Асыл азамат болатын

Көп салалы «Ижевский» өндірістік кешенінің алғашқы қалыптасу кезеңіне үлес қосқандар қатарында болдым. Ибрагим Дәуітұлының бас директор қызметіне тағайындалғанына көп уақыт өтпеген. Құс фабрикасының қайта құрылысы жүріп жатты. Мен «Целиноград облсельстрой» басқармасына қарасты №24 ПМК бастығы ретінде құрылыс жұмыстарын жүргіздім. Осымен бір мезетте «Ижевскийге» қарайтын Октябрь құс фабрикасын салып жаттық. Таңертеңгі ілездемемізге аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жуков үнемі қатысып отырады. Ибрагим Жанғоразов тапсырыс беру талаптарын қатаң қадағалайтын және өз пікірлерін темірдей дәлелдермен тиянақтайтын принциптілігінен айнымайтыны көз алдымда. Сол кездегі жасын жалынымен жарқырап өтті ғой, қайран құрдасым.
Ибрагим Дәуітұлы осы «Ижевский» шаруашылығына 17 жасында кіші зоотехник болып келген еді. Бұл жаппай тың көтеретін 1954 жыл. Ол Целиноградтағы №9 мектепте оқып, осындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Өндірістік бірлестіктің аты тез арада дүркіреп шығып, ауыл республикалық деңгейдегі үлгілі елді мекен аталды. Мұны мидай далада алғашқы қазығы қағылған шаруашылық басшысының бақыты деп ұқтық. Өмірде «бақыттымын» деген адамдар некен-саяқ. Социалистік Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов осы ұғымның көрінбейтін баспалдақтарымен биіктеген жан. Асылық нашаны байқалмайтын. Бәрі тіршіліктің кермек дәмінен бастау алып, болашаққа бастайтынын көрсеткен ғақлия адам болды. Сонау 1944 жылы бір түнде ата-анасы үдере көшіп, айран-асыр болған жеті жасар баланың жәудіреген жанарын елестетемін. Қараптан-қарап тұрып «халықтың әкесі» атанған көсемге қарашай, балқар, құмық, шешен, инғұш, осетин сияқты халықтардың не жазғанын кім білсін? Алба-жұлба вагон бұларды улатып-шулатып, Ақмола вокзалына ақтара салған. Тосын тауқымет талайд ы орға тартқанын сезеді. Бірақ, сырқыраған күндер Ибрагимнің жүрегін емес, буынын ертерек қатайтып кеткендей. Бойындағы бар байлығы адалдық. Оны осы күнге дейін төмендетіп көрген жоқ.
Адалдықтың арнасы кең. Оның жағалауы жақсы қасиеттерге толы. Табиғат берген табандылық Ибрагим Жанғоразовтың асыл армандарына тамызық болды. Біз Ибрагим Жанғоразовты көшбастаушыларға қосар едік.
Ибрагим Дәуітұлының қайраткерлігін мақтанышпен айтамыз. Ол ғылым кандидаты, бақытты әке, Елбасының жұрт сенген алғашқы өкілі еді. И.Жанғоразов тәуелсіз Қазақстанның №1 «Достық» орденінің иегері. Бірнеше дүркін депутат та болды, делегат та болып сайланды. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді.
Біз үй ішімізбен араластық, мерейтойларымызды бірге атқарысып жүрдік. Ауруханаларды жағалай бастаған кейінгі жылдары бір-бірімізді іздеп, көңіл сұрастырып тұрдық. Міне, бүгін кең жүректі, мейірбан жанның қазасы туралы хабар алып, қабырғам қайысып отыр. Дүние жалған Ибрагимдей азаматты, қимас құрдасымды мәңгілікке жетелеп кетіпті. Иманды болып, жұмақтың төрінен нәсіп бұйырсын, бауырым!
Ұзақпай Мамин,
Ақмола облысының Құрметті азаматы.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар