Жер бөлісі де заңмен шешіледі

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жеке мәселелері бойынша бір топ азаматтарды қабылдады.

Степняк қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Жақсылық Азнабаев облыс әкімінен құс өсіру үшін қажетті жер телімін заңдастырып алуға көмектесуін сұрай келіпті. Жыл сайын 1000-ға тарта қаз өсіріп, етін саудаға шығаратын ол сонымен бірге, қаз жұмыртқаларын да сатумен айналысып, екі жылдан бері өз кәсібін одан әрі дамытып келеді. Қазіргі күні бұл кәсібі үшін Степняк қаласынан 8 шақырым жердегі су тоспасын пайдаланатын көрінеді. Ол пайдаланып отырған жері басқа біреудікі. Солай болғанымен, іс жүзінде бос жатқан он гектардай осы жер телімін заңдастырып алсам дейді кәсіпкер. Жердің заңды иесі жылқы өсірумен айналысады. Дегенмен, жан-жағына егін егілген бұл алқап мал жайылымына қолайсыз. Содан болар, жер иесі оны мүлдем керек етпеуде. Ал, қаз шаруашылығын дамытуға бұл жер таптырмайтын орын. Сондықтан, «Бізден ақша сұрап отырған жоқ, құс шаруашылығын дамытуға үлесін қосып отырған кәсіпкерді қолдап, өтінішін заң аясында шешу мүмкіндіктерін қарастыру керек» деген облыс әкімі тиісті басшыларға осы мәселемен айналысуды тапсырды.
Облыс әкімінің қабылдауына Біржан сал ауданының Мамай ауылынан келген жеке кәсіпкер Самат Шалабаевты да жер мәселесі толғандырады. Біраз жылдан бері жылқы өсірумен шұғылданып келе жатқан фермер бос жатқан 800 гектар жерді мал жайылымына алғысы келеді. Жерді заңдастырса, оны кепілге қойып, банктен кредит алып, шаруашылығын кеңейту жоспары бар көрінеді. Сонда бүгінгі 30 бас жылқыны 100 басқа жеткізуге де мүмкіндік тумақшы. Фермердің пайдаланып отырған 800 гектар жайылым жері біраз жыл бұрын бір серіктестіктің меншігіне өтіп кеткен. Қазіргі күні өз пайларын сол серіктестікке пайдалануға берген ауылдың 504 тұрғыны сотқа арыз жазып, бұл іс қаралып жатыр екен. Фермер мәселесінің қалай шешілетіні сол сот шешіміне байланысты болмақ. Осы орайда, жергілікті құзырлы орган өкілі фермерге басқа аумақтан жайылым жер ұсынылып отырғандығын айтты. Бірақ, шаруа қожалығының иесі одан бас тартқан. Оның айтуынша, өзіне ұсынылып отырған жер елді мекеннен 60 шақырымдай қашықта орналасқан. Оған қарамағындағы жұмысшылар барғысы келмейді. Облыс басшысы жергілікті құзырлы орган өкілдеріне бұл мәселені де заң аясында, қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып, шешіп беруді тапсырды.
Қалкөз ЖҮСІП.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар