Көкшетау:
Қазақстан-Ресей өңіраралық XVII форумы – 2020
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдіктегі жиналыста биылғы жылдың күзінде Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі 17-ші өңіраралық форумына дайындық шараларын пысықтап, жауапты тұлғаларға қолға алынған барлық жобалардың уақытында, сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету тұрғысында нақтылы тапсырмалар берді.
Екі ел басшыларының қатысуымен өткелі жатқан бұл ауқымды шара аясында Көкшетауда бірқатар жобалар қолға алынып отыр. Олардың біразы қазірден бастап жүзеге асырылуда. Мұндағы ең басты мақсат өңіраралық форум шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты қаламыздың инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңартып, жолдарды жөндеуге барынша ұтымды пайдалану. Жиналыста осы мәселелерге тоқталған облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңіраралық форумға дайындалу және өткізудің іс-шаралар жоспарын орындау бойынша нақтылы атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауапты мекеме басшыларынан сұрады.
Алда Көкшетаудағы халықаралық әуежайдың қонақ үйі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, әуежайдың маңын көгалдандыру, қаладағы ескі көпқабатты үйлердің сыртын қалпына келтіру, республикалық маңызы бар жолдар мен қалаішілік көшелерді және аулаларды қалпына келтіру, форум туралы мәлімет беретін билбордтар мен сәулет нысандарын орнату сияқты бірқатар міндеттер тұр. Форум өткізілетін басты нысан «Болашақ» сарайының құрылыс жұмыстары туралы Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов айтып берді. Ол екі блогтан тұратын ғимараттың «А» және «Б» корпустарының құрылысы, сондай-ақ, Қопа көлінің жағажай аумағында автокөлік жолы мен көпір құрылысы қызу жүргізіліп жатқанын айтты.
– Алты айдан кейін форум өтеді. Дайындалуға уақыт аз қалды. Сондықтан, қазірден бас-тап жұмысты ширату қажет, – дей келе, облыс әкімі Ермек Маржықпаев жауапты тұлғаларға қолға алынған барлық жобаларды қатаң бақылауға алып, олардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.