Адам өмірінің пәлсапасы терең. Осы тереңдікті тұтқа еткенде ғана тұлға деңгейіне жету мүмкіндігі ашылады. Бұл қастерлі ғақлияны бойтұмар қылып, ғұмыр жолының темірқазығына айналдырған азаматтар тіршілік мәнін анық түсінеді. Бұл әсте оңай шаруа емес. Табандылыққа, ізденімпаздыққа, білім мен парасатқа, қауымға қызмет етудің түпкі мақсатына байланған сан қырлы сындардан жоғары тұра білу керек. Бағамдаған кісі өмірлік ұстанымы берік адамдардың діттеген тұғырдан көріне алатындығын байқар еді. Бұлар қоғам қол соғар азаматтар екендігі анық. Өзінің арман-мүддесін алға сүйреп, кең дария дүниеде тәлім төгер тұғырын тапқан жандар қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сәбит Байзақұлы Байзақовты да көру үлкен ғанибет.
Ғұмыр көшінде әркім әрқилы сапар бастайды. Торғай төріндегі Жанкелдин ауданының 9-шы ауылында туып, Ақсуат, Қаратүбек мектептерін бітірген ауыл баласы терең ой үстінде жүретін. Аузынан түспейтін аталы сөздің бірі – «Қара ормандай қалың елім…» болатын. Бұл аңыз-әфсана ауқымынан асып, халық арманының алаулы жалауына айналған тереңдіктегі тағлым еді. Ауыл арасында, өзен жағалай өсетін бұта, томар болмаса жайқалып өскен орманы жоқ жалпақ даланың баласы орман өсіруді армандапты. Мұны жүзеге асыруға барын салған. Мектепті бітірісімен, 1959 жылы Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсіп, диплом алысымен аталған білім ошағының орман таксациясы (өлшемдері) және орманшылықты қалыптастыру кафедрасына ассистенттік қызметке қалдырылды.
Мәселе орман өсіруде ғана емес еді. С.Байзақов түпкі мақсат «Қара ормандай қалың елімнің» салтанатына күш салып, тер төгуде екендігін дәлелдеген жан. Мұны ол саланы көркейтудегі салмақты қызметімен дәлелдей білді. Жас ғалым жоғары оқу орнының мұғалімдігі аса жауапты жұмыс екенін түсіне отырып, педагогтік қабілетін арттыруға күш салды. Оқытушының білімі мен шеберлігі біте қайнасқан уақытта ғана ол айтулы ұстазға айналатынын еш уақыт есінен шығарған емес. Оқыту әдістемелерін, жастар алдында сөйлеу мәнерін, студенттер арасында тәрбиелік жұмысты жүргізу түрлерін талмай үйренді. Сабақ мазмұнын күн сайын толықтыра түсіп, тыңдаушыларына жаңа материалдар мен ақпарлар беріп отыруды әдетке айналдырды.
Сәбит Байзақұлы ұстаз шеберлігінің бір ұшы жүйелі ғылыми жұмыста жатқанына ерте көз жеткізіп, мұғалімдік қызметке тұрған уақыттан бастап ғылыми ізденістер жасауға қызу кірісіп кетті. «Оқыта жүріп үйрену, үйрете жүріп оқу» оның өзекті кәсіби қағидасына айналды. Өзінің ғылыми жетекшісі, әрі кафедра меңгерушісі – көрнекті орманшы ғалым Тайжан Хамитұлы Тоқмұрзинмен бірлесе отырып, Кеңес Одағы бойынша алғашқылардың бірі ретінде ормандардың жер бетінде өсіп-өнетін қылқанды тармақтарының биологиялық массасының көбеюі мен қалыптасу заңдылықтарын зерттеп, оның мөлшерін анықтайтын тиімді әдістер тапты және осыған қажетті нормативтік-анықтамалық кестелер жасады.
Осы бағытта жиналған материалдар негізінде 1969 жылы «Қазақстанның қарағайлы ормандарында ағаштың қылқан жапырақты тармақтарының өнуі мен қорлануының кейбір заңдылықтары және оларды өнеркәсіптік пайдаланудың мүмкіндіктері» деген тақырыпта диссертация қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты дәрежесіне, ал 1972 жылы доцент атағына ие болды.
Сәбит Байзақұлының бұл еңбегін оның бірінші сарапшысы – Қырғыз КСР Ғылым академиясының Орман және жаңғақ өсіру ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор П.А. Ган «Жинаған материалдарының мөлшері, оларды талдауының тереңдігі, диссертацияның мазмұны мен мәні, пайдаланған әдістемелері жағынан кандидаттық жұмыстарға қойылатын талаптардан анағұрлым артық», – деп бағалады.
С.Байзақұлы өз ізденістерін әрі қарай, жаңа ынтамен жалғастыра түсті. Оның бұрынғы жұмыстарын жүргізу барысында жинаған білімі мен тәжірибесі кейінірек бұрынғыдан да күрделі және көптен шешімі табылмай келген орман қорының кадастрлық-экономикалық бағасын анықтау проблемасының нақты шешімдерін жасауға көмектесті.
С.Байзақұлы орман мен орманды жерлердің сандық, сапалық және ақшаға шаққандағы құндылығын табудың методологиялық жағынан біртектілігін дәлелдеді, оларды анықтаудың принциптерін белгілеп, методикалық жолдарын ұсынып, іске асырды.
С.Байзақұлы қол жеткізген ғылыми нәтижелерін «Орман қорын кадастрлық-экономикалық бағалауды жетілдіру жолдары және оны орманды қайта жаңғырту процесін басқару ісінде қолдану» деген тақырыпта жазылған диссертациясында жинақтап, оны 1987 жылы Ленинградтың С.М.Киров атындағы орман-техникалық академиясының ғылыми кеңесінде сәтті қорғап, экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
Осы тұста мына бір мәселеге назар аударған жөн. Бұл жұмысты қорғау мерзімі орталықтың Алматыдағы желтоқсан оқиғасын (1986 ж.) асқындырып, оны «Қазақ ұлтшылдығының» нәтижесі деп танып, шиеленісті күшейтіп жіберген кезге сәйкес келді. Осыған орай, кейбіреулер қарсылық жасауға тырысып бақты. Бірақ кеңес мүшесі, Ленинградтың ғылыми интеллигенциясының аға буынының өкілі, орман экономикасы ғылымының ірі теоретигі, әрі корифейі, профессор Тимофей Сергеевич Лобовиков алдыңғылар қатарында сөз алып: «Мен Сәбит Байзақовтың диссертациясын оқып шықтым. Міне бүгін өз аузынан тыңдадым. Оның сынайтын жерлері жоқтың қасы. Мейлінше жақсы істелген жұмыс. Ізденушінің сұрақтарға берген жауаптары мен салмақты сөздерінен, ұстамды қалпы мен сабырлы мінезінен оны біздің арамызға қосылған ірі ғалым ғана емес, үлкен интеллект иесі деп есептеймін. Сонау қазақ даласының түкпірінде туып, терең экономикалық ой түйіндеген осы азаматтың жұмысына да, өзіне де таңданбауға болмайды. Диссертанттың өте күрделі мәселені біз секілді қайнаған ғылыми қауымның ортасында емес, шалғайда жалғыз жүріп таңдап алып, одан үлкен нәтижеге жеткеніне бәріміз қуануымыз керек. Басқаша айтқанда, бұл жұмысқа қиянат жасау артықшылық. Оның деңгейі өте жоғары екенін, әрі алдымызда тұрған авторының да мүмкіндіктерінің молдығын мойындаған жөн», – деп ғылыми кеңесті сабасына түсіргені қазақ ғалымдарының абыройын өсіре түсті.
Профессор Лобовиков негізсіз сөйлемейтін, аузы дуалы кісі екендігін көрсетті. С.Байзақұлы үлкен сыннан өтіп, тынымсыз он сегіз жыл жүргізген жұмысы бекітіле сала, кәсіби өрлеу жолына түсті: профессор атағын алды, өзі оқып бітірген орман шаруашылығы факультетіне декан болып сайланды. Ол орманшы ғалымдар мен жоғары оқу орындарының республикааралық байланыстарын күшейтті. Алматыда бүкілодақтық оқу-әдістемелік форум өткізді. Осы секілді қажырлы еңбегі мен ғылыми ізденістерінің арқасында С.Байзақұлы біздің республиканың ғана емес, бүкіл Орталық Азия орманшыларының, жоғарғы орман білімі мен ғылымының көрнекті өкілдерінің біріне айналды. Ол орман экономикасы бойынша осы өңірдегі бірінші және әлі күнге дейінгі жалғыз ғылым докторы.
Сәбит Байзақұлының табысты ғылыми-педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметі республикамыздың ғылыми жұртшылығы мен мекемелері жетекшілерінің назарына ілікті. Ол 1991 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым Академиясының мүше-корреспонденті және Бас ғалым хатшысы болып сайланды. Ал, 1994-1996 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының шақыруы бойынша оның Бас ғалым хатшысының міндетін атқарды. Әрі сол кездерде Қазақ ауыл шаруашылығы Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының мүше-корреспонденті және академигі болып сайланды.
С. Байзақұлының аталған мекемелердегі қызметі олардың үлкен өзгерістерге түсіп, қайта құрылып жатқан кезіне сәйкес келді. Мысалы, ҚазАШҒА ВАСХНИЛ-дың Шығыс бөлімінің негізінде жаңа ғана ұйымдастырылып, ал, Қазақстан Республикасының ғылым академиясы Ұлттық мәртебе алып жатқан еді. Сол секілді Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті де С.Байзақұлы қызметке шақырылған мезгілде екі жоғары оқу орнының негізінде жаңадан құрылып, бес жылдан соң Ұлттық мәртебеге ие болған.
Міне, осындай жағдайда С.Байзақұлы екі академия мен аграрлық университеттің жұмыстарын екі рет жаңа деңгейде қайта қалыптастыруды ұйымдастыруға атсалысты. Білікті ғалым Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін 1993-1995 жылдарға және 2000 жылға дейінгі кезеңде дамытудың концептуалды бағдарламасын, «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» Заңын, орман Кодексінің 1993 және 2003 жылдарғы нұсқаларын дайындауға қатысты.
Қазіргі күні С. Байзақұлы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Орман ғылыми-инновациялық институтының директоры.
С. Байзақұлы әртүрлі 235-тен аса ғылыми-әдістемелік еңбек, оның ішінде 9 монография, 6 орманшылық-анықтамалық кітап, 2 оқулық және 3 оқу құралын жазды. Оның «Орман қорын экономикалық бағалау», «Қазақстанның ормандары мен орман шаруашылығы: жағдайы, дамуы, бағалау әдістері», «Қазақстан ормандары мен орман шаруашылығын тұрақтандыруды басқарудың келелі мәселелері», «Ертіс өңіріндегі орман өсірудің инновациялық технологиялары» атты көрнекті еңбектері республикада орман шаруашылығы саласының ғылыми-практикалық негіздерін күшейте түсуге қосылған үлкен үлес болып есептеледі. Сәбит Байзақұлы халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, Қазақстанда орманшылықтың жоғары білімінің даму процестерін қамтитын «Қазақстандағы жоғары орман біліміне 60 жыл» деген кітап шығарды. Ал, ғалымның авторлық ынтымақтастықтағы «Қазақстанда екпе орман өсіру» деген екі томдығы республика бойынша жоғары оқу орындарына арналған алғашқы оқулық. Осы еңбегі үшін ол 2009 жылы академик Н.А.Бараев атындағы бірінші дәрежелі ғылыми сыйлыққа ие болды. Ғалым бұл сыйлықты екі рет алған.
Академик Байзақов орман шаруашылығы саласына жоғары білімді мамандар мен ғалым кадрлар даярлауға да үлкен үлес қосты. Одан тәлім алған оқушылардың көбі ірі ғалым не өндіріс жетекшілері ретінде Қазақстан мен Қырғызстанда, Ресей Федерациясы мен Өзбекстанда, ТМД-ның басқа да елдерінің орман шаруашылығы кәсіпорындарында, жобалау, ғылыми-зерттеу институттарында, кәсіби орта және жоғары оқу орындарында абыройлы қызметтер атқаруда. Бір назар саларлығы, еліміздегі екі аграрлық университеттің педагогтары түгелдей дерлік С.Байзақовтан дәріс алғандар.
Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесінің, бірнеше ғылыми журналдардың редакция алқасының мүшесі, Орталық Азияға ортақ орман шаруашылығы ғылымдарының үш бірдей мамандықтары бойынша кандидаттық диссертациялар қорғалатын, республикамызда ондаған жылдар жүйелі жұмыс істеп тұрған жалғыз диссертациялық кеңестің ұйымдастырушысы және оның төрағасы болды. С.Байзақұлы 5 ғылым докторы мен 12 ғылым кандидатын, 2 философия докторын даярлады. Басқа да ондаған жастардың ғылыми ізденістер жүргізуіне ақыл-кеңес, әдістемелік жәрдем берді.
Сәбит Байзақұлының ғылыми-редакциялық тәжірибесі де өте мол. Ол ғылыми академиялар мен аграрлық университеттің жыл сайынғы ғылыми-зерттеу және әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарының қорытынды есептерін жинақтауды қолға алып, жеке кітап ретінде шығарып отыруды қолға алған. Олардың жалпы саны қазір он бестен асады.
Академик С.Б.Байзақов нарыққа көшу жылдары ғылыми ізденіс мақсатында Бельгияның, Германияның, Израилдің, Францияның, Қытайдың, Түркияның, Польшаның, Чехияның, Ресейдің және Украинаның жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу орталықтарында болып, кеңестік орман шаруашылығын жаңа жағдайға икемдеу, орманда өсіп тұрған ағаш түрлерінің, оларды кесіп, ағаш материалдарға айналдырғаннан кейінгі кездегі құнын анықтау сияқты мәселелерін салыстырмалы түрде терең зерттеді. Салық кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынды. Соның арқасында соңғы жылдары облыстар бюджетіне жылына барлығы 700-800 миллион теңгеге дейін қосымша қаржы түсіп тұратын болды. Сәбит Байзақұлы бұл бағыттағы ойларын 2010 жылы жарық көрген «Қазақстан орман шаруашылығының ғылыми-инновациялық басымдылықтары» жинағына енгізді.
Сондай-ақ, ол Халықаралық GIZ, ELD, GEF, UNDP, ICARDA бағдарламалары шеңберінде және БҰҰ қолдауымен әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырған зерттеу еңбектерін жазды.
С.Байзақұлын мамандығына тығыз байланысы бар орман шаруашылығы мен өндірістерінің қазақ даласында пайда болуының тарихы да қызықтырады. Сонымен бірге, өз замандастары мен республикаға белгілі тұлғалар туралы да ой толғайды. Мысалы, республикалық газеттерде профессор С.Ә.Әбділдиннің, академик Р.Е.Елешевтің ғылыми-педагогтік өсу жолдарын аша түсетін бағалы мақалалар, академик К.Ә. Сағадиевтің, ҚР халық әртісі Ә.Б.Боранбаевтың өмір жолдары шебер суреттелген очерктер жазды.
С.Байзақұлының әкесі 1943 жылы, ол 2,5 жас, ағасы Сайлау 5,5 жастағы кезінде, ал қарындасы Рақыштың туғанына екі-ақ күн болғанда Қызыл Армия қатарына алынып, сол жылдың күзінде үлкен ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Сондықтан, оларды тәрбиелеп, өсірудің бүкіл тауқыметі аналары Жібектің мойнына түсті. Асыл ана өз міндетін абыроймен орындады: үш баласын да оқытты, жоғары білім әперді, үйлендірді және олармен бірге ұзақ жылдар бақытты өмір сүрді.
Сәбит Байзақов пен жұбайы Светлана Жаңабайқызы төрт бала тәрбиелеп өсірген, немерелерін, жиен-жиеншарларын еркелетіп отырған үлгілі отбасының ұйытқысы. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының, «Құрмет» орденінің, көптеген медальдардың иегері.
Бүгінгі күні салиқалы сексен жастағы Сәбит Байзақов тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерекке айналған тұлға. Ол орман әлемінің ғана емес, қазақы болмыстың тамыршысы ретінде бағаланатыны шәксіз. Бұл өмір мәнімен өрілген ақыл-парасат пен жасампаздық еңбектің жемісі екендігіне қуанамыз. Ерекше пайымдағы Алаш арысының шыққан биігі өзіне жарасады!
Болат Мұқанов,
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақ ҰҒА құрметті академигі, Бурабай ауданының құрметті азаматы.