Мектеп жанынан мұражай ашылды

Жас ұрпақтың бойында елжандылық сияқты абзал қасиеттерді дамыту мақсатында Жаңаесіл ауылындағы №32 орта мектептіңжанынан тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Мұражайдың ашылу салтанатына аудан әкімі аппаратының өкілдері, ауыл тұрғындары мен оқушылар қатысты. Іс-шараны ауыл әкімі Талғат Әбдуалиев құттықтау сөзбен ашып, игі бастаманың мән-маңызына тоқтала келе, мектеп ұжымына осы бастамалары үшін зор алғыс білдірді.

Мұражай екі бағытта жұмыс істейді. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағытында қазақтың мәдениетіне, салт-дәстүріне қатысты құнды жәдігерлер жинақталған. Экспонаттарды ауыл тұрғындары өздері әкеліп тапсырып, мектеп ұжымына осы бір игі істі жүзеге асыру жолында елеулі көмек көрсетті.
Екінші бағыт «Туған өлкеге, өскен ортаға, өмірлік құрмет» деп аталады. Бұл бөлімде ауыл тарихы мен мектеп тарихының жылнамасы фото суреттер бойынша берілген. Ауылдың алғашқы жатаған үйлерімен бірге, ауылдағы басты оқиғалар, оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мортық ауылының жұмысшылар бригадасымен кездесуі сияқты тарихи сәттер бейнеленген құжаттар қойылған.
Мектептің үздік шәкірттері мен елге белгілі тұлғалар, ауылдан шыққан ақын, жазушылар туралы деректер мен құжаттар да мұражай төрінен орын алған. Екі дүркін әлем чемпионы Алмас Сәрсенбаевтың жүлделері мен медальдары мұражайдың құндылығын одан сайын арттырып тұр. Мұражайдың басты ерекшелігі, арнайы бұрышына мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдары мен суреттері, соңғы технологияларға сүйеніп жасаған жұмыстарының қойылғанында.
Бұл мұражай мектеп директоры Талғат Құлмағамбетовтың басшылығымен және мектептің сызу, технология пәнінің мұғалімі Бакет Рақымжанованың іскерлігімен ұйымдастырылып отыр.
Халықтың тарихы мен мәдениетіне һәм әдебиетіне құрметпен қарау – әр буын өкілінің міндеті. Себебі, ұлы ғалымдарымыз айтқандай, өзінің тарихы мен тілін білмеген адам бәрін ұмытады. Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде жас ұрпақты ел құндылықтарын қастерлеуге баулу үшін еліміздің түкпір-түкпірінде осындай жұмыстар көптеп жүргізілуде. Ондағы мақсат пен мүдде бір. Ол – мектеп партасындағы әр оқушыны Отанымыздың патриоты болуға, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Бұл біздің парызымыз деп білеміз.
Жәзира БЕЙБІТҚЫЗЫ,
Жаңаесіл ауылындағы №32 орта мектептің мұғалімі.
Целиноград ауданы.

Суретте: мұражайда өткен іс-шарадан көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар