Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір ғасыр бойы өлке тарихынан сыр шерткен музей - АРҚА АЖАРЫ

Бір ғасыр бойы өлке тарихынан сыр шерткен музей

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі облысымыздағы көне мәдениет мекемелерінің бірі. 1920 жылдың 1 тамызы күні көрнекі құралдар музейінің меңгерушісі болып педагог, ғалым И.С.Хохлов тағайындалған-ды.
Көкшетау уезінде жүргізілген алғашқы тарихи-өлкетану зерттеу жұмыстары Иван Степанович Хохловтың есімімен тығыз байланысты еді.

Музейдің алғашқы қоры қала мектептерінде жинақталған тарихи маңызы бар 130 заттан құралып, олар алғашында білім беру бөлімі бөлмелерінің біріне қойылған екен.
1922-1928 жылдар аралығында біздің өңірімізде жүргізілген бірқатар археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген құнды заттар табылып, ол артефактар еліміздің ірі археологтарының, соның ішінде КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі А.А.Спицын, антрополог, профессор В.В.Бунак, профессор М.П.Грязнов сияқты мамандардың назарына ілікті. Кейбір табылған артефактілер Санкт-Петербургтегі Эрмитажға да тапсырылыпты.
Алғашқы жылдары музей қорының жинақтамаларын толықтыру жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Осыдан жүз жыл бұрын музей экспозициясына облысымыздың әр жерінен табылған мамонт сүйектері, көне монеталар, қазақ хандығы кезеңіндегі батырларымыздың сауыт-саймандары, түркі қағанаты дәуірінің ескерткіші – балбал тастары қойылған делінеді. Музей қорында әлі күнге дейін сол алғашқы жәдігерлер сақталып, бірегейлері музей экспозициясына ұсынылды. Бұл – кәсіби музей қызметкерлерінің бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарының жемісі.
Ғасырлық тарихы бар музей осы кезеңдерде бірнеше мекен-жайда орналасқан еді. Әуелгі қонысы бір бөлме болса, кейін жеке бөлінген төрт бөлмелі үйге көшті. Бұл ғимарат кейін, яғни, 1974 жылы Көкшетау қаласының орталығындағы қазіргі қолданыстағы ғимаратқа айналды. 1904 жылы салынған бұл екі қабатты музей ғимараты қазіргі таңда мемлекеттік қорғаудағы тарих және сәулет ескерткіші болып саналады.
Революцияға дейін ғимарат көпес Геннадий Францевич Шмурлоға тиесілі болған. Кеңес үкіметі кезеңінің алғашқы кездері бірінші қалалық Совдеп, кейін Айдабол спирт зауытының филиалы, балалар емханасының стационары, облыстық кеңестің атқару комитеті орналасқан. Музейдің алғашқы реконструкциясы 1973-1974 жылдары жүргізілсе, жартылай реэкспозициялар 1980-ші, 1990-шы жылдары жасалған екен.
Көкшетау қаласы Ақмола облысының облыс орталығына айналуына байланысты 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап музей Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі мәртебесіне ие болды. Осылайша облыстық музейдің ауқымды қайта жөңдеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген. 2018 жылы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын, оның жетістіктерін және Елбасы Н.Назарбаевтың ауқымды тарихи рөлін көрсететін «Елбасы және Тәуелсіздік» заманауи тарих залы, сондай-ақ, Бурабай аумағында энеолиттік дәуірді толығымен ашатын «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейі ашылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру аясында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің реэкспозициясы өткізілді. Жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып құрылған жаңа экспозициялық залдарда жәдігерлерді (сөрелер, диорамалар, инсталляциялар) дәстүрлі көрсетумен қатар келушілерге ыңғайлы болуы үшін мониторлар, сенсорлық моноблоктар жұмыс істейді, сондай-ақ, музейде алғаш рет QR кодтар орнатылды.
Жаңа экспозиция біздің өлкеміздің тарихы мен мәдениетін әр қырынан аша түсті. Ондағы табиғат залы, экожүйелерді қолдана отырып, ландшафтық көрсету әдісіне сәйкес жасалған. Ал, «Табиғи тарих» залы жердегі өмірдің даму кезеңдерін, ежелгі дәуірдегі өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы материалдарды көрсетеді. Сондай-ақ, «Ұлы Дала өркениеті» атты залда «Архео-логия», «Орта ғасыр», «Этнография», «Абылай хан» бөлімдері қазақ халқын көшпелі өркениеттің бір өкілі ретінде таныстырады, өйткені, Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығы мен салт аттылық мәдениетін сыйлады, мұнда этнос өмірі, оның шаруашылық-мәдени әдет-ғұрыптары, өлке археологиясы мен этнографиясы бойынша үздік коллекциялар ұсынылады.
XVIII ғасырдағы қазақ тарихындағы алтын ғасыр – Абылай хан билігіне арналған экспозиция ерекше орын алады. «XIX ғасырдағы Ақмола өлкесінің тарихы» атты зал XIX ғасырдағы өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінен, сондай-ақ Көкшетау және Ақмола қалаларының пайда болуынан сыр шертеді. Оған қоса, «Ақмола облысының XX ғасырдағы тарихы» залында Ақмола облысының тарихында көрініс тапқан жарқын, кейде драмалық оқиғаларға толы XX жүзжылдықтың маңызды тарихи аспектілері баян етіледі. 2018 жылы ашылған «Елбасы және Тәуелсіздік» заманауи тарих залы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын, оның жетістіктеріндегі Тұңғыш Президенттің ауқымды тарихи рөлін айқындап береді.
Бүгін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі біздің өлкенің мәдени-білім беру орталығына айналып отыр. Бай қор жинағы жыл сайын жаңа коллекциялармен толықтырылады және ол бүгінгі күні 83 000-нан астам жәдігерлерден тұрады. Музей қызметкерлері жыл сайын археологиялық-этнографиялық экспедицияларға шығады, көптеген ғылыми жобаларды жүзеге асырады. Облысымыздың мәдениет, білім, медицина, спорт салаларының мекемелерімен тығыз байланыста жұмыстар атқарып, өңірлік, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізеді және ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында көптеген ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізеді. Музейдің «Музейге жәдігер сыйла» акциясы арқылы қала мен облыс тұрғындары тарихи маңызы бар заттарды музей қорына тапсырып, өскелең ұрпаққа тарихымызды насихаттауға септігін тигізе алады.
Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамына жеті аудандық музейлер кіреді. Олар Атбасар тарихи-өлкетану музейі, І.Есенберлиннің әдеби музейі, Маринов, Ерейментау, Степногор, Щучинск тарихи-өлкетану музейімен қатар, Бурабай кентінің тарихи музейі, яғни, «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейі. Музей барлық облыс аумағын толығымен қамтып, олармен жұмыс жасау арқылы өзінің облыстық музей мәртебесін дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, өзге республикалық, халықаралық музейлермен жұмыс атқарып, тәжірибе алмасады. Музейдің бүгінде, заманауи талаптарға сай, жедел ақпарат тарату құралдарына айналған әлеуметтік желілерде жеке парақшалары, туристердің сұранысына ие болған облыстық және аудандық музейлердің арнайы виртуалдық 3D турымен жабдықталған өз сайты бар.
Міне, осындай беделі жоғары, кәсіби мамандары мол, бір ғасырлық тарихы бар Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде қызмет атқарып, өзімнің білімімді әрі қарай шыңдап, музей ісіне аз да болса септігімді тигізіп келе жатқан өз өміріме ризамын. Сөз соңында мерейлі жылымызға жоспарланған үлкен жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, музей дәрежесі асқақтай берсін дегім келеді.
Айгерім АЙДАРБЕКОВА,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар