Біздің рухани қағбамыз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 9 ақпанда жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласы оның Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауының логикалық жалғасы іспетті болды, ұлы ойшылдың 175 жылдығын Алаш жұрты биылғы жылдың басты мерейтойларының маңыздысы ретінде қабылдады. «Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деген Мемлекет басшысының сөзінде аса терең астар жатқанын пайымдаймыз.

Бұған дейін Ұлы Хакім туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ, әлі де осынау мәңгілік тақырыпқа сансыз қалам тартылар, өйткені, әр ұрпақтың өз биігіне шыққаннан кейінгі өз айтары, өзіндік көзқарас танытуы заңды болса керек. Сондықтан, мектеп партасынан бастап өмір бойы осы қайталанбас тұлға әлемінен нәр алып келе жатқандықтан, оның киелі бейнесіне, тұңғиық шығармашылығына бір бас ию парыз деп есептедік. Рас, мен әдебиетші я философ ғалым емеспін, ғұламаның рухани мұрасына талдау жасау қолдан келе қоймас, біздікі сол мұраны қабылдағандағы тәнті болу, таңданыс пен әсер бөлісу ғана болар. Және осы ана тілімдегі қаламгерлікке бастау болған да Абайдың аруағы дер едім.
Мәселе мынада. Мен өзім орыс мектебін бітірген адаммын, техникумда да, университетте де орысша оқыдым, көп жыл орыс тілді журналист болып істедім. Аудандық орыс газетінде қызметте жүрген 1972 жылы Тәкен Әлімқұловтың Абай шығармашылығы туралы «Жұмбақ жан» атты 130 беттік қана кітабы жарық көрді. Міне, бәрі содан басталды!.. Авторды бұрын өзім сияқты орысша жазған қаламгер ретінде білуші едім, ал енді мына еңбегін қиналыңқырай-қиналыңқырай оқып шыққаннан кейін біраз күнім таң қалумен өткені есімде. Неткен ғажап тіл, неткен бейнелілік, оралымдылық, икемділік! Шығарманың өне бойы тұнып тұрған маржан, көздің жауын алатын кесте дерсің! Абайдың тіліне, оның ғажап сөз иірімдерінің қуатына, орыс мәдениетін білуіне таңдай қаға отырып, бір жерде Тәкеңнің өзі былай дейді: «Тіл – халықтың болмысы, ұғымы, иланымы, бастан кешкен дәуірлерінің шежіресі… Қазақ тілінің кейінгі ғасырларда көршілес елдермен қарым-қатынасынан байи түсуінде объективтік заңдылық жатыр. Ұлттық ұғымы ұлғайып, дүниеге көзқарасы кеңеюмен бірге тілдің ішкі заңы күшейді, оралымдығы артты» (110-111 беттер). Осы кітапты оқып шыққаннан кейін өзімнің туған тілімді, мұхит-тілімді, Абайдың тілін мен неге ол кісідей игеруге ұмтылмаймын деген санамда бір тылсым түрткі, дүлей күш пайда болды. Сол күш күні бүгінге дейін дамыл таптырмайды…
Мемлекет басшысы мақаласында былай дегені бар: «Дипломаттық қызметте жүргенде шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», деген сұрақ туындайды. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады». Осынау айтылған пікірге байланысты тарихымызда орын алған кейбір нюанстар ойға оралады.
Абайдың шығармалары сол замандардың өзінде түрлі әдеби кештер мен жиылыстар, сауық-сайрандар, басқа да іс-шаралар арқылы кеңінен таралған екен. Қазақ даласында саяхат жасап жүрген Шоқанның досы Г.Н.Потанин 1913 жылдың жазында бір ауылда сондай кештің біріне қатысқанын жазған. Кеште қазақ және орыс ақындарының өлеңдері оқылып, түрлі әндер шырқалыпты. Потанин орындаушылардың шеберлігіне таң қалғанын жасырмайды: «Қазақтар шынында да әнші халық. Олардың дауыстары таза, ашық, анық. Әншілер өз қабілеттерін халыққа керемет көрсете біледі. Әнші келген жерге әдетте кәрі де, жас та жиналады. Сондықтан, қазақтардың арасында бәрінен бұрын ән өнері мен сырнайда ойнау ерекше дамитын болады. Елу жылдан кейін қазақ әншілері мен сырнайшылары патша театрының сахнасына да шыға алады».
Мұндай кеш 1914 жылдың қаңтарында Семейдегі «Халық үйінде» де ұйымдастырылып, Абайдың қайтыс болуының он жылдығына арналса керек. Мұның алдында қала көшелерінде тиісті жарнама ілініпті. Ал, 1915 жылдың ақпанында Семейдегі «Приказчиктер клубында» өткен әдеби кеш Абай мен Ыбрайдың шығармашылығына арналған екен. Сол кеште бұл екеуіне қазақ халқының тарихындағы данышпан ақындар деген баға беріліпті. Іс-шара барысында Біржан мен Сараның, Жанақ пен Баланың айтыстарынан үзінділер көрсетіліп, Ыбырайдың өлеңдері оқылып, Абайдың әндері шырқалған. Кешке жас Қаныш Сәтбаев, Ыбырай Алтынсариннің баласы Ғабдулхамит, басқа да белгілі тұлғалар қатысыпты.
1945 жылы Абайдың 100 жылдығы тойланғаны белгілі. Бірақ, ол кездегі елдің жағдайы ауыр ғой – соғыстан кейінгі кедейшілік, жұтаңдық, аш-жалаңаш адамдар, жетім-жесірлер деген сияқты. Сондағы мерекеден есте қалғаны, бәлкім, Мұхтар Әуезовтың қатысқаны, халық алдында Қажымұқанның, әнші Майраның өнер көрсетулері ғана шығар…
Ал енді ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы ауқымдылығымен, жан-жақтылығымен, тереңдігімен халық санасында қалды. Бұл туралы да аз жазылған жоқ. Сол себепті қайталауға бармай, өзіме белгілі бір штрихты ғана айтайын.
Бұдан жиырма жылдай бұрын облыстық теледидарда істейтін жас қаламгер Толымбек Әбдірайым қазақтың біртуар азаматы, әлемге белгілі жазушы Роллан Сейсенбаевпен сұхбат-кітап жазып, маған сол шығарманың редакторы болудың, Роллан ағамен араласудың сәті түсті. Соның алдында ғұламаның мерейтойын өткізуге тарту ретінде Р.Сейсенбаев Абай қорына 850 мың доллар ақша аударғаны (Семейдегі атом полигонының қасіреті туралы жазылған шығармасы үшін үлкен қаламақы алған-ды, ұмытпасам Жапония тарапынан ғой деймін), «Абай әлемі» атты деректі фильм түсіргені, жұбайы Клара апай екеуі «Ғақлияны» орысшаға аударғаны, Лондонда және сол кездегі Ақмолада «Абай үйін» ашқаны үлкен оқиға һәм Абай шығармашылығын әлемге танытудың маңызды қадамы болып еді.
Сол тұстағы «Қырғызфильмнің» операторы, бішкектік Марс Омаровтың мына бір сөздері есте қалыпты: «Мен Лондондағы «Абай үйінің» ашылуын түсірдім. Қаланың дәл ортасында Қазақстан туының желбіреуін көру, Абай рухының асқақтауын сезіну ғажап дүние еді. Қазақстандықтар үшін бұл ерекше мақтаныш болатын. Ол кезде консулдық әлі жоқ-ты. Тұманды Альбиондағы «Абай үйі» мәдени-ақпараттық орталыққа айналып жүре берді».
Әлем жазушыларының, зияткерлерінің жаңа мәдениет ошағына қызығушылығы орасан зор болды, олар Қазақстан деген қандай ел, Абай деген кім екенін білу үшін «Абай үйіне» ағылып келіп жатты. Бұл үйде әдеби кештер, әлемнің мәдениет қайраткерлерімен кездесулер, Қазақстаннан келген делегаттармен жүздесулер жиі өтетін.
2000 жылы Роллан Сейсенбаев Қазақстанға қайтып оралып, «Халықаралық Абай клубын», әлем халықтары әдебиетін насихаттайтын «АМАNАТ» журналын, оның 200 томдық кітапхана-қосымшасын ашты. Мұның бәрі Абай әлемін дүние жүзіне танытуға бағышталған үлкен шаруа болды.
Ұлы Ұстазымызды орыс тілі арқылы әлемге танытуға аз-мұз болса да үлес қосқанымды қанағаттанғандық сезіммен айтқым келеді. 2014 жылы қазақтың танымал әдебиеттанушысы, сыншы, ғалым, көрнекті абайтанушы Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» атты көлемді кітабын орысшаға аударып, ол Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрді («Путь к себе. Поэтические традиции Абая»). Ғалымның монографиясы ұлы ақынның шығармашылығына арналған, автор оның ақындық мұрасын жан-жақты талдайды, Абайдың ұлттық мәдениеттегі орны мен маңызын кеңінен көрсетеді, қазақ әдебиеті классигінің туындыларына терең ғылыми баға береді. Еңбекте данышпан ақынның шығармашылық дәстүрлерінің барлық қырлары және ақындық жаңашылдығы ашылған, сондай-ақ, оның замандастары мен ізбасар шәкірттерінің шығармашылық лабораториясы айшықталады. Орыс реалистік мектебінің дәстүрлері және олардың Абайға, жалпы ХХ ғасырдың басындағы бүкіл қазақ әдебиетіне ықпалы ғылыми тұрғыдан қарастырылады.
Көрнекті жерлес жазушы Сәкен Жүнісов студент кезінде Мұхтар Әуезовтен Абайтану туралы көп дәріс тыңдаған. Сондағы жазған конспектілерін 1996 жылы «Санат» баспасынан шағын кітапша етіп шығарғаны бар. Ондағы аса қызықты деректермен, керемет ойлармен танысқанда университеттік курсты өзің бітіргендей әсер аласың. Мысалы, Абайдың Науаи, Физули, Сағди сияқты Шығыстың көптеген ақындарын білгені, олардың талантына бас игені мәлім. Мұқаң Гетенің «Шығыста жеті ақын бар. Ең төмені менен артық» деген сөзін келтіруді ұнатады екен (28-бет).
Абай еңбек жайын тіпті бағдарламалық бағыт етіп алған. Сері ағамыз М.Әуезовтың Абайдың бұл ұстанымы «Герценнің «Труд – наша молитва» дегеніне тура келеді. Еңбекті XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Абайдай жырлаған ешкім жоқ», деген сөздерін жазып алыпты (48-бет). Бұл бүгінде өркениеттің, экономиканың шыңына шығып отырған американдықтардың «Молись и трудись!» деген тіршіліктегі басты ұстанымымен, ұранымен астарлас. Ал енді Мемлекет басшысын тыңдасақ, ол кісі: «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті, қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді», – деп жазды. Келіспеу қиын. Ғұлама хакімнің Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған көптеген қанатты сөздерінің ішінде «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген сияқты тіркестері жиі кездеседі (20 томдық шығармалар жинағы, 7-том, 2006 ж.,155-бет).
Сол табанды еңбек пен ізденудің арқасында Абай озық орыс өркениетін де тамаша игерген. Оның орыс поэзиясын қазақшаға аударумен XIX ғасырдың 80-жылдарының басынан айналыса бастағаны белгілі. Бұл кезде ақын орысша тек жақсы оқып, түсініп қана қойған жоқ, өте жақсы жазатын болған. Мұның бір дәлелі ретінде Семей облыстық статистика комитеті хатшысының Императорлық география қоғамының Батыс Сібір бөліміне 1882 жылдың
6 шілдесінде жазған хатын келтірудің жөні бар:
«…Үлкен өкінішке орай, мен қазақ тілін білмегендіктен әрі уақытымның тапшылығынан бөлімге қазақ ертегілері мен аңыздарын жинау ісіне көмек көрсете алмаймын. Бұл мәселеде бөлім үшін Ибрагим Құнанбайұлы Өскенбаев (Семей уезі Мұқыр болысының билеушісі) аса пайдалы болады деп есептеймін, ол өте білімдар қазақ және де орысша жеткілікті түрде сауатты жаза алады. Хатшы Микоклин».
Орыс қаламгері һәм саяхатшысы Д.Львовичтің «Қазақ даласында» атты кітабында қызықты дерек келтіріледі. Бірде Торғай өңірінде аң аулап жүріп автор Нұрпейіс деген адамның үйіне тоқтайды. Кешкі астан кейін Абылай Қарабатыров деген қарт кісінің ән айтуын тыңдайды. «Мен Абылайдың ән салуына және домбыра тартуына тәнті болғанымды айттым, сосын бір көңілдірек ән орындауын өтіндім, – деп жазады автор. – Ол көп күттірген жоқ, аспабының құлақ бұрауын келтіріп алды да, қағып-қағып жіберіп жаңа бір әнді бастады. Бұл әннің де мақамы ауырлау көрінді, ал бірақ сөздері неткен ғажап еді! Шынымды айтайын, мен басында өз құлағыма өзім сенбедім… Қазақ ақсақалы «Татьянаның Онегинге хатын» шырқап отыр еді… Әннің тыңдаушыларға өте ұнағанын байқадым. Мен Абылайдан бұл әнді шығарған кім деп сұрап едім, ол жергілікті ақындардың бірі дей салды. Осынау шығарманың нақты авторын ол, әрине, білмейтін еді». (Д.М.Львович. По киргизской степи. Издание Девриена, Петроград. 1914, 46-бет).
Бұл дерек Айқын Нұрқатовта да, Сауытбек Абдрахмановта да бар («Төлтума мен телтума»).
Сөзіміздің басында айтқандай, Абай әлемі тұңғиық данышпандық, мәңгі өзіне тартып тұратын, адастырмайтын өркениеттік шың, ізгілік пен жасампаздыққа бағыт-бағдар сілтейтін маяк. Нағыз рухани қағба дер едім. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы «Қағба» ұғымын мұсылмандар құлшылық ететін аса қастерлі орындағы тұңғыш ғимарат деп түсіндіреді (5-том, 184-бет). Бұл сөз араб тілінен тура аударғанда «қадір мен құрмет қоршаған қасиетті жер» дегенді білдіреді екен. Яғни, Абай – ұлтымыздың қадірі, қасиеті, құрметтісі, Президент сөзімен айтқанда, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық». Тамаша айтылған!
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, журналист-жазушы, аудармашы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар