Жаңа өндіріс орындары құрылып, бағаның орынсыз өсуіне жол берілмесін

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен сәрсенбі және бейсенбі күндері кезекті жұмыс сапарымен Степногорск қаласы мен Атбасар ауданында болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді. Сапар барысында аталмыш қала және аудан әкімдерінің өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халық алдындағы есеп беру кездесулеріне қатысып, алдағы міндеттерді белгіледі.
67 мыңнан астам тұрғыны бар Степногорск қаласында халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қала әкімі Еркебұлан Баяхметовтың есебі бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында жақсы көрсеткіштер байқалады. Степногорскінің облыс экономикасындағы үлесі 21,4 пайызды құрап отыр. 164,4 миллиард теңге көлемінде өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 104,8 пайызға жеткен. Бұған қаланың негізгі және орта кәсіпорындарында өндіріс көлемінің артуының арқасында қол жеткізілді. Айта кетейік, Степногорскіде алтын, уран, қысқы дизель отыны, күкірт қышқылы, этил спирті, жылу, электр энергиялары өндіріліп, подшипниктер шығарылады.
Қалада былтыр 12,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салынуда. Осындай тағы екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында су тазарту қондырғыларын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Қала әкімі Еркебұлан Баяхметов қазір 3,4 мыңнан астам шағын және орта кәсіп субъектілері жұмыс істейтінін, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 21 жоба қаржыландырылғанын айтты. Еңбек нарығында 462 тұрақты және 772 уақытша жұмыс орындары құрылып, 2372 адам жұмыспен қамтылған. 658 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. Оның 209-ы көпбалалы отбасылар.
Атқарылған нәтижелі істермен қатар, өңірде шешімін күткен мәселелер де бар. Олардың біразы қала әкімінің есептік кездесуіне келген тұрғындардың өтініш-тілектерінде көрініс тапты. Мәселен, тұрғындардың медициналық қызметтің сапасына көңілі толмайды. Облыс бойынша ең көп бала өлімі Степногорскіде тіркеліпті. Туберкулез, онкология ауруларына шалдыққан азаматтар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама өскен. Мұның бір себебі ¬¬¬–медицина мамандарының тапшылығында. Сондай-ақ, кездесуде облыс әкіміне және аудан әкіміне мал ауруының алдын алу мақсатында малдарға міндетті екпе егу, ауыл мектептеріне бейнебақылау орнату туралы бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыстың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндай келе, алда тұрған маңызды міндеттерге тоқталды. Жергілікті жерге жұмысқа келген жас мамандарға жағдай жасау, жер телімдерін ұтымды пайдалану, еңбекті қорғау шараларын қамтамасыз етуді қалалық әкімдікке тапсырды.
¬–Степногорск маңыздылығы жағынан облыс орталығынан кейінгі екінші қала. Келешегі зор. Жыл санап дамып келеді. Былтыр қалада уран өндірісінен басқа өнеркәсіп салаларында өнім көлемі азайған жоқ. Сырттан көбірек инвестиция тарту қажет. Бір өнеркәсіп құлдыраса, ол экономиканың өсуіне кері ықпал етеді. Ал, тұрақтылықтың негізі шағын және орта бизнесті дамытуда. Сондықтан, осы жұмыстарды ширату керек. Өкінішке орай, қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары дұрыс жүргізілмей келеді. 18 түрлі азық-түлік бағасы өскен. Бұл облыс бойынша ең нашар көрсеткіш, – дей келе, облыс әкімі шағын кешенді мектептерді азайту үшін оқушыларды тасымалдап оқыту, мектеп-интернаттарын дамыту керектігін, сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тетігі туралы тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу қажеттігін айтты. ¬
Сонымен қатар, бұл күні облыс әкімі қаладағы мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған степногорлық Нәдия Садуақасова Степногорскіде 50-ден астам мүгедек бала барын айтып, оларды тасымалдауға автобус бөлуді сұрады. Осы ретте, Ермек Маржықпаев мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайына әріден үңіліп, есейгенде тағдырлары қалай болатынын ойлау қажеттігін айтты және жыл соңына дейін автобус мәселесін шешуге уәде берді. Басқа да өтініш-тілектер бойынша тиісті шаралар қолданатынын жеткізді.
Степногорскідегі әлеуметтік нысандарды аралау барысында Ермек Маржықпаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 45 пәтерлі тұрғын үйлердің сапасын сынға алды. 45 пәтерлі екі тұрғын үй жоспар бойынша былтыр желтоқсан айында тапсырылуы керек болатын. Алайда, тұрғын үйлер пайдалануға беруге әлі дайын емес. Облыс әкімі құрылысты жүргізген мердігер компания «М.М.Снабсервис» ЖШС өкілдеріне осы жауапсыздықтары үшін ескерту жасады.
Сапар барысында қаладағы Бөгенбай батыр атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде болып, білім ошағына 16 миллион теңгенің сертификатын сыйға тартты. Сонымен қатар, мұнда ауыр атлеттер жаттығатын жаңа залды және 1984 жылы салынған көпбейінді қалалық аурухананың жан сақтау, ота жасау бөлімшелерін жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленгеннен кейін облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болды. Аурухананың жетінші қабаты бүгінде босап тұр. Алдағы уақытта онда инвестордың көмегімен мүгедектерді оңалту бөлімшесін ашу жоспарда бар. Аурухананы аралау кезінде облыс әкімі науқастардың хал-жағдайларын сұрап, мекемедегі кадр тапшылығы мәселесіне мән берді. Сапар соңында Ермек Маржықпаев қалалық емхана мен былтыр ашылған амбулаторлық диализ орталығында болды.
Келесі күні облыс әкімінің жұмыс сапары Атбасар ауданында жалғасты. Айта кетейік, үстіміздегі жылы тамызда атбасарлықтар ауданның 175 жылдығын атап өткелі отыр. Осы мерейлі датаға орай бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Дәлірек айтсақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында¬ 140 орынға лайықталған мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беретін жаңа балабақша ашылады. «SABA-16» ЖШС атқарушы директоры Әбдірахман Сарбасов балабақша ашу үшін бос жатқан ғимаратты тендер арқылы сатып алып, қазіргі таңда онда жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімі игі істерге оң баға беріп, балабақшада бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Тағы бір қуанышты жайт, аудан орталығында жаңадан хоккей корты салынады. Сапар кезінде Атбасарда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Локомотив» хоккей кортында болған Ермек Маржықпаев ғимараттың әбден тозығы жеткенін, оны жөндеуден өткізудің еш мәнісі жоқ екенін көріп, жаңа хоккей кортын салу және №7 қазақ орта мектебінде болғанында білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу туралышешім қабылдады.
Бұл күні облыс әкімі «Inter trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Кәсіпкер Магомет Наипович басқаратын серіктестік өңірдегі құрама жем және экологиялық таза бидайдан жоғары, бірінші және екінші сұрыптағы ұн өндіретін ең ірі шаруашылықтардың бірі. Серіктестік заманауи қондырғылармен, компьютер жүйелерімен жабдықталған. 50 мың тоннаға дейін астық сақтай алатын қоймалары бар. Енді, макарон өнімдерін шығаратын цех ашпақшы. Ал, қазіргі таңда кәсіпкер ауданда жылына 11 миллион жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын салуда. Экспорт аумағын кеңейту үшін Магомет Наипович тауар қозғалысы логистикасы субсидияланса деген тілегін жеткізді. Логистикасы қымбат болғасын серіктестік өз өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктеріне тасымалдауды тоқтатқан. Облыс әкімі кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы» бойынша мәселені шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімі өткізген қоғамдық қабылдауда азаматтар жолдарды жөндеу, дәрігерлерді баспанамен қамтуға қатысты өтініш білдірді. Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындар ауданда 2014, 2017 жылдары орын алған көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ауылдардан тұрғындарды көшіру, Жабай өзенін тазарту, азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты сауалдарын қойды.
Аудандағы 32 мектептің 23-ін шағын мектептер құрайды. 2019 жылы аудан бойынша білім сапасының деңгейі 56 пайызды құраған. Үстіміздегі жылы мұндағы 4 білім беру нысаны жөндеуден өткізілетінін, қазіргі таңда мемлекет тарапынан білім саласына зор көңіл бөлініп отырғанын, «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң мен білім жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын айтқан облыс әкімі аудан басшылығына білім сапасына жіті көңіл бөлуді ескертті.
–Былтыр ауданның ауыл шаруашылығы саласына 1 миллиард 900 мың теңге субсидия бөлінді. Мүмкіндік барда мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуіміз қажет. Ауданда 12 ет фермасын салу жоспарланғанымен, оның тек біреуі ғана орындалды. Бидай мен шикізатты ғана сатумен айналысу дұрыс емес. Басқа да өндірістерді жолға қою керек. Ақмола облысында, соның ішінде Атбасар ауданында келешекте сұлы қауызы өндірілетін болады. Бұл зауытты іске қосу үшін 2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылады. Тұрғындардың бизнес бастамаларын қолдап, «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламаларын халыққа кеңінен түсіндіру қажет, ¬–деген облыс әкімі кездесуде аудан әкіміне 2020 жылы кем дегенде 8 ет фермасын құру, жер телімдерін ұтымды пайдалану жөнінде шара қолдануды, 2019 жылы аграрлық-индустриялық, басқа да салаларда кемшін қалған тұстарды қайта қарап, азаматтардың өтініш-тілектері мен ұсыныстарының назарға алынуын күшейтуді тапсырды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар