Ұрпаққа ұлағатты мұра

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен «Әл-Фараби және оның рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, сөз сөйледі.

Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, лингвист, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әл-Фараби еңбектері мен философия-сы әлі күнге дейін адамзат игілігі үшін қызмет етіп келе жатыр.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына Жолдауында міндеттелген тапсырмалардың бірі Ұлы дала ойшылы Әл-Фарабидің 1150 жылдығын лайықты атап өту болатын. Бұл орайда, облыста 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда. Көкшетау қаласындағы ІТ мектебіне ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімін беру жұмыстары жүргізіліп жатыр дей келе,– облыс әкімі өз сөзін «нағыз данышпан – өз елін ұмытпаған адам» деген ойшылдың нақылымен аяқтады.
Осы орайда, Түркияның Анкара қаласындағы хажы Байрам Вели университетінің профессоры, ғалым Конуралл Ержиласун бей қазақ тілінде баяндама жасап, ғұламаның қазақ топырағынан түлегенін, оның шыққан тегі жайлы, сол кездегі тарихи-саяси жағдай туралы біраз мағлұматтар айтып өтті. Түрік ғалымының қазақ тілінде жасаған ғылыми баяндамасына тәнті болып, жиналған қауым ризашылығын білдірді. Отырардың киелі топырағынан нәр алған әлемдегі екінші ұстаздың рухына тағзым ету деген осы болар.
Бұдан әрі қазақ философиясына өзіндік зор үлесін қосып жүрген ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім сөз алып, ұлы ойшыл Әл-Фараби мен қазақтың бас ақыны Абайдың шығармалары арасындағы рухани үндестік, қазақ топырағынан шыққан бұл екі тұлғаның философиялық ойларының сәйкестігін, оларды тудырған халықтың рухының биіктігін тіліне тиек етті.
Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің араб тілі оқытушысы, философ-дінтанушы Кенжетай Досай, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің шығыстанушысы, филология ғылымдарының кандидаты Самал Төлеубаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымов та Әл-Фарабидің ұлағатты мұрасы жайлы терең қаузады.
Конференцияны шара модераторы Ғосман Төлеғұл қорытындылап, бүгінгі сөз болған мәселелердің мән-маңызын тағы бір елеп-екшеп өтті.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Б.ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар