Досымдай, ұстазымдай сыйладым

Жарты ғасыр бойы өз саласының көшбасшысы болған «Ижевский» өндірістік кәсіпорнының бас директоры, Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері Ибрагим Жанғоразов жан-жақты кеңес беретін досым әрі ұстазым еді.

Кез-келген ұжымның ісінің оңға басуы, тепкен тасының өрге домалауы ең алдымен екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған басшысына тікелей байланысты. «Ижевский» шаруашылығының бағын жандырған, сөз жоқ іскер басшы – Ибрагим Жанғоразов. 1976 жылы құс өндірісі бойынша «Вишневский» өндірістік бірлестігі құрылды. Әлгі өндірістік бірлестік 1997 жылы «Ижевский» өндірістік кооперативіне айналды.
Шаруашылықтағы оң өзгерістердің бастауы қиямет-қайым қиын дәуірмен тұспа-тұс келді. Алайда, табысқа кенелген кезде ауылдас-
тары Жанғоразовтай басшының алты қырдың астындағыны көре білетін көреген екендігіне кәміл сенетін болды. Голландия мен Ресейден асыл тұқымды құс жеткізілді. Құс азығын қажетті құрама жеммен байыту жолға қойылды. Сөйтіп, кешегі шаруасы шатқаяқтап тұрған шаруашылық өндірістік алыпқа айналды. Ибрагим Дәуітұлы «Ижевский» өндірістік кооперативін жарты ғасыр бойы осылай іскерлікпен басқарды. Шаруашылық қазір құс, мал және егістік дақылдарды өсіріп, мол өнім алу көрсеткіштері бойынша облысты былай қойғанда, тұтас елімізге үлгі боларлық ұжым.
Ұжым ішінде ғана емес, былайғы жерде де жоғары бағаланған іскер басшы осы еңбегі үшін еліміздің көптеген наградаларымен марапатталды. Кеудесіне Алтын Жұлдыз тақты. «Ижевский» өндірістік кәсіпорны облыстағы үш бірдей адамы Социалистік Еңбек Ері атанған жалғыз шаруашылық. Ол кісі басқарған ұжым бүгінгі нарықтық қатынастарда да кешегі тұғырынан таймай, одан сайын нығая түсті.
Ибрагим Дәуітұлы қысылғанға қол ұшын беріп, демеушілік көрсету жағынан да жомарт еді. Жалғыз өз селосы ғана емес, жалпақ ауданның алға ұмтылған жақсылық ісіне жанашырлық жасау міндетім деп білетін. Тіршілікте адамның алдына қойған мақсат-мұратының бәрі тап-тұйнақтай орындала берген бе? Бәлкім, ойға алғанының орындалмай қалғаны да бар шығар. Иә, бұл дүниеде қолға алған ісі осыншама нәтиже беріп, арманы ақиқатқа айналған екі адам бар болса, бірі осы біздің Ибрагим Дәуітұлы десем, артық емес. Ол кісіден менің де үйренгенім ұшан-теңіз. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, құрметті ұстазым!
Иван САУЭР,
«Родина» агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар