Дүниеде кім ардақты деп сұрасаңыз, әркім ең бірінші «Ана» деп жауап берері хақ. Өйткені, ана – тіршіліктің негізі. Ана – жүрек жылуын сыйлайтын ең аяулы жан. Осы орайда, сексен жастағы абзал анамыз «Алтын алқа» иегері Әсия Аққожақызының отбасымыз үшін орны ерекше екенін айтқым келеді.
Мен ол кісінің кіші келінімін. Кенже баласы Маратпен шаңырақ көтергенімізге биыл он екі жыл. Бес баламыз бар. Ең кіші балам Әмірханды былтыр желтоқсан айында өмірге әкелдім.
Енем Әсия Аққожақызы өте дана, ақкөңіл адам. Үйіміздің құт-берекесі де, қазынасы да өзі. Ол 1939 жылы қазіргі Бурабай ауданына қарасты Крупский ауылында дүниеге келген. Анамыздың бар саналы ғұмыры осы ауылда өтті. Осында атамыз Айтмұхаметке тұрмысқа шығып, он екі баланы дүниеге әкелді. Бүгінде солардан тараған Айнұр, Айсұлу, Сайранбек, Манарбек, Роза, Бақыт, Марат есімді жеті баласы елмен бірге бақытты ғұмыр кешуде.
Кенже ұлы Марат екеуіміз отбасын құрғаннан бері анамыз бізбен бірге тұрады. Балаларым әжелерін жанындай жақсы көреді. Қыздарым Сара, Томирис және Нарғыз кішкентайынан әжелерінің ертегісін тыңдап, сол кісімен бірге ұйықтайды. Балаларымның он саусағынан өнер тамған әжелерінен үйренерлері көп. Анамыз кезінде құрақ тіккен, киіз басқан.
Осындай өнерлі, шаруаға мығым адамның келіні болғаным үшін тағдырыма ризамын. Келін болып түскенде ақ батасын беріп, арқамнан қақты. Білмегенімді үйретіп, аналық ақылын айтудан жалыққан емес. Дана халқымыз «Ана ақылы – шырақ» деп тегін айтпаса керек, жолдасым екеуіміз бес баланың ата-анасы атансақ та, әлі күнге дейін анамыздың ақылына жүгінеміз.
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ардақты анамызға, жалпы барша әйел қауымына тілейтінім тек жақсылық. Анамыз ауырмай, сырқамай, туған-туыстың, немере-шөберелерінің ортасында бақыттың нұрлы шуағына бөленіп жүре берсін, деген ізгі тілегіміз бар.
Сымбат АХМЕТЖАНОВА,
көп балалы ана.