Оқымысты қыр қазағы – Мәмбетәлі Сердалин

ХІХ ғасырдың соңына қарай Қазақстанда ұлттық интеллигенция қалыптаса бастады. Сол зиялы қауымның қатарында Ресейдің орта және жоғары оқу орындарының түлектері – білімді жастарымыз болды. Уақыт өте келе интеллигенция арасында қазақ халқын патшаның езгісінен азат ету ойы туындады.

Ұлтшыл-империяшыл шенеуніктердің бассыздығы, қазақ ұлтының намысын таптау жаппай халықтың наразылығын тудырып, әбден ашынған халық ашық түрде қарсылық таныта бастады. Білімді әрі зиялы жастар патша езгісінен құтылудың заңды жолдарын іздестіре бастады. Ресми түрде Мемлекеттік Дума арқылы, партиялар құрып, газет пен журнал беттеріне жазып, халық пен билік басындағыларға үндеулер жолдады. Бұл жауапты әрі қауіпті миссияны халықтың ардақтылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Айдархан Тұлыбайұлы, Міржақып Дулатұлы және басқа да қазақтың білімді әрі талантты тұлғалары орындауға бел буды. Осылайша ХІХ-ХХ ғасыр тоғысында ұлттық интеллигенция қазақ даласында елдік жұмыстарын жүргізді.
Отарлы империя құлағаннан кейін қазақ жерінде Алаш Орда үкіметі құрылды. Оның басты мақсаты мен арманы – қазақ жерінде тәуелсіздікке қол жеткізу еді.
Алаш қозғалысы тек Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтың есімдерімен ғана емес, сонымен қатар, Көкше өңірінен шыққан тұңғыш экономист, заңгер Мәмбетәлі Сердалиннің есімімен (Шөбеков) де байланысты. Бүгін туғанына 155 жыл толатын Мәмбетәлі Сердалин жоғарыда аталған ел ардақтыларымен терезесі тең болғаны жөнінде жұртшылық біле қоймайтыны өкінішті. Өйткені, сол аумалы-төкпелі жылдары Мәмбетәлі Сердалиннің көптеген еңбектері мен жеке құжаттары жоғалып кеткен. Омбы қаласында техникалық училищеде оқыған кезде Бөкейхановтың саяси көзқарастары мен өмірлік позициясына Сердалиннің ықпалы тиді. Сол жылдардан бастап Әлихан Бөкейхановтың санасында патша езгісіне төтеп беру идеялары туындады.
Мәмбетәлі Сердалиннің қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек, ол 1865 жылы бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген. Сердалин ауыл молдасынан сауат ашып, одан кейін 1886 жылы Петербург университетінде білім алып жүрген жерінен «Жерлестер одағы» атты ұйымға қатысқаны үшін университеттен шығарылады. Кейін 1888 жылы Омбының техникалық училищесіне оқуға түседі. Алайда, ол жерден де саяси сенімсіз адамдармен байланыс орнатқаны үшін оқудан шығып қалады. Сөйтіп, ауылға оралады.
Бірақ та, қоғамдық өмірге белсене қатысып, үгіт-насихат
арқылы жер мәселесіне назар аударуды жөн көрді.
М.Сердалин өзінің демократиялық көзқарасымен Қазақстан мен Ресей шенеуніктерінің біразын «күйіп-пісуге» мәжбүр етті. Көкше өңірінің өнер және дін ғұламаларымен жақсы достық қарым-қатынаста болды. Олар халыққа танымал Науан Хазірет (Наурызбай Таласов), Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар еді. 1889 жылдан бастап 1904 жылға дейін М.Сердалин полицияның жасырын бақылауында болды. Полиция бақылауын алып тастағаннан кейін, сол жылы Мәмбетәлі Көкшетаудағы Степняк кен орнын пайдаланған ағылшын азаматы Штернбергке тілмаш болып қызметке орналасты. Келесі жылы, яғни, 1905 жылы Англияға сапар шегіп, дәлелденбеген деректер бойынша Англияда Ресейлік социал-демократиялық партияның съезіне қатысады. Сонда батыстық адамдардың стилінде белгілі фотосуретіне түскен еді. Сапардан оралған ол туған жерінде болып жатқан бассыздықты көріп, Столыпинның жер реформасына ашық түрде өз қарсылығын білдіріп, оған қарсы күрес жүргізді. Өзінің шұрайлы жерлерінен қуылған қазақтарға, езгіден әбден шаршаған халқына жаны ашып, патшаға бірнеше хат жазады. Омбы губернаторы аудиенциясына сұранады, алайда, нәтиже болмайды. Сөйтіп, әйгілі «патшаға жазылған алты жол арызы» үшін қуғындалады.
Жер мәселесі Сердалинді одан бұрын да толғандырған еді. Осы тақырыпта орыс тілінде көптеген еңбектер жазады. Мысалы, 1900 жылы «Аренда казахской земли», келесі жылы «Эксплуатация карсакпайских копей» кітаптары Омбы қаласында басылып шығады. Кейін «По вопросу об эксплуатации степей Западной Сибири путем скотоводческой культуры» баяндамасын жазып, осы еңбегі 1904 жылы Петербургте «Труды общества для содействия русской промышленности и торговли» атты 25 томдық жинақта жарық көреді. Нақты деректер бойынша ол мемлекеттік думада жер мәселесі туралы сөз сөйлеген қазақ.
1914 жылы М.Сердалин ұзақ науқастан кейін көз жұмады. Бір өкініштісі, оның жазбаша түрдегі еңбектерінің түпнұсқалары сақталмаған.
2017 жылы мен М.Сердалиннің өмірі мен қызметін зерттеген кезде үлкен ұлы Құсайынның қызы Күлмәнтай әжеймен танысқан болатынмын. Ол кісі ұзақ жылдар бойы бақылауда болған Сердалиннің өзінің саяси-қоғамдық қызметін тоқтатпағаны туралы бірнеше қызықты деректермен бөлісті. Мысалы, үкімет оған Омбы қаласына баруға ресми түрде тыйым салған. Сол себепті қоғамдық орындарда ашық түрде жүруге қауіпті болғандықтан, театр немесе қандай да бір кездесулерге паранджа киіп, әйел кейпінде барып, еш бір кедергісіз істерін тындырған. Көкше өңірінде Бұқпа тауы маңайында орыс достарымен жасырын түрде кездесулер ұйымдастырғаны жайында, жалпы, атасы туралы маған біраз әңгіме айтқан еді. Мәйіт басында тас қойылмағаны туралы естігенімді әжейге айтып көрген едім. Сонда әжей, тас қойылғанын, бірақ, атасының атына сай емес екендігін мұңая айтқан еді. Сонда зират басына барып осыған өзім көз жеткізуім керек деп жолға шығуға бел будым. Сол жылдың мамыр айында, жер құрғағасын Күлмәнтай әженің үлкен ұлы Тұрлыбек ағаймен бірге, Айыртауға бардым. Зираты қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Тереңкөл ауылынан 9 шақырым жерде тас жолдың бойында. Ақан серінің мазарынан 2,5 шақырым жерде орналасқан екен. Жергілікті адамдардың көмегі болмаса, табу мүмкін емес еді. Оған арнайы апаратын жол да, белгі де жоқ. Бізге сол жерді тауып, көрсеткен ауыл тумасы Аман Әбілұлы Ақан сері мен Мәмбетәлінің рухына құран бағыштады. Зираты тек темір тормен қоршалған, басындағы тасын немерелері Қарымсақ, Берік, Серіктің атынан қойған. Бірақ, тастағы жазудың бояуы әбден өңіп кеткен, оқуға қиын соқты.
2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының әкімінен Мәмбетәлінің жерленген жерін қоршауға, өзіне лайықты жақсы тас қоюға және басында құран оқытуға көмек сұрағанмын. Сонымен қатар, Саумалкөл ауылындағы мектептердің біреуіне атын беру туралы ұсыныс айтқан едім. Бірақ, оған осы уақытқа дейін ешбір жауап алған емеспін. Алаш Орданың 100 жылдығына орай, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде өткен «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» атты ғылыми-практикалық конференцияның қарарында Көкшетау қаласының әкімдігіне қала көшелерінің біріне Мәмбетәлі Сердалиннің атын беру туралы ұсыныс та айтылған.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Осыған сәйкес, өлкетану жұмыстарын жандандыру, жергілікті тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, тарихи әділетсіздікке байланысты ұмытылған тұлғалардың есімдерін жаңғырту қазіргі ұрпақтардың міндеті әрі борышы деп білемін. Тәуелсіз еліміздің жастары туған жердің тарихын білумен бірге, ел тарихында болған елеулі оқиғалардың қаншалықты маңызды екенін сезінуі керек деген ойдамын.
Осы мақаланы жазып болғанда, Күлмәнтай әжей өмірден озды деген суық хабар алдым. Бұл қаралы хабарды өз басым үлкен күйзеліспен қабылдадым. Әжейдің немересі Айжанның «апам сізді қайта-қайта сұраған еді» деген сөзінен кейін көңілім әбден босап кетті. Облыстық архив ұжымының және өзімнің атымыздан туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтамын. Мына мақаламен бірге ұсынылып отырған суретті Күлмәнтай әжей көзінің қарашығындай сақтап келіп, маған берген еді. Біртуар тұлғаның бұл суреті бұрын еш жерде жарияланбаған көрінеді.
Гүлмира РАМАЗАНОВА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің мұрағатшысы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар