Ғибрат

Бурабай – ғұмырының куәгері

Үстіміздегі айда еңбек ардагері Әлжан Шәшкенов мерейлі сексен жасқа келді. Бурабайдың баурайында өсіп, бар саналы ғұмырын осы өлкеде еңбекпен өрнектеген ел ағасы жайында қалам тербеуді жөн санадық.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, кейіпкеріміз Бурабай ауданының тумасы. Нақтырақ айтсақ, «Ұрымқай» кеңшарына қарасты Ынталы ауылында 1941 жылы дүниеге келген. Осында механизатор болып 40 жыл табан аудармастан еңбек еткен.
– Ол кезде «Ұрымқай» кеңшары дүркіреп тұратын. Миллионер шаруашылықтың бірі болды. Гектарына 20-25 центнер бидай алатынбыз, – дейді ардагер егіс алқабында қажырлы еңбекпен өткізген жылдарын еске алып.
–1958 жылы ауыл шаруашылығы училищесін бітіргеннен кейін бірден елге келіп, еңбек жолымды бастадым. Одан кейін әскерге шақырылып, Ленинградта, одан әрі екі жыл Мурманск облысында Отан алдындағы борышымды өтедім. Біздің кезімізде әскер үш жыл болатын. Ауылға келгесін зейнеткерлікке шыққанша бұрынғы жұмысымды жалғастырдым, – деген Әлжан Шәшкенов үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, оның кеудесінде «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды.
Біздің кейіпкерімізді айналасындағы жандар өте жауапты, еңбекқор азамат, қысылған шақта арқа сүйеуге болатын адал дос, отбасына қамқор, абзал әке ретінде таниды. Осы арада Әлжан атаның қарымды қаламгер, кезінде «Көкшетау правдасы» газетінде қызмет еткен белгілі журналист Бақыт Шожанқызының туған ағасы екенін айта кеткеніміз артық болмас.
Өмірде ер-азаматтың міндеті «тал егу, үй салу, бала өсіру» десек, Әлжан Шәшкенов тамыры тереңге жайылған бәйтерек деп нық сеніммен айта аламыз. Осыған әңгіме барысында анық көз жеткізген едік. Елу жыл отасқан адал жары Ақжарқын Сәкенқызы екеуі алты баланы тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Ол кісі де ақжарқын десе ақжарқын, ел-жұртқа сыйлы аяулы әжелердің бірі. Қазақы тәрбие берген балаларының бәрінің жоғары білімі бар. Үлкен қыздары Нұргүл Нұр-Сұлтан қаласында мұғалім болып істейді. Нұриләсінің мамандығы кітапханашы. Осы қызының кезінде Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында директор болып абыройлы қызмет атқарғанын қария мақтанышпен айтып өтті.
Ал, үшінші қызы Алмагүл бүгінде Ұрымқайда мұғалім болып еңбек етеді. Төртінші қыздары Арнагүл де әпкелерінің жолын қуып, ұстаздық жолға түскен екен. Тек, Дәмегүлі бала кезінен ақ халат киіп, дәрігер болуды армандапты. Көп балалы абзал әке қызының бетінен қақпай, қалаған оқуына түсуіне бірден келісімін бергенін айтады. Ана мейіріне қанығып, әкенің жылуына сусындап өскен қыздарының қазір бір-бір үйдің ұйытқысына, отанасына айналып отырған жайы бар.
Бүгінде Әлжан ата жұбайы екеуі Көкшетау қаласында ұлдары Талғаттың қолында тұрады. Қарияның ұлы Көкшетау техникалық институтында әскери қызметкер. Ал, келіні Көгершін осы жоғары оқу орнында курсанттарға математика пәнінен сабақ береді.
–Айсұлтан және Айым есімді екі немерем бар. Осы құлындарымды балабақшаға апарып, алып кетемін. Соңғы кездері жұбайымның денсаулығы аздап сыр беріп жүр. Аяғын баса алмайды. Көбінесе соның қасында отырамын. Осыдан екі жыл бұрын Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесіне мүше болып кірген едім. Ара-тұра сонда барып, замандастарыммен дойбы ойнап тұрамын, – деген Әлжан қарттың әңгімесінен отбасына, жақындарына деген қамқорлықты анық аңғарғандаймыз. «Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай» демекші, көпті көрген ақсақалдың бізбен әңгімесінде бүгінгі қоғамымызда орын алып жатқан кемшіліктерге қатысты айтқан пікірі де әбден орынды.
–Бұрын орысша сөйлейді деп жастарды кінәлаушы едік. Енді, ата-әжелердің немерелерімен орысша сөйлескенін көргенде, тіпті жағамды ұстадым, оларға қарадай жаным ашиды. Өз балаларыма, немере-жиендеріме ана тілімізде сөйлеңдер деп ылғи айтып отырамын. Ана тіліңді білмесең, ұлтыңа деген жанашырлық қайдан болсын? Әр қазақ өз бала-шағасына қазақ тілін үйретуді міндетім деп білуі керек. Тағы бір көңілім толмайтын жайт, осы күні мектептердің кәдімгі қағаз күнделікті пайдаланбайтыны. Бұрын ұстаздар баланың оқуында, мінезінде қандай кемшіліктер барын күнделікке жазып отыратын. Ал, қазір немене? Техника заманы деп, бәрін электронды жүйеге көшіріп жіберді. Әрине, заман көшінен қалуға болмайды. Бірақ, жылдар бойы қолданып келген жақсы дүниелерді де біржола ысырып тастауға болмайды. Баяғыда бұзықтық жасаған оқушының тәртібін ата-анасын шақыртып, ұстаздар кеңесінде қарайтын. Ал, қазір ұстаз балаға қатысты теріс пікір айтса, ата-аналар бірден беттен алады. Жастарға кітап оқыңдар, жоғары білім алып, еңбек етіңдер дегім келеді. «Еңбек түбі – береке» деген нақыл тегін айтылмаған. Адам еңбекпен ғана көркейеді, еңбектің арқасында ғана жетістікке жетеді, – деген ақсақалдың сөзінің жаны бар. Адам баласы қашанда ар-ұятты ойлап, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетіп, адамгершілік қасиеттерді бәрінен биік қоюы тиіс.
Сексен жастағы Әлжан қарияның өмірлік ұстанымы осындай. Шынында да әркім мәніне жетіп, сүйсінерлік ұстаным емес пе?!.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар