Бүгінгі күнгі қазақ баспасөзі

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандағы АҚШ елшілігі және Қазақстан баспасөз клубының ұйымдастыруымен «QAZFORUM 2020: Қазақ интернетіндегі контент жасаушылардың VI форумы» атты жиын болып өтті. Оған елімізге белгілі медиа сарапшылар, БАҚ басшылары және журналис­тер мен блогерлер қатысты. Іс-шараға қатысушылар алдымен фотосуреттер көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды.

Шараның ашылу салтанатында АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер сөз сөйлеп, жиналған журналистер қауымына жылы лебізін білдірді.
– Желіде қазақ тілді ақпаратты дамыту мәселесі Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де маңызды. Қазір қазақ тілі жастар арасында танымал екенін байқап жүрмін. Мысалы, мен Алматыда 20 жыл бұрын жұмыс істегенде қазақша сөйлеп жүрген адамды сирек көретінмін. Біз қазақ тілді БАҚ кәсіби түрде өркендеп, дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Себебі, Қазақстанда қазір қазақ тілінде түрлі бағытта жұмыс істейтін 500-ге жуық редакция бар екен. Онлайн БАҚ-та жұмыс істейтін журналистер үшін кәсіби біліктілігін арттыру тетіктерін қарастыру қажет, – деді Уильям Мозер форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Басты пленарлық пікірталас қазақ қоғамына қандай медиа қажет деген тақырып аясында өрбіді. Отырысты Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев жүргізіп отырды. Жиында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев, «Tarlan.kz» сайтының бас редакторы Нұрғали Нұртай, «Nege.kz» сайтының бас редакторы Ерік Рахым және саясаттанушы Самат Нұртазалар сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.
–Қазақ баспасөзін алатын болсақ, бізде көп әңгіме бар. Екі әніміздің бірі «Мен қазақпын». Қазақ екеніңе күмәнданасың ба? Бір тоқтайтын заман болды ғой. Екінші әңгіме, біздің баспасөздің ішкі үдерістеріндегі жағдаят. Маған қазақ баспасөзінің иісі қалмаған болып көрінеді. Газеттер бір-біріне ұқсап, сайттар бір-бірінен айнымай кетті, – дейді белгілі қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым.
Жалпы, қазіргі таңда халық арасында интернет пен жаһандық цифрландыру ғасырында жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-ты алмастырып жатыр деген пікір бар. Осы мәселеге байланысты спикерлердің пікірлері әртүрлі болды. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев соңғы жылдары газетке сұраныстың төмендеп жатқанын баса айтты.
Елімізде газеттерге сұраныс төмендегені бәрімізге де мәлім. Бірақ, жаңа технологияларды бұған кінәлауға болмайды. Мұндай үрдісті Ұлыбританиядан байқауға болады. Мәліметтерді зерттеп көргенде олардағы таблоидтардың таралымы 40-тан 10 пайызға дейін төмендеген. Сондықтан, бұл әлемде болып жатқан жағдай. Мысалы, біз технологиясы дамыған деп білетін Жапонияда күніне екі рет шығатын газеттер бар екен. Олардың таралымы 1 миллионға жетеді. Яғни, ол газеттерге сұраныс бар. Сондықтан, технология газетті өлтіреді деп айту дұрыс емес, – дей келіп, газет тілшілері сараптамалық материалдарды көбірек жазуы керек деген байламды айтты. Себебі, кез-келген сайттарға болған жай туралы қысқа ғана хабар беріледі. Ал оның себеп-салдары, анық-қанығы туралы кеңінен жазылатын мақалалар тапшы дейді бас редактор. Жиын барысында Nege.kz веб-сайтының бас редакторы Ерік Рахым еліміздегі кейбір сайттардың кемшілігіне тоқталып, пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір сайттар дәстүрлі газеттер жасаған қателікті қайталап жатыр.
–Мысалы «Шыңғысхан қазақ па, жоқ әлде моңғол ма?» деген тақырыпты алайық. Мәселен осы бізге керек пе? Ол қазақ болсын, моңғол болсын, одан қазақ қоғамындағы мәселе шешіле ме? Біз неге қазақ тілінде экономикалық, саяси сараптама, талдау бермейміз. Осындай мақалалар жарық көрген кезде ғана газеттерге сұраныс болады, – деді Ерік Рахым.
Форумның екінші бөлігі «Digital дәуірдегі біздің медиа» деген тақырыпқа арналды. Сөз сөйлеген спикерлер жаңа онжылдықта табысты болу үшін медиа нарығының қазақ тілді сегментінде нені өзгерту қажет дегенді тілге тиек етті. Жиынды саясаттанушы Айдос Сарым жүргізді. Спикерлер қатарында «Internews Kazakhstan» аймақтық медиа кеңесші Асхат Еркімбай, «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмағұлова, «Media Holding «Atameken Business» ЖШС-нің бас директоры Қанат Сахария және ULYS» диджитал журналының бас редакторы Ержан Қалымбайұлы болды. Жиын барысында Асхат Еркімбай Орталық Азия елдеріндегі медиа тұтыну мен медиасауат бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижесімен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда БАҚ ретінде 540 онлайн-ресурс тіркелген. Осы тіркелген онлайн-ресурстардың 468-і қазақ тілінде ақпарат таратады.
–Кезінде онтүстікте ерінбегендердің бәрі газет ашып алды, қазір олар сайттар ашуда, бәсекелестік үлкен. Бірақ, олардың кемшілігі – бәрі бір-бірінен қайталайды, –
дейді Әйгерім Жұмағұлова, «Отырар» медиахолдингінің директоры. Әйгерім Жұмағұлованың айтуынша, медиахолдингте 100-ге тарта қызметкер жұмыс істейді. Медиахолдингке қарасты екі газеттің сайтында 170 мыңға тарта оқырман тіркелген. Жиында тұңғыш digital форматында жарық көретін «Ulys» журналының редакторы Ержан Қаламбайұлы да өз тәжірибесімен бөлісті.
Форум соңында халықаралық трендтер мен YouTube бейнеплат формасының әрі қарай дамуы туралы пікірталас өтті. Талқылауды танымал блогер, журналист Өркен Кенжебек жүргізді. YouTube платформасындағы қазақ тілді контент жасаушылардың ақша табуына бола ма деген сұрақ аясында Александр Аксютиц («Salem Social Media» бас директоры), Жанасыл Болатбек («Atameken TV» интернет-редакциясының бас редакторы), Сұңғат Өтеболатов (YouTube-блогинг академиясының негізін қалаушы, YouTube платформасының ресми серіктесі), Игорь Краус (Anima Book YouTube арнасының авторы), Әлішер Базарханов («ZTB media» бас директоры) сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, форум аясында Youtube блогтар академиясының негізін қалаушы, видео хостингтің ресми серіктесі Сұңқар Өтеболатов пен «Zertteu» ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары Ғалымжан Оразымбет және Шыңғыс Уәлиханның семинарлары болып өтті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар