Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай өлеңдерімен бірге өскен Алена - АРҚА АЖАРЫ

Абай өлеңдерімен бірге өскен Алена

Алена Солопова Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті. Белсенді жас университеттегі оқуымен қатар, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді дамыту орталығына төрайымдық етеді.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген орыс қызы зерлі Зеренді өлкесіндегі Троицк ауылында дүниеге келген. Бұл ауылда негізінен өзге ұлттың өкілдері тұрады. Мектеп те орыс тілді. Аленаның осындай ортада мемлекеттік тілді қалайша тез меңгеріп алғанына таңқалғанымыз рас. Одан қазақ тілін қалай үйренгенін сұрағанымызда: «Ұстаздарым білімді болды», – деп өзіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Толтыр Әбішева мен Сайран Лекерованың есімдерін ерекше атап өтті.
–Алтыншы сыныпта өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған аудандық тіл байқауында алғаш рет жеңіске жетіп, қазақ тілін одан әрі меңгеруге құштарлығым оянды. Сол жылдары облыстық байқауларға қатысып, қазақ тілінен білімімді жетілдірдім. Сөйтіп, алдыма республикалық байқауға қатысу мақсатын қойдым. Бірінші курста облыстық «Тіл – парасат» байқауының жеңімпазы атанып, республикалық байқауға жолдама алдым. Нәтижесінде осы додада облысымыздың намысын сәтті қорғап, үшінші орынға ие болдым, – деген Алена қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың отыздан астам өлеңін жатқа біледі. Жуырда Ақмола облыстық соты ұйымдастырған «Абай – би, Абай – заңгер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда да Алена Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін оқыды. Ақынның:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, –
деген өлең жолдары жастардың өмірлік шамшырағы болуы керек деп есептейтін бойжеткеннің спортта да жетістіктері жоқ емес. Жасына қарамастан, Алена Солопова паурлифтингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері және ұлттық санаттағы төреші. Азияның төрт дүркін, Қазақстан Республикасының он дүркін чемпионы атақтары бар. Спортшы қыз Біріккен Араб Әмірліктерінде, Моңғолия мемлекетінде өнер көрсеткен.
Осы арада, паурлифтинг ауыр атлетика спортының бір түрі екенін, онымен айналысу екінің-бірінің қолынан келе бермейтінін айта кеткеніміз артық болмас. Осындай батыл қадамға барып, онымен қоса халықаралық жарыстарда еліміздің абыройын қорғап жүрген Аленаға тек сүйсінуге болады. Былтыр ол оқудағы және спорттағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы қорының шәкіртақысына ие болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасына қатысты.
Аленаның алға қойған мақсаты зор. Биыл университеттегі оқуын тәмамдап, өз мамандығы бойынша, яғни, биология пәнінің мұғалімі болып мектепте сабақ бергісі келеді. Ал, қазір белсенді жас 1 наурызда Шымкент қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындық үстінде. Одан әрі Аленаны 1 мамырда Тайландта өтетін Азия және Океания чемпионаты күтіп тұр.
–Мемлекеттік тіл – менің тілім. Себебі, Қазақстан менің туған жерім, менің Отаным. Менің ойымша еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Бұл бәріміздің міндетіміз. Қазақ тілі – тәуелсіздіктің негізі. Мемлекеттік тілді өркендету баршаның ісі. Мен «Арман, еңбек ету, сенім» деген ұранды ұстанамын. «Армансыз адам – қанатсыз құс» деген қазақ мақалы тегін айтылған жоқ. Еңбек етпей, ешқашан мақсатқа жете алмаймыз. Нақты істермен еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек. Қазақстанның болашағы біз сияқты жастардың қолында, – деген Алена барлық жетістіктерін егемен еліне арнайтынын айтты. Белсенді жас мемлекетімізде жастарға көрсетіліп отырған қолдау үшін Президентімізге риза.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар