Құрметті ақмолалықтар!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні болып келген 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі деп жарияланған болатын.
Миллиондаған адамдарды қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алып, қайырымдылық пен кеңпейілділік танытқан қазақ халқына деген барлық ұлттар мен ұлыстардың ақ алғыстарын, шынайы сезімдерін паш еткен осы айтулы мерекелі күнмен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Бұл күн барша Қазақстанды мекендеген барлық ұлттардың бір-біріне деген қайырымдылығы мен достығы, сүйіспеншілігі мерекесі болып аталып, өтіп келеді. Бұл бейбітшілік пен сыйластық саясатының үстемдік құрып, қазақстандық патриотизмнің және түрлі мәдениеттердің үйлесім табатын күні.
Біздің тарихымыздың беттерінде ол алғыс сезімі жоғары моральдық құндылықтың бірі ретінде қалыптасқан. Елімізде орныққан ұлтаралық татулық пен достықтың, өзара түсіністіктің арқасында 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері жұдырықтай жұмылған біртұтас мемлекет болып қалыптастық. Бұл бүгінгі күні Қазақстанның мемлекеттік этносаясатының сенімді іргетасы және біздің ең үлкен артықшылығымыз болып отыр.
Қадірлі жерлестер!
Осы бір ерекше мәні бар айтулы мерекелі күні баршаңызға табыс пен игілік тілеймін. Бейбітшілік пен түсіністік, алғыс сезімі жүрегімізде мәңгі сақталсын!