінгі күні шүкіршілік етеміз. Тәуелсіз еліміздің арқасында бізге енді Абайдың биік қасиетін, өзіміздің әдебиетіміз бен тарихымызды толық тануға, сонымен бірге өзіміздің ұлыларымызды әлемдік өркениетке танытуға зор мүмкіндігіміз бар. Абайды әлемдік ойшылдардың қатарына қою керектігі туралы мәселе Президент мақаласында нақты айтылған, – деді Жабал Ерғалиев.
Қоғамдық кеңес отырысында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Сәбит Жәмбек те Президенттің мақаласына қатысты өз ойын білдіріп, Мемлекет басшысының руханиятымызға үлкен мән беріп жатқанын айтты. Сонымен қатар, ғалым Абайдың 175 жылдығын той тойлау үшін емес, бас ақынымызды әлемге, дүниежүзілік өркениетке біздің мәдени капиталымыз, ұлттық брендіміз ретінде таныту мақсатында атап өту қажет деген Мемлекет басшысының пікірін қолдайтынын жеткізді. Бұл мақала көптеген мәселелерге назар аудартатынын айтқан Сәбит Жәмбек былай деді:
–Кейбір ғалымдар жүздеген том еңбек қалдырып жатса да, одан алатын тұшымды ойлар, рухани дүниелер аз болып жатады. Абай бар-жоғы екі-ақ том қалдырғанымен, әлемдік ақыл-ойдың үлкен бір аумағын алған. Қай шығармасын оқысақ та, тәнті бола түсеміз. Сондықтан, Абайды тану алда әлі жалғаса түсетінін Президент дөп басып айтты. Абайды ұлт ақыны дейміз. Яғни, «қазақтың интеллектуалдық ұлт болуы осы Абайдың идеясынан бастау алған ба?» деген сауал да дұрыс қойылып отырған сияқты. Интеллектуалды ұлт қандай болуы керек? Мынау XXI ғасыр ғылым мен білімнің, ақпараттық технологиялардың заманы, біліктілік қоғамына аяқ басқан кезең. Міне, осы кезеңде Абайдың ойларынан не үйреніп отырмыз, тағы нені үйренуге болатынын ойлану қажет. Президент мақалада интеллектуалдық ұлттың идеясы Абайдың сөздерінен басталған деген үлкен ой айтты. Шынында да, ұлт деген сөздің өзі Абайдан бастау алады деп ойлаймын. Әлбетте, оған дейін де бірталай ақындарымыз болды. Бұқар, Шортанбай, Дулат, Мұрат және Асан қайғыдан бастау алған көптеген жырауларымыз бар. Барлығы да қазақ ақындары. Бірақ, ұлттық ақын деңгейіне, ұлт категориясына көтерілген, ұлттың биігінен сөйлейтін тұлға нақты Абай, – деді Сәбит Жәмбек.
Оның айтуынша, ұлтты жасайтын белгілі бір зиялы қауым өкілдері болады.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Және де:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Біріңді қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос, –
деп Абайдың үлкен ой айтуы ұлылыққа жетелейді, бұл – қазақ, ұлт деген сөз деді ғалым. Абайдың осындай биік дәрежеде ұлт биігінен сөйлеуі бізді ойландыруы керек. XXI ғасырда да Абай айтқан сөздерге ұйуымыз керек.
Абай шығармаларындағы меритократиялық ойлар, ақынның еңбекке, адамгершілік тақырыптарын қозғауы, жастардың ой-санасын, әлемдік деңгейде ойлау қабілетін дамытуда Абайдан үйренетін көп мәселелер бары Президент мақаласында айқын көрсетілгені қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты айтылды.
Осы ретте, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, PhD доктор Ерболат Баят:
–Президенттің мақаласында Абай арқылы өзімізді таниық деген ой айтылды. XX ғасырда өмір сүрген неміс философы Фридрих Ницше: Шопенгауэрді түсіндім деп айта алмаймын. Бірақ мен Шопенгауэрді оқу арқылы өзімді түсіндім», – депті. Сол секілді біз де Абай арқылы өзімізді, қазақты түсінуге бет бұратын заман келді деп ойлаймын. Мақаладағы негізгі мағыналы және бағдарлы нәрсе Абайдың кемеңгерлігін, данышпандығын, үлкен айыл-ой иесі екендігін әлемдік сахнаға алып шығу. Абайды таныту арқылы қазақты таныту керек, – деген Ерболат Баят қазіргі кезде қоғамда Абайды неге айта береміз, ол неге керек дейтін надандар барына қынжылысын білдірді.
Сондай-ақ, рухани жан дүниеміз азып кетпеуі үшін Абайды оқуымыз керектігін, Абайдың әлемнің ұлы философтарынан көп жағдайда ойлары озып тұрғанын жеткізіп, Абай жырлап өткен «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» үшеуін ұстасақ, толық адам болмасақ та, соған жақындаймыз деген лебізін білдірді.
Осылайша Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы кеңінен талқыланған қоғамдық кеңес отырысы одан әрі сұрақ-жауапқа ұласты. Кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауымен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Сейітқазин, айтыскер ақын, Көкен Шәкеев атындағы жас ақындар клубының жетекшісі Мұхаммед Қоңқаев және Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Хакім Хасамбай «Miras» қоғамдық кеңесінің мүшелігіне қабылданды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар