Он бес бала! Бұл – ананың ерлігі!

Біздің бүгінгі әңгімеміз он бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген сексеннің сеңгіріндегі «Алтын алқа» иегері Зура Зәкарияқызы Мұхамеджанова туралы өрбімекші.

«Ананың омырауы кәусар бұлақ, құшағы бала біткен аңсар жұмақ», – деп шығыстың жарық жұлдызы Сағди айтқандай, сегіз ұл, жеті қызды дүниеге әкелген аяулы ананың құшағы қашанда ыстық. Ол қазіргі таңда Көкшетау қаласының тұрғыны. Бұрынғы Целиноград облысы Астрахан ауданы, «Астрахан» совхозында дүниеге келген. Кейін Әрнәш атты азаматқа тұрмысқа шығып, он бес баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп, оқытып, құтты орындарына қондырады. «Екі қолға бір күрек», – деп еңбек етуден қашпайтын ол балаларының қамы үшін екі жерде еден жуып, от жағушы болып та жұмыс істеген. Сол жұмыстардан алған 287 сом ақша мен үшін үлкен қаражат еді, – деген Зура Зәкарияқызы:
–Жолдасым Володар ауданы Қызыләскер ауылында 40 жыл ұстаз болып, тарих, география пәндерінен сабақ берген. Өмірінде шылым шегіп, не ішімдік ішіп көрмеген. Жүректен ауырды да, ота жасатқысы келмеді. Содан 1998 жылы ол 70-ке мен 60-қа толам деп отырғанда о дүниеге аттанып кетті. Екі дипломы бар, өзі бір сондай ұлағатты да парасаты мол жан еді. «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» демекші, өздеріңіз білетін қаламы қарымды журналист Қалымбек Мұхамеджанов біздің екінші ұлымыз. Несін айтайын, қарағым, балалардың бәрі де, Аллаға шүкір өмірден өз жолдарын тапты. Ұлым Ержан мен қызым Ақбидай осы Көкшетау қаласында шаштараз болып қызмет істейді. Басқалары да өз жолдарымен ұл-қыз өсіріп, ата-әже атанып, немере сүйіп отыр. Алла Тағала қайырлы етіп, қуанышпен, ойын-күлкіден айырмасын, – дейді батыр ана.
Еңбекпен есейген Зура Зәкарияқызы көп баламен 45 жаста зейнеткерлікке шығады. Десе де, оған қарамай, үйренген жұмысын қайта жалғастырады. Ол бізбен әңгіме барысында:
– Өзім жұмыссыз отырғанды ұнатпаймын, еңбек еткенді жақсы көремін. Атқа отырып, балшық та бастым. Ауыр жұмыс демедік. Құдайға тәуба. Міне, сексеннен асып барамын. Бір дәрігерге қаралып, екпе жасатып, болмаса, дәрі ішкен емеспін. Денсаулығым, шүкір жақсы. Жиын-тойдан қалмауға тырысамын. Қазақшам өз алдына, орысшаға да жетікпін. Сол денсаулықтың арқасында ұшаққа да отырып, шетте дем алып қайтамын. Балаларым – бақытым, – деген ана жас келіндерге ақылын айтуды да ұмытпады.
–Біз сияқты көп бала таппаса да, үлкенді сыйлауды ұмытпаса екен. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген. Теріс қылықтардан аулақ болса, әрбір үйдің үкілеп өсіріп отырған қыздары шылым шегіп, ішімдік ішпесе, басты байлық – денсаулықтың қадірі сол деймін, айналайын, – деп бір тоқтады.
«Алтын алқа» иегері атанып, сексеннен асқан аяулы ананың «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, арманы да жоқ емес. Елбасының қабылдауына кірген оған сол кезде «Астанадан үй аласыз ба?» деген жағымды ұсыныс та болған екен. Десе де, балалары Көкшетаудан алғанын дұрыс көреді.
Міне, сол 2006 жылдан бері 182-ші болып үй кезегінде тұрғаны жуырда өңір басшысының қабылдауына келгенде белгілі болды. Бұйырса, биылғы жылы пәтер кілті қолына тиетінін естіген Зура Зәкарияқызының қуанышында шек жоқ. «Сабырмен күтіп отырмын» деген оның бүгінде жапырағы жайқалған бәйтеректей 32 немересі және 18 шөбересі бар. Былтырлар әулеті тағы бір отбасымен толығыпты. Астанада жұмыс істейтін ең кіші ұлы Қоблан да үйленіп, немере сүйгізіпті. Кәрілікке бой алдырмауға тырысса да, Зура анамыз:
– Үлкейген кезде адам бала болады екен. Мен де соны сезіп жүрмін. Қазір Әмина қызымның қолында тұрып жатырмын. Бәрі де жеткілікті. Жыл басы Наурызда келетін көктем мерекесі, әйел-Ана, қыз-келіншектер мерекесі құтты болсын! – деп аналық ақ батасын берді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар