Ибрагим Дәуітұлы Жанғоразов

2020 жылдың 15 қаңтарында 83 жасқа қараған шағында Социалистік Еңбек Ері, Ақмола облысы мен Аршалы ауданының құрметті азаматы Ибрагим Дәуітұлы Жанғоразов дүниеден өтті.
И.Д.Жанғоразов 1937 жылы Кабардин-Балқар Кеңестік Социалистік Республикасының Зылги мекенінде туған. 1957 жылы Ақмола зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын бітірген соң «Ижевский» құс кеңшарында 1957-1959 жылдар аралығында зоотехник, 1959-1961 жылдар аралығында бөлімше меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ал, 1961-1967 жылдары осы шаруашылықта бас зоотехник болды.
1967 жылы «Вишнев» өндірістік бірлестігінің (1997 жылдан – «Ижевский» өндірістік кооперативі) бас директоры болып тағайындалды. Құрамына негізгі шаруашылық болып саналатын «Ижевский» құс кеңшарымен бірге, «Юбилейный» асыл тұқымды мал зауыты және «Октябрский» асыл тұқымды репродукторы кіретін бұл бірлестікті Ибрагим Дәуітұлы Қазақ КСР-інің озат ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының біріне айналдырды.
И.Д.Жанғоразов әрдайым белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленетін. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың екі рет сенім білдірген өкілі, Президент жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі, Қазақстан Агроөнеркәсіптік одағының вице-президенті болды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің сараптама кеңесінің құрамына кірді және Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Мемлекетіміз Ибрагим Дәуітұлының еңбектегі ерліктерін лайықты бағалады. Ол Социалистік Еңбек Ері жоғары атағына ие болды. Екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сондай-ақ, оның мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерекше қажырлылығы Қазақстан Республикасының жоғары наградаларымен – «Достық», «Парасат» және «Отан» ордендерімен аталып өтілді.
Ибрагим Дәуітұлы Жанғоразов әрдайым іске жауапкершілікпен қараудың, талап қоюшылық пен өз міндетін беріле атқарудың үлгісі бола білді. Адалдығымен, ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен өзін білетін барлық адамдардың, қалың жұртшылықтың сый-құрметіне бөленіп, халықтың арасында зор беделге ие болды.
Отаны мен елін шексіз сүйген, осы жолда жан аянбай қызмет еткен абзал азамат, айтулы тұлға ретінде Ибрагим Дәуітұлы Жанғоразовтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қалады.
Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар